Климаттың өзгеруі – табиғаттың қаққан дабылы

Су – тіршілік көзі

Бүгінгі таңда климаттың өзгеруі тек табиғаттың емес, бүкіл адамзаттың өзекті мәселесіне айналды. Бұрынғыдай тұрақты ауа райы қазір сирек кездеседі. Жауын-шашын кейде қалыптан тыс көп түссе, енді бірде мүлде болмай қалады.

Әлемде мұздықтар да жыл санап еріп, өзен-көлдердің суы тартылып барады. Мұның соңы ең маңызды табиғи ресурс – судың азаюына әкелуде.Сусыз өмір мүмкін емес, онсыз адам да, табиғат та өмір сүре алмайды. Ауыл шаруашылығынан бастап, өндіріс орындарына дейін, тіпті күнделікті тұрмысымыз да осы суға тікелей тәуелді. Соңғы жылдары климаттың өзгеруі салдарынан су қоры азайып, көптеген елдер үшін үлкен мәселеге айналып отыр. Бұл тек табиғаттың емес, қоғамның да күрделі мәселесіне айналуда.

Еліміздің көп бөлігі қуаң, шөл және шөлейт жерлерден тұрады. Оның үстіне, еліміздегі ірі өзендердің көбі шетелден бастау алатындықтан, көршілес мемлекеттермен ортақ суға тәуелдіміз. Су көлемінің азаюы – егін шаруашылығына, малға, тіпті халықтың ауыз суына да әсер етіп отыр. Таулы аймақтардағы мұздықтардың жылдан-жылға еруі – өзендердің суын азайтып, ауыл шаруашылығы мен гидроэнергетика салаларына кері әсер етуде. Бұрын өзен-сулар мол болған аймақтарда бүгінде су деңгейі төмендеп, егін шаруашылығында қиындықтар туындап отыр. Су тапшылығы тек ауыл шаруашылығына ғана емес, халықтың ауыз суға қол жеткізу мүмкіндігіне де кері әсер етуде. Климаттың өзгеруінен туындайтын тағы бір қатер – көлдер мен өзендердің тартылуы. Бұл құбылыс табиғи ортада тіршілік ететін жан-жануарлар мен өсімдіктердің азаюына алып келеді.

Су тек адамға емес, бүкіл табиғатқа қажет тіршілік көзі екенін ұмытпауымыз керек. Осы қиындықтардың алдын алу үшін бірқатар нақты шараларды қолға алуымыз қажет. Біріншіден ауыл шаруашылығында суды үнемдейтін тәсілдерді кеңінен қолдануымыз керек. Мәселен, тамшылатып суару, суды қайта пайдалану және су жүйелерін жаңарту қазіргі таңда өте тиімді жолдар. Бұл әдістер арқылы біз су қорын сақтап қана қоймай, шаруалардың да шығынын азайта аламыз. Екіншіден шекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану мәселесінде көршілес елдермен тиімді әрі әділ келісімдер жасауымыз қажет. Бұл келісімдер тек суды бөлуге ғана емес, оны бірге сақтау мен қорғауға бағытталуы тиіс. Үшіншіден мұздықтардың жағдайын бақылау, ғылыми-зерттеулер жүргізу, халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру керек. Мұның бәрі судың болашағы үшін маңызды

Климаттың өзгеруі табиғаттың бізге қаққан дабылы секілді. Енді үнсіз қарап отырмай, нақты қадамдар жасау қажет. Әр азамат өз өмірінде суды қалай пайдаланып жүргеніне жауапкершілікпен қарауы керек. Краннан су ағып тұрса, оның қайдан, қалай келгенін, қаншалықты бағалы екенін ұмытуға болмайды.

Егер біз бүгіннен бастап нақты әрекетке көшпесек, ертеңгі күні кеш болуы мүмкін. Су – шексіз ресурс емес. Ол – ұқыпты пайдалануды талап ететін ортақ байлық. Сондықтан, оны сақтау тек мемлекет емес, әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Жазира ҚАЛАУОВА,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар