Шырағыңды сөндіріп алмашы!..

Айтайын дегенім…

«Бақыт деген есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды» деген екен бір шығармасында жазушы Жақау Дәуренбеков. Мәдениетіміз дамып, еліміз өркендеген сайын күнделікті өмірімізге де көптеген жаңалық енуде.

Экономикамыздағы іргелі өзгерісті айтпағанда, отбасындағы тәрбиеге де батыстың түрлі дәстүрі батпандап кіріп кеткенін аңдамай да қалдық. Көптен бері көңілде жүрген мәселенің бірі – мерекелік тортқа шаншылған майшамды үрлеп өшіру. Былай қарағанда, онда тұрған не бар дейміз. Дегенмен де, үстіне шырақ шаншылған торт бүгінгі туған күн мен үйлену тойларының ажырамас бөлігіне айналғандай. Жағылған шырақты үрлеп өшіргенде бала да мәз, жас жұбайлар да мәз. Оларға қол соғып, жиналған тойшыл қауым да мәз. Балалар торттың үстіндегі шырақты өшіріп мәз-мейрам болады. Тіпті, олар осы рәсім үшін жыл сайын туған күнін асыға күтетін уақытқа жеттік. Қонаққа келген балалар үшін де бұл шырақ бірнеше рет жағылып өшіріледі. Біз бұған етіміз үйреніп, айрықша назар аударуды да қойдық.

Алайда, мұнда үлкен мәселенің бір ұшы жатқанын бәріміз бірдей біле бермейміз. Өйткені, біз отқа нан пісіріп, ошаққа ет асатын дәуренді артқа қалдырып, «көгілдір отынның» дәуірінде ғұмыр кешудеміз. Осыған сай оттың қасиеті, отбасы деген сөздердің аясын тарылтып алғандаймыз.

Көнекөз қариялар жаңа немесе иесіз үйге кіргенде, көбінесе оңтүстік өңірлердің таза жерлерінде өсетін адыраспан деген шөпті тұтатып жағып, үй ішін айналдыра аластатып шығатын. Бұл шөптің алаулап жанғанынан жын-шайтандар қорқады дейді. Бұл шөпті кейбір үйлердің босағасына іліп, қыстырып қоятындарын да көруші едік. Базарларда еркін сатылып та жатады. Әжелеріміз сәбиді бесікке бөлемес бұрын отпен аластап, жын-шайтан жарықтан, оттан қорқады, жарық түссе шайтанның көзі байланады деп ырым еткен. «Шырағың сөнбесін, отауларыңның оты маздап тұрсын, ошағыңды  оттан үзбе, ошағыңның отын күзетіп отыр» деген лебіздер де жақсы қасиеттен туған. Біз жағып, өшіріп жүрген шырақты христиандар шіркеуде иконның алдында шоқынып тұрып көбірек тұтатады. Олар мұны адамның құдайға деген жылуы деп түсіндіреді. Қашан өзі сөніп қалғанша жанып тұра береді. Үрлеп жатқан ешкім жоқ. Ал, біз шырақты үрлеп өшіру үшін ғана жағып жүргенімізді білеміз бе?

Негізінен, қазақ халқы отты өшіруді емес, керісінше, оттың лаулағанын құп көреді. Сондықтан да, жаңа түскен келінге отқа май құйғызады. Келін босағадан аттап түскенде отқа май құйғызу қазақтың тәңірлік сенімге иланған кезінен, бәлкім одан да ертеректен келе жатқан ежелгі ғұрпы. Рәсімдік іс-әрекет ретінде жасалатын мұндай әдеттерді «дәстүр» деп емес, «ғұрып» деп атау қалыптасқан. Мұндай ырымдарды қазір ешкім ежелгі түсініктерге негіздеп ұстанбайды. Ақ босаға аттап, отқа май құйып жатқан қазіргі келіндер бұл ырымды от пен майға табынғандықтан емес, ата-баба дәстүрін құрметтегендіктен, «бұрынғы-соңғының жолы» деп жасайды. Қазақы танымда қалыптасқан «шырағың сөнбесін», «отың өшпесін» шырақтай сөнбеуі қазақ үшін азаматының, отбасының аман болуы, шаңырағының шайқалмауы, ел-жұрттың тыныштығы дегенді білдіреді. Осы тәжірибе мен тағылымның барлығы отқа май құйғанда от қалай лауласа, өмір де солай жайнай берсін деген ырымда жатыр.

«Жүре берсең, көре бересің» дегендей, бүгінде салт-дәстүріміздің дені еуропаланып барады. Жастар өздерінің қалауымен түрлі сарайларда перзенттерін бесікке де салып, тұсауын да кестіріп жатыр. Мұндай жаңашылдыққа қуансақ та, «әттеген-ай» дейтін тұстары да бар. Соның ішінде үйлену тойларында атасы мен енесіне торт асату, кішкене бөбекке торттың шырағын өшірту біздің салт-дәстүрімізге, таным-түсінігімізге сай келмейді. Осындай жас ата-аналар өзгеден көргенін біліп,  зерттемей, лезде қайталамас күні бұрын үлкендермен ақылдасып, жөн сұрағаны абзалырақ болар еді.

Қазақы тәрбие туралы түсінігімізге сүйенсек, халқымыз еш уақытта өзінің шырағын әдейілеп өшірмеген. Бұл ырымның түп-мағынасына үңілсек, мүмкін ойымыз өзгерер ме еді. От-ошақтың басында жанұя мүшелері бас қосып, жақсылыққа жол бастайды. Ал, қазір өзгелерге еліктеп, барымызды ұмытудамыз. Отты өзіміз өшіріп, қараңғылыққа жол сілтеп отырмыз. Әрине, бала үшін барымызды саламыз. Біз қатарлы үлкендер жастарға мұның дұрыс емес екенін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұрындары өмірден озған адамның рухы үшін жеті не қырық күнге дейін шырақ жағып қоятын. Наным-сенімдер де кездеседі. Халық даналығында шырақтың беймезгіл өшкені бақыттың бастан көшкені деген сөздер де бар. Мұндай мысалдар ел арасында көптеп кездеседі.

Шырақты үрлеу үрдісі, той кезінде қалыңдықтың гүл лақтыруы сырттан келген әдеттердің бірі ғана. Бірақ, қазір бұл халық арасында дендеп еніп кеткен. Бұл туралы қоғамдық пікір де әрқилы. Қалай десек те, қазақ отты тіршіліктің төрт тірегінің бірі санаған. Ошағыңның оты өшпесін деп тілек айтып, «оттай жанып тұрған жан екен» деп мақтауын асырған. Тахауи Ахтанов «Шырағың сөнбесін»,  Мұқағали «Сөнбейді әже, шырағың» деп өлмес шығармалар жазып қалдырғанын да білеміз. Ендеше, той мен туған күнде торттағы шырақты өшірмес бұрын, аздап ойланып алғанымыз жөн сияқты.

Осы ретте, оқырманға ой салар ел аузындағы мына әңгімемен бөлісе кетсем. Ертеде елге аты белгілі бір данагөй би өзінің өмірден өтер алдында жиған бар қазына-мүлкін ұлдарына қалдыру үшін үш ұлын шақырып алып, «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырғандарыңа бар жиған қазына-мүлкімді қалдырамын» деп уәж айтқан екен. Сонда тұңғыш ұлы қап-қап сабан әкеліп, үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы үйдің ішін құс жастықтың ішіндегі мамықты шашып толтырыпты. Ал, кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып шырақтың жарығымен үйдің ішін толтырған кезде дана би оның тапқырлығына тәнті болып:

–Мұрамды саған қалдырамын. Өйткені, өмір сүру дегеніміз, айналаңа жарық шашу, – деп өзінің жиған бар қазынасын соған қалдырыпты. Бұл шырақтың адам өмірінде қаншалықты маңызы бар екенін айқындап тұр. Тағы бірде ақ жаулықты әжеден сұрағанымызда, «шырағы жанып тұрған үйден құт-береке үзілмейді» деді.

Жақында сексен жастан асқан бір құрдасымның туған күнінде болып, көргенімді айтсам, балалары, немере-шөбере, келіндері, барлығы да әйтеуір, аталарының туған күні есте қалсын деген ниеттері болуы керек, шын ынта-ықыластарымен бар өнерлерін салып жасатып, үлкен торттың үстіңгі жағына «80 жасыңыз құтты болсын!» деп жаздырған, айналдыра атасының бірнеше суреттерін қойғызған екен. Балалары, немере, келіндері торттағы суреттерді жаппай соткаға түсіріп, мәз-мейрам болуда. Сегіз шырақ айналдыра шаншылып жағылған тортты атасының алдына үрлетіп, өшіру үшін әкелді. Атасы сәл сасқалақтағандай болып, тортты балаларының, немерелерінің алдына ысырып қойды. Бұл жерде анау-мынау әңгіме айтып, жиналғандардың көңілін бұзбайын десе керек, сәл жымиып, ризашылығын білдіргендей кейіп танытты.

Жастарды салт-дәстүрді білмейді деп кінәлауға да болмас. Дегенмен, бұл жағдай бәрімізге, әсіресе, үлкен ата-әжелерімізге бір ой салғандай болды. Біздер мұны осындай салт-дәстүрімізді жастарға айтып отырмағанымыздың салдары деп ой түйдік.

Құрметті ата-әжелер, жастарға қазағымыздың ұмытылып бара жатқан ежелгі салт-дәстүрлерін үйретуден жалықпайық. Халқымыз өз отын өзі өшірмеген. «Үйіңнен береке кетсе, от жақ» деген бабалардың сөзін есте ұстаған жөн. Қалай десек те, жанған шырақты өшіру жақсы ырым емес. Отымыз да, шырағымыз да сөнбесін!

Роман САХИҰЛЫ,
еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар