Сен оқымайтын хат

Қимас жүрек сыры

Осыдан екі жыл  бұрын, 2023 жылы күз айында 40 жылға жақын қол ұстасып, тату-тәтті өмір сүрген сүйікті жан жарым Ғалымжан Қауысбайұлы мезгілсіз өмірден өтті…

Қымбатты менің Ғалекем,
Сенсіз өмір  маған бар ма екен?
Айлар жылжып, жылдар өтті,
Жалғыздық енді маған жар ма екен?!
Сен менің бағым едің,
Күн ойлаймын, түн ойлаймын,
Неге  былай болды деп,
Жауап таппай  өзіме.
Сенсіз арман бекер ғой,
Жетелеуші ең мені сен,
Еркелеуші ем саған мен,
Мәпелеуші ем сені мен.
Өмір заңы дейді ғой,
Аяқ асты қоштасу.
Мейрімділігің сенің басым еді,
Қара мұртың өзіңе жарасымды еді.
Махаббаттың мекенінде тату жүрдік,
Тәңірім бізге сезімді сый қылып берді.
Отбасыңа  деген қамқорлығың,
Еңбекке сенің құштарлығың,
Балаларға айтқан ақылың.
Болып келеді оларға ұран,
Орның сенің  ойсырап,
Көңілім менің жабырқап,
Өмір сенсіз жалғасты,
Осынау ауыр халіме,
Тағдырым амалсыз көндірді.
Сенімен кездескеніме мың алғыс,
Мәңгілікке қоштасқаныма миллион өкініш!

1980 жыл. Қызылсая ауылы, 10 класс, біз бір класста оқыдық. Мен Шымкент қаласынан қайтадан өз ауылыма оралдым. Қыркүйек айыңда кеңшардың картоп жинау науқанына қатыстық. Сен сонда маған бір түрлі көңіл білдірдің, өте ашық мінезді көңілді жігіт едің, мен аса мән бермедім.

Мектеп бітірдік, жан-жаққа тарадық. 1982 жылы әскер қатарына кетіп, маған әлсін-әлсін хат жаздың, сезіміңді білдіріп, мен сенің хаттарыңа аса көңіл аудармадым. Құрбыларыммен бірге оқып, күліп алатынбыз. Ойын деп қабылдадым сол хаттарды. Ойладым әскердегі солдаттарға уақыт тез өту үшін жасалатын әрекет деп.

1984 жылы сен әскер қатарынан оралып, шинель киген қалпыңда маған жатақханаға келіп, көз алмастан қарап отырып кеттің. Сол уақыттан  бастап маған өте көп көңіл аудардың, бірге қыдырдық, Көкшетаудың «Торпедо» стадионында коньки тептік, бір күнде екі рет кинотеатрға киноға бардық. Сеансқа жоқ билеттерді тауып алушы едің, бір күнде көрген сол екі киноның аты әлі де есімде. «Блеф» және «Экипаж». Сен әрқашанда менін қасымда болдың. Студент болғанда мені сабақтан қарсы алып жүрдің.

1985 жылы екеуіміз үйлендік. Сен мұғалімдердің ұлы едің. Әке-шешең жоғары білімді, химия және география пәндерінің мұғалімдері еді. Маған көп адамдар таң қалды, қалай сен мұғалімдерге келін болдың  деп. Бірақ та, отбасында ол адамдар кәдімгі баласын жақсы көріп, еркелететін әке-шеше еді. Әсіресе, сенің анаң Мөрбан Жұманқызы өте мейірімді және жомарт адам еді. Ол кісіге алғысым шексіз. Ризамын сендей парасатты  ұлды өмірге әкелгені, тәрбиелегені үшін.

Екеуміз жарасып тату-тәтті өмір сүріп кеттік. Үлкен қызымыз  дүниеге келгенде есімін Ақмарал деп апасы өзі қойды. Екі бөлмелі жатақхана берді сенің жұмысыңнан. Екінші қызымыз өмірге келгенде  тағы да апасының таңдаған есімін қойдық Гүлжан деп. Содан үш бөлмелі пәтер алдық сенің жұмысыңнан. Сен өте еңбекқор едің, отбасыңа деген махаббатың зор еді, балажан едің.

15 жыл «Сантехмонтажда» еңбек еттің. Іссапарға көп барушы едіңдер. Әрдайым үйге оралғанда, бізге міндетті түрде сыйлық әкелуші едің. Құрдастардың арасынан ертерек баспаналы болдық, ертерек астыңа көлік міндің, ешкімнен көмегіңді аямадың. Біздің үйдің есігі әрдайым ашық болды, кім келмеді, кім қонбады, кім тұрмады?! Бала өсірдік, немере сүйдік, сен өте мейірімді ата болдың, немерелер сені сағынышпен есіне алады, үйге келгенде мені жұбатады, әже жылама деп.

Жыламауға бола ма, емделуге кетіп едің сен ауруханаға, бір жұманың ішінде кетіп қалдың! Пандемиядан кейін адамдар әлсіреді және қазіргі емхана мен ауруханадағы жағдай белгілі ғой, адам өмірі кейбір  дәрігерлерге арзандап кетті. Бір жұма бұрын мен қайта-қайта жүгіріп, сені әйтеуір, «Авиценнаға» күндізгі стационарға алып еді. Белгілеген емдік шаралар дұрыс болмады ма, диагноз дұрыс қойылмады ма екен, бәрі жүрекке қатты әсер берді. Біртүрлі өңің қашып кетті ғой.

«Жедел жәрдемді» екі рет шақырдық, ЭКГ жасап, бәрі дұрыс, жүректе емес мәселе деді. Тек үшінші рет келген «Жедел жәрдемдегі» жас  дәрігер стационарға алып кетемін, шұғыл көмек керек деді. Содан Көкшетау қалалық ауруханасында кардиология бөлімшесінде ем басталды, әп-әдемі болып, екі бетің қызарып, көңілің көтерілгендей болды. Күнде 3 сағат қасыңда болдым. Жуынуға көмектесіп, сақалыңды қырып, аяғыңды дымқыл орамалмен сүртіп дегендей. Сен айтушы едің, «бара бер, қазір капельница қояды, ол көпке созылады» деп, ал, мен кеткім келмей, қасыңда отырдым. Арасында сен ұйықтап алушы едің.

Сені басқа бөлімшеге ауыстырғанын білмей, жұма күні таңертең палатаңа келгенде, «реанимацияда» деді. Тек дүйсенбі күні ғана маған саған кіруге рұқсат берді. Сол соңғы рет сені көрген сәт күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпей қойды. Ол реанимациядағы сенің қайтадан әлсіреп, жүдеп қалған бейнең еді.

Сені үйдің асымен тамақтандырдым, кеудеңе орамалды жайғызып,  әдеттегідей еш жерге тамызбай, тап-таза қалпында сорпадан іштің. Ауырған жерімді сипашы дедің, сипадым. Төсегімді түзеші дедің, ақырын тартып, түзедім. Күндегі менің күтуімді сағындың ба екен, сәл еркеледің маған, жаным-ау! Дәрігер күйеуіңіз өте мейірімді, бәрімен әзілдесіп жатыр деді. Кетерде құшақтап сүйіп, есікке қарай барып, артыма қарап қол бұлғадым,  «пока, ертең келемін» дедім. Сен басынды изедің.

Бұл екеуміздің ең соңғы кездесуіміз екенін кім білген, шыға сала балаларға хабарластым, «папаларың сәлем айтты» деп. Бірақ та, үйге келген соң 5 сағаттан кейін суық хабар жетті. «Жүрек тоқтады» деді дәрігер. Біздің де жүрек сол сәтте бірге тоқтап, қайта соқты, басқаша…

Сенің әлсіз жүрегің өте мейірімді еді. Қызара батқан кеште күлімсіреп  кете бердің. Күз айында екеуміз кездесіп едік, күз айында қоштастық. Содан бері екі жыл өтті. Бір мезгілде сені кеше көргендей боламын, қазір есіктен кіріп, «Баяшка, мен келдім» деп айтатын секілдісің. Бір мезгілде 10 жыл көрмегендей боламын. Әбден сағындым. Өте білімді едің, бүкіл сұраққа жауабың болатын. Шебер едің, қолыңнан бәрі келетін. Адал едің, үлкенге құрмет, кішіге ізетің мол еді. Мәдениетті едің, газет пен кітапты көп оқушы едің. Бауырмал едің, туыстарың мен бажаларыңды көріп, куанушы едің. Қаһарман едің, көп жылдар бойы жүрек сырқатымен күресіп едің.

Соңғы күресте бәріміз жеңілдік. Балалар мен немерелер де сағынды өзіңді. Сен өмірден кеткелі менің де өмірім өзгерді. Сенің қамқорлығыңа зәру болып қалдым.

Достарымыз да,  жақындарымыз да басқа түскен қасіреттен кейін іріктелді. Осы екі жылда бір де бір рет хабарласпағандар да бар. Әлсін-әлсін қалімды біліп тұрғандар да бар. Күтпеген адамдардан да көмек болды. «Ешкімге ренжіме, олардың білгені сол» деп өзің де бұрын айтушы едің.

Рахмет саған, Ғалекем, біздің бақытты  өміріміз үшін. Жаның сенің жәннаттың төрінде ғой, Асыл Жарым. Менің білімді Асыл Жарым. Менің мейірімді Асыл Жарым! Кіші жүз Байұлының қамқорлық қасиетіне бай болған менің Әдемі Жігітім! Рахмет саған, мені өзіңе жұп қылып таңдағаныңа. Мен де таңдауымнан қателеспеппін.

2023 жылдың наурыз айынан бастап  зейнеткер болып сенсіз кәртайып өмір сүріп жатырмын. Екеумізге бірге  қартаюға тағдыр жазбапты. Ақмарал департаменттің басшысы болып қызметін атқарып жүр. Гүлжан бизнестің жұмысын шыр айналдырып жүр.

Түсімде көрем сені, өте көңілді болып жүресің, маған талай рет аян бердің, сол берген аяныңның бәрін орындап келемін. Түсімде  ватцапқа сенен хат алдым, төрт сөз. «Не переживай. Все  нормально». Әлі де  сен мені қорғап жүр екенсің. Біздің отбасымыздың бір-бірімізге берілген ыстық махаббаты сенің еңбегің еді. Биыл Елнұрда жаңа пәндер қосылды. «Әже, маған химия мен география ұнайды» дейді. «Атаң осыны естісе, өте қуанар еді» дедім. Ал, бұған не дерсің?! Өмір жалғасуда деген осы екен. Сен де біздің қызықтарымыз әлі алда деп ойладың. 2023 жылдың маусым айында 60 жасыңды жасатпай, 61 мүшел жасты тойлаймыз деп едің…

Рахмет саған Ғалекем, шынайы махаббатың үшін. Өмірлік жар таңдаудан қателеспеппін. Менің тірегім болдың. Менің қамқоршым болдың. Ризамын сенімен өткен әр күніме. Үйде жалғыз болсам, өкіріп жылаймын. Түнде оянып, тұншығып жылаймын.

Қош бол, менің Асыл жарым,
Өмір бойы жайнаған жасыл бағым.
Маған енді күндер бәрі ақ пен қара,
Жібермейді жүректегі ауыр жара.
Қас пен көздің арасындай бұл тіршілік,
Мына әлемде өмір шіркін, неткен қысқа…
Сағынышпен хат жазған сенің Баяшкаң.
2025 жылдың қазан айы.

Баян Сауытбекқызы.
Мөрбан келіні.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар