Мерекеде – «Қансонардың» қызығы

24 қазанда Республика күні қарсаңында облысымыздың ең бір көрікті өңірлерінің бірі Сандықтау ауданында құсбегілердің халықаралық дәстүрлі «Қансонар» турнир бастау алғалы отыр. Бұл кезінде Қазақстанда «КСРО аңшылық кәсібінің үздігі» атағын алған бірден-бір жалғыз бүркітші Мәсіп Батырханұлының құрметіне өткізіліп келе жатқан жарыс. Осы тұрғыдағы еңбегін елеп, бұл белгімен Мәскеу даңқты құсбегін сонау 1949 жылы марапаттаған болатын.

Мәсіп атамыз Айыртау өңіріндегі  бұл күнде бүкіл әлемге танымал Ботай ауылының тумасы. Осыдан біраз жылдар бұрын адамзат тарихында тұңғыш рет жылқының қолға осы Ботай қонысында үйретілгені туралы археологтардың тың жаңалығы дүниежүзіне тарап кеткен болатын. Міне, осы қасиетті елді мекенде қазақ халқының басына ауыр нәубет болып кезіккен отызыншы жылдардың ашаршылығы кезінде бүркітші Мәсіп Батырханұлы өз бүркітімен аң-құс аулап, ботайлық ағайындарын және көрші ауылдың тұрғындарын аштықтан аман алып қалған болатын.

Ал, 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ел басына күн туғанда ол өзінің құсбегілікпен айналысуының құрметіне есімін Бүркітбай деп қойған үлкен ұлын қан майданға аттандырып, өзі қайтадан сол майданға көмектесу үшін бүркітімен атқа қонған еді. Сөйтіп, қыран құсын тұғырына қондырып, онымен аулаған аңдарының терісінен түскен қаржыға  азық-түлік, киім-кешек сатып алып, майданға көмектескен-ді.

Бұл кезде ұлы Бүркітбай Орлов-Курск бағытында жүріп жатқан қанды ұрыстарға қатысып, үш рет жараланып, одан әрі Украина, Польша, Чехославакия мемлекеттерін зұлым жаудан азат етіседі. Сөйтіп, Ұлы Жеңісті Праганың түбінде Партубица деген жерде қарсы алады. Кейін өзінің туған ауылы Ботайға оралғанда омырауында қан майдандағы сансыз ерлігінің айғағындай, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен қатар, тағы басқа да осы тектес марапаттары көз қызықтыратын. Осылайша, ата-ана мен ауылдастар сенімін ақтаған баласына елде жүріп, майдандағыдай өз ерлігімен көзге түскен Мәсіп әкесі де риза еді.

Майданнан кем емес деп отырғанымыз, ол кісінің жасым келді деп тылда қарап жатпай, аңшылық кәсібі арқылы біріншіден, жоқ-жітікпен отырған ауыл-аймағына шарапаты тиген, екіншіден, өздерінен артылғанын көмек ретінде майданға жіберген ет тірлігі. Сол Ұлы Жеңіске қосқан үлесіне орай, кезінде алғашқылардың бірі болып, «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін» медалімен марапатталғаны да содан.

Мәсіп ағаның ұлы Бүркітбаймен бірге қан майданға аттанған туған інісі Хами жағрапия саласы бойынша ізденіс жолында жүрген жас ғалым болатын. Ол да майдан даласынан оралмаған 20 ботайлық жерлесінің тағдырын кешіп, Ленинград майданында қаза табады.

Бұл күнде аты Көкшетау аймағына белгілі Мәсіп Батырханұлының өз заманында Үкімет тарапынан алған марапаттары мен басқа да құжаттары Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің арнайы қорында сақталып келеді. Ол кісінің немересі Шынарбек Бүркітбайұлы Батырханов міне, жиырма жылға жуық уақыт бойы Ақмола облыстық әкімдігі мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен құсбегілер федерациясының президенті ретінде өзінің даңқты атасы Мәсіп Батырханұлының құрметіне түрлі дейгейдегі құсбегілердің турнирін өткізумен шұғылданып жүр.

Аталған аңшылар сайысы алғашқы жылдары Көкшетау қаласындағы Бұқпа тауының баурайында ұйымдастырылса, кейін облыс басшылығының ұсынысымен және қолдауымен көрікті Бурабай өңірінде өткізіле бастады. Әрі ол кейін республикалық деңгейден халықаралық турнир мәртебесіне ие болды. Оның үстіне біздің Ақмола облысы Қазақстанда ата-бабаларымыздың осы бір көне салт-дәстүрі қайта түлеп, жаңғырғанының белгісіндей, үш жыл қатарынан турнирдің бас жүлдесіне автокөлік тікті. Сөйтіп, әр жылдары Бурабай ауданынан Қанат Шүлембаев, Зеренді ауданының Краснояр селосынан Руслан Тумурзин және Алматы облысының бүркітшісі Алмас Сейітжан осы турнирдің жеңімпаздары атанып, бір-бір жеңіл көлікті қанжығаларына байлады.

Осынау құсбегілер жарысы халықаралық турнир мәртебесін алғаннан бері, оған Қырғыз, Моңғолия, Қытай, Венгрия және тағы басқа елдердің де бүркітшілері қатыса бастады. Осы бір керемет қызыққа толы көріністі көріп, тамашалау үшін Катардан араб шейхтарының да арнайы келген кездері болды. Моңғолиядан шыққан атақты қазақ бүркітшісі Айшолпан Нұрғайыпқызы да осы жарысқа үш рет құрметті қонақ ретінде қатысып, турнир маңызын және бір арттыра түсті. Әрине, көшпенділер туралы америкалықтар түсірген фильмде басты рөлде ойнап, Голливуд жұлдызы атанған әрі Моңғолия Президенті өз елінің жоғары наградасы – Алтын жұлдызбен марапаттаған Айшолпандай қарындасымызды осы турнирде бір емес, бірнеше рет көрудің өзі үлкен қуаныш әрі күтпеген жағдай еді десек болады.

Міне, осындай бай тәжірибесі бар «Қансонар» халықаралық турнирінің аясында жыл сайын Мәсіп Батырханұлының көшпелі музейі жұмыс істеп келеді. Оны Ақмола облысының құсбегілер федерациясы ұйымдастырып, абырой биігінен көрініп жүр. Турнирдің өзі де жыл өткен сайын қанатын кеңге жаюда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел халқына арнаған Жолдауын іске асыру мақсатында «Қансонар» бүгінгі күнге дейін табиғаты әсем Зеренді және Біржан сал аудандарында да өткізіліп, қатысушылар мен келген қонақтарға осы өңірлердің де бар артықшылықтары мен мүмкіндіктерін кеңінен таныта түскен жайы бар.

Ал, биылғы таңдау өзіміздің қазақстандық құсбегілермен бірге, шет елдерден де қонақтар күтіліп отырған Сандықтау ауданына түсіп отыр. Бұл өңірдің де көрсе көз тояр ну қарағайы, күміс көлдері мен өркеш-өркеш таулары және құсбегілеріне керек кең жазығы жарыстың жоғары деңгейде өтуіне әрі келген адамдардың тылсым табиғаттың мол сырларына қанығуларына өте қолайлы болары сөзсіз.

Биылғы жылдың басында Мәсіп Батырханұлының туғанына 140 жыл толуына орай өткізілген Қазақстан чемпионаты әйгілі аңшының қазіргі туып-өскен өңірі – Солтүстік Қазақстан облысының аумағында ұйымдастырылып, еліміздің барлық аймақтарынан жүзге тарта құсбегінің басын қосып еді. Бұл жарыста ақмолалық бүркітшілердің мерейі үстем болып, Ерлан Кенжетаев жеңімпаз атанса, тағы бір жерлесіміз Руслан Тумурзин үшінші орыннан көрінген болатын. Ал, күміс жүлде Абай облысының өкілі Ерзат Байқадамовтың еншісіне бұйырған-ды.

Енді бірер күннен кейін әне-міне басталғалы отырған Сандықтаудағы «Қансонар» халықаралық турнирі де жоғары деңгейде өтеді деген сенім мол. Жарыстың ашылу салтанаты осыған жан-жақты дайындық жүргізілген «Жас дәурен» балалар сауықтыру орталығында ұйымдастырылып, одан әрі сайыстың өзі де қатысушылар мен қонақтар көңіліне қайталанбас жылы әсерлер сыйлайтынына күмән жоқ. Осының алдындағы біз айтқан ел біріншілігінде өздерінің жеңістерін әйгілі жерлестері, асқан бүркітші Мәсіп Батырханұлының 140 жылдығына арнаған ақмолалық құсбегілер бұл жолы да қыран құстарын бабына келтіріп, жарыс жүлделерінен тыс қалмайтынын көңіл сезетіндей.

Бір жағынан еліміздің ұлық мерекесі – Республика күніне де арналып отырған үлкен сайыс расында, табысты өтіп, ұлттық салт-дәстүріміз осылай жаңа бір қырынан дамып, жаңғыра бергей.

Қ.КӘКЕНОВ.   

 Суреттерде: әйгілі құсбегі Мәсіп Батырханұлы; Ақмола облысының бүркітшілері Ерлан Кенжетаев, Руслан Тумурзин Қазақстан біріншілігінің жеңіс тұғырында.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар