Цифрландыруды басты нысанаға алуда

Жолдауға — қолдау

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына биылғы Жолдауында «Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деп атап көрсеткен болатын.

Бұл талап қазір республикамызда, соның ішінде біздің Ақмола, Көкше өңірлерінде де шама келгенше еңсеріліп жатыр.

Соның бір мысалы ретінде жуырда ғана Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде жаңа интерактивті бейнестудия ашылды. Бұл студияның ерекшелігі сол, енді оқытушылар заманауи тәсілмен, озық технологияны пайдалана отырып, сабақты қашықтықтан түсіндіре алатын болады. Подкаст студиясы – бұл оқытушыға мағлұматты дәл әрі қызықты етіп ұсынып қана қоймай, сонымен қатар, студия қонақтарымен подкаст құруға тамаша мүмкіндік береді.

– Оқытушының оқыған лекциясын барлық корпуста бірден естуге болады, ол бір. Екіншіден, 3Д технологиясын қолдана отырып үйрететін дәрістер балалардың білімге, ғылымға деген ынтасын көтеретіні және бар. Ең бастысы, біздің студенттердіңертеңгі күні жақсы маман шығуына бұл зор көмек болмақ, – дейді университет ректоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Сағынтай Елубаев.

Айта кетейік, заманауи «ЭйАр» технологиясы бар студия интерактивті иллюстрациялар мен кескіндерді біріктіруге мүмкіндік береді. Бұл – спикердің өзі басқаратын толықтай интерактивті жүйе. Жалпы елімізде осындай студиялар желісі кеңейіп келеді. Интерактивті тақтаның көмегімен кез-келген тақырыпта әңгіме өрбіту жеңіл өтеді. Себебі, сенсорлы экранды, яғни, үлкен мониторды қолмен-ақ қозғап, басқарып, оған жазу жазып, кейін қайта өшіруге болады. Мәселен, оқытушы ауыл шаруашылығы тақырыбында дәріс өткізгісі келсе, ғаламтордан комбайнның суретін онлайн режімде таңдап, суреттің жанына сол тақырыпта кілт сөздерді жазып қоя алады. Әрі мұның бәрін тікелей эфирден қосылып отырған студенттер бірден көріп отырады.

– Қазір біздің университет заңды түрде онлайн-университет саналады, себебі, мұнда сапалы бейнеконтент жазуға және оны әлемдік платформаларға шығаруға толық жағдай жасалған, –дейді жоба жетекшісі Олжас Өмірсерік. – Сценарий бойынша 15-20 слайд дайындалып, әр слайд өз кезегімен көрсетіледі. Нәтижесінде дайын бейнероликті оқытушы бірден пайдалана алады. Оны өңдеу үшін ешкімге қолқа салып, бірнеше күн күтудің қажеті болмайды.

Осылайша, университеттегі оқытушылардың жұмысын жеңілдету үшін сатып алынған арнайы студия енді студенттер игілігіне қолданылмақ. Цифрлық мемлекетке бет бұрған кезеңде цифрлық сауаттылықты арттыра түсетін мұндай құрал-жабдықтар басқа жерлерде де сөз жоқ, керек-ақ. Өскелең уақыт талабын ескеріп, соны тездетіп іске асырып отырған Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, оның басшылығының бұл игі қадамы тек қана қуануға тұрарлық.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар