Қытайдан келіп, ата жұртқа қызмет еткен  

Әдеби кеш

Көкшетау қалалық орталық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасында тұрақты оқырмандарымыз үшін «Бақытын күтер баладан» атты ерекше рухани іс-шара өтті.

Кітап оқуға жол табу, көпшілікті тұрақты оқырман болу арқылы рухани құндылықты қастерлеуге тәрбиелеу кітапхана жұмысының басты бағыты. Тұрақты оқырмандарымызбен кездесудің құрметті қонағы филология ғылымдарының кандидаты, қытайтанушы ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ұстазы Бекқожа Жылқыбекұлы Шыңжаң университеті, Пекиндегі орталық ұлттар институты (қазір орталық ұлттар университеті), ҚХР Шандоң педагогикалық университеті және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сынды жоғары оқу орындарында білім алған. ҚХР Іле педагогикалық институы (қазір Іле педагогикалық университеті), Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрік университеті секілді жоғары оқу орындарында жұмыс істеумен бірге, 2001 жылдан күні бүгінге дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушылық жұмыспен айналысып, өлеңтану саласында өзінің ғылыми-зерттеу бағытын айқындап келеді.

Оның «Жалғыз төбе», «Айжарық», «Қос құлыншақ», «Ай анаға сәлем», «Көңілімнің көлеңкесі», «Атқа жеңіл, тайға шақ», «Қара сәуле» қатарлы жыр жинақтарымен бірге, «Қазақ өлеңінің дәстүр жалғастығы», «Өлеңнің құпиясы», «Өлең өлшемдері», «Өлеңнің өзегі», «Елу көктем, елу қыс», «Қытай тілінің әліппесі» «Қытайдың кілттік бейәріптерін жазу дәптері», «Қазіргі заман қытай тіл білімі: тест үлгілері», «Қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде жиі қолданылатын 100 сөз және 666 сөйлем» секілді оқу-құралдары мен кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, ел іші-сыртындағы ғылыми-әдеби басылымдарда жарияланған жүзден астам ғылыми-танымдық еңбектің авторы.

Ақынмен кездесу барысында Бекқожа Жылқыбекұлының  «Жалғыз төбе» жыр жинағындағы «Қорғаныс жыры», «Анашым», «Асығам» өлеңдерінен Көкшетау қаласындағы №4 және №6 орта мектеп оқушылары өздерін қызықтырған жыр жолдарын оқып беріп, толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнға толы жауаптар ала алды. Іс-шара барысында Бекқожа ағай оқырмандарға сұрақтар қойып, дұрыс жауап таба білген оқушыларға өзінің кітаптарын сыйға тартты.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің басшысы, балалар жазушысы Серік Жетпісқалиев келген қонаққа шынайы алғысын білдіріп, бұл бір жақсы кездесу болғанына ілтипат танытты. Екі қаламгер алдағы уақытта да шығармашылық жолды қатар ұстап, өз еңбектерімен тәжірибе алмасуға, әдебиетті насихаттауға ықыластарын білдірді. Өмірде жас ұрпаққа білім мен еңбектің,  шабыт пен жігердің маңыздылығын ерекше айтып өтті.

Ақынмен жүздесу оқушылар үшін елеулі оқиға болды. Олар әдебиетке одан әрі қызығып, жаңаша қарап, шығармашылыққа шабыт алды. Ерекше қонақтармен мұндай кездесулер жас буынның  жан-дүниесін байытып, рухани байлығын арттырары сөзсіз. Әсерлі шара соңында оқушылар мен ұстаздар  ақынға алғыстарын білдіріп, естелік суретке түсті.

                                                                                         Г.Тайлақова,
                                                  Көкшетау қалалық орталық
балалар және жасөспірімдер
 үлгілі кітапханасының кітапханашысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар