Жолдауға – қолдау
Мемлекет басшысы биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауында цифрлық өзгерістер арқылы ел дамуында нақты қадамдар жасау міндетін алдымызға қойды.
Онда инвестиция саласына да басымдық беріліп, жаңа инвестициялық кезеңді бастау қажеттігі айтылады. Бұл орайда:
«Қазіргі инвестиция тарту саясаты мардымды деп айта алмаймын. Қаражаттың көбі шикізат салаларына құйылып жатыр. Жалпы, бұл жаман емес, осындай инвестициялар бізге қажет. Бірақ, қазір тұрған міндет – басқа. Бұл – өңдеу саласына көбірек қаражат тарту. Сондықтан, Үкімет инвестиция саясатына басқаша көзқараспен қарауы керек», –деп атап көрсеткен Президент сөзінің жаны бар.
Президенттің инвестициялық саясатты жаңартуға қатысты айтқаны Ақмола облысының да мүддесін тікелей қозғап отыр. Біздің өңір бұрыннан ресурстық базасы бар аграрлық және өнеркәсіптік орталық болып саналады. Бірақ, бізге сонда да заманауи өндірістік қуатты және жоғары технологиялық жобалар жетіспейді.
Өңірге түсетін инвестицияның негізгі бөлігі бүгінде ауыл шаруашылығы және шикізат өндіру саласына тартылып жатыр. Бұл астық, ет және сүт өнімдерін өңдеуге, тамақ өнеркәсібін дамытуға және құрылыс материалдарын өндіруге мультипликативті әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты инвестициялық саясаттың жаңа бағдары осы салаларға капитал тартуға оң ықпал етеді. Бұл өңір ішінде бағаның өсуін тежеуге және жұмыс орындарының көптеп ашылуына мүмкіндік береді.
Ақмола облысы аграрлық секторда IT-сервистерді дамыту, логистика мен туризм, сондай-ақ, баламалы энергетика саласында «ақылды технологияларды» енгізу тұрғысында зор әлеуетке ие. Осы салаға келетін инвесторларға преференциялар жасау өңір экономикасын әртараптандыруға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік ашады. Бүгінде облыстағы бизнес өкілдері бюрократиялық кедергілерге және өз жоспарларын әртүрлі мемлекеттік органдармен үйлестірудің күрделілігіне тап болып отыр. Бұл орайдағы Президенттің өкілеттіктердің қайталануын жою туралы тапсырмасы кәсіпкерлердің жобаларды келісу процесін жеңілдетеді және өңірді инвесторлар қызығатындай тартымды ете түседі деп ойлаймын.
Осы орайда, инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құру – мемлекеттің ашықтық пен құқықтық қорғау кепілдігін өз мойнына алатынын көрсетеді. Ақмола облысы үшін бұл өте маңызды, себебі, мұнда ірі инвестициялық жобалар үшін әлеует өте зор.
Жалпы, Мемлекет басшысының инвестиция тарту саласы бойынша алға қойған міндеттері облыстың дәстүрлі «шикізат шығару» моделінен гөрі неғұрлым орнықты болып саналатын қайта өңдеу, инновация және қосымша құн реттеу секілді модельге ауысуға жағдай жасайды. Ұзақ мерзімді перспективада бұл Ақмола облысының елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі позициясын нығайтып қана қоймай, сонымен қатар, өңірдің заманауи инвестициялық ландшафтын қалыптастыра отырып, экономиканың жаңа бағыттарын дамытуға мүмкіндік береді
Ерқанат Мұсылманбек,
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.
![]()

