Өнерде де өткен күннен белгі бар

Біржан бұрмалары

Уақыт сынаптай сырғуда. Республика жұртшылығы сонау 1982 жылы ақын, әнші-композитор Біржан сал Қожағұлұлының туғанына 150 жылдығын салтанатпен кеңінен атап өтіп еді.

Үкіметтің Қаулысы шығып, біртуар ақынның туған жерінде, бұрынғы Еңбекшілдер ауданының орталығы Степняк қаласында Көкше өнерпаздары бас қосты. Сол кездегі Көкшетау обылысына қарасты Көкшетау қаласы және барлық 16 аудандардан әнші, домбырашы байқауынан іріктеліп өткен жеңімпаздар Біржан салдың туған жерінде өтетін мерейтойға  шақыртылды. Қыстың басы, желтоқсан айы. Көкше өңірі ақ мамыққа оранып, сәл қытымыр аяз басталған шақ. Облыс орталығынан  автобустар бөлініп, бұндай дүбірлі жиынды бұрын-соңды  көрмеген өнерпаздар әр тараптан жиылып,  сән-салтанатпен ұсынылған  көліктерге жайғасып, межелі уақытты артқа тастап, ән дүлдүлінің туған жеріне – бүгінгі өз атымен аталатын Біржан сал ауданына табан тіреді.

Байқаудың басты шарты, әр ауданның әнші-жыршылары Біржан Сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай репертуарынан әндер мен толғауларын орындамақшы. Үш күнге созылатын сайысқа 65 өнерпаздар тіркеліпті. Әр  аудан бес-алты өнерпаздарын сайысқа қосқан. Біздің сол кездегі Көкшетау ауданынан қатысуға барғандар республикамыздың  бетке ұстар бас ақыны Көкен Шәкеев, облысқа танымал ақын Тұяқ Мақитов, дәстүрлі әншілер Дүйсенбай Айтқожин, Зәуреш Құдайбергенова, Орынтай Жүсібалина, Сайлау Ыбыраев, Серікбай Әлпейісов болатын. Келісімен  аудан орталығының қонақ үйі мен мектеп-интернатына орналастырды. Оқушылар қысқы каникулда, бізге жайлы болсын деп, әр бөлмеге қажетті заттарға дейін қойылыпты. Сол күні кешке ұйымдастырушылар дайындықтарымызды көріп, сахнада жүріп-тұруларымызды да пысықтады. Осы өңірге кең танымал, мәдениет саласында көрініп жүрген өнер майталмандарымен алғаш рет кездесіп, сырттай танысқанымызға риза болдық.

Келесі күні облыстан келген басшылар мен  қатысушылар Біржан сал рухына тағзым ету мақсатымен ақынның жамбасы тиген киелі топыраққа баруға қамдандық. Бірнеше автобуска орналасқан халықты ертемен үлкен қорымға жеткізді. Жолдары қардан аршылып, мұнтаздай тазаланған межелі жерімізге әп-сәтте жеттік. Қорымның бас жағында Біржан сал бабамызға орнатылған ескерткіш мүсіні анадайдан айқындалып көрініп тұр. Сол төңіректің имамы құран бағыштады, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Болат Әуелбеков баршамызға сәттілік тіледі. Біз ұлы адамның рухымен  тілдескендей күйге еніп, орталыққа оралдық.

Ертедегі ұлы тойларды естуші едік, қалай болғанда да ертеңгі шараға қатысатын өнерпаздар өзара қамданып, араласып, танысып, басы қосылған жұртта әсте тыным болмады. Кешкі астан соң, қайта-қайта халық алдында орындайтын ән-жырларын пысықтап, арасында өнерден мол хабары бар үлкендерден тәлім алып, бұрын естілмеген шығармаларды естіп, шат-шадыман күйге бөленген өнерпаздар мен  кең залдың ішінен ерекше бір лепті байқадық.

Келесі күні  ән мерекесіне арналған бағдарлама қолымызға тиісімен, халық алдына, сахнаға шығу сәтін күттік. Әп-сәтте мәдениет сарайы көрермендерге лық толды. Шымылдық ашылысымен, сөз алған облыстық мәдениет басқармасының бастығы Біржан сал өмірінен баяндама жасады, кешті жүргізушілер Жамал Қаражанова мен Базарбай Кәкеновтің ән мерекесін ашық деп жариялауымен, сахна төріне ақын Көкен Шәкеев, Тұяқ Мақитов, Байжұма Ғабдуллин, Күләш Рахымжанова, Ғ.Жұмабаев шығып, Біржан салға арнауларын  орындады. Халық өнерге шөліркегені соншалық, ол кісілерді зор қуанышпен қарсы алды.

Ән орындаушыларға кезек берілісімен халыққа кең танымал өнер иесі Кәрім Ілиясов Біржанның «Адасқақ» әнін асқақтата шырқап, тыңдаушыларын тәнті етті. Кезек Еңбекшілдер ауданынан Жәмеш Нұралинге жетіп, Көкшенің ұраны іспетті «Айтпай» әнін нақышына келтіре орындады. Біржан сал бабамыздың қай әні болсын өте күрделі, орындаушыдан аса шеберлікті талап етеді. Кез келген әнші бұл әндерді орындауға жүректері дауаламайтыны хақ. Ортаға Көкшетау қаласының атынан өнерімен танылып жүрген  жыршы, термеші Жұмабай Есекеев шығып, «Жаймашуақ» әнін ырғалта салып, залдағыларға  кең даламызды елестеткендей күй кештірді. Өнер саласына жаңа қосылған Сайлау Ыбыраев жанына жақын Ақан серінің «Балқадиша» әнін орындады. Арасында халық әндерін орындаған жез таңдай әнші Зәуреш Құдайбергенова «Сәулем-ай» әнін тамылжыта салғанда, тыңдармандар бірге қосылғанын байқадық. Бойында әншілігі басым Қадыржан Мәкенов Ақан серінің «Жиырма бес» әнін баршаға тыңдата білді. Қызылту ауданынан келген өнерпаз Амантай Мағалиев «Құлагер» әнін сырлы дауысымен шырқап, қазақтың басындағы өткен ғасырдың небір мұң-наласын жеткізгендей әсер қалдырды. Ән мерекесінің арасында Көкшетау ансамблінің  бишілер тобы «Мереке биін» ұсынды. Артынша кезек-кезегімен басқа да орындаушылар өнерлерін бірінен соң бірі көрсетіп жатты. Байқауда әр әнге бірнеше орындаушы да табылып қалды, себебі, бұл ән байқауы, соның арасынан қазылар алқасы үздікті таңдамақ. Байқаудың бірінші бөлімінің соңында Біржан салдың «Жанбота» әнін Қызылту ауданының атынан келген осы өңірге танымал біртуар әнші Сайран Мағзұмов түрлентіп орындады.

Екінші бөлім басталысымен Зеренді ауданының өнер иесі, танымал айтыскер жас ақын Күләш Рахымжанова мен Айыртау ауданының атынан түскен Қабдыраш Кәмәлиев қыз бен жігіт болып айтысып, ән мерекесінің көркін одан әрі қыздыра түсті, көрермендер әрбір айтыс қайырымдарына қол соғып, толассыз ризашылықтарын білдірді. Өз кезегінде сахнада жаңа танылып келе жатқан Рузаев ауданының әншісі Қаратай Төлекеев атақты Біржан салдың «Теміртас» әнін нақышымен  орындағанда, залда сілтідей тыныштық орнағандай болды. Бұл трагедиялық туынды әр қазақ баласына Біржанның соңғы өмірін елестеткендей күй кешірді. Мәселен,  үш күндік сайыста осы әнді орындағандар саны 16-ға жетіпті. Кейін барлығынан оза шапқан лауреат атағы осы Қаратай Бәйкенұлына бұйырды.

«Туған ел» халық әнін Чкалов ауданының атынан келген Оразалы Омашев, «Боз жорға» әнін Әділбек Мағзұмов орындап, олар да өз шеберліктерін байқатты. Ақынның толықсыған шағындағы «Жалғыз арша» әнін кызылтулық өнерпаз Ғалымжан Жұмабаев шырқатып сала білді.

Кезек күй өнеріне берілгенде осы құдіретті барынша бойына дарыта білген медицина саласының қызметкері Серік Ыбыраев Құрманғазының  «Сарыарқа» күйін асқан шеберлікпен жеткізіп, тыңдармандарын тәнті етті. Өз кезегінде Ұлы Отан соғысының ардагері Жаналы Қалиев Біржан сал бабамыздың Ажар қыздың әкесінің атымен аталған «Ақтентек» әнін барынша әуелетіп, нөсерлете төкті.  Көкшетау қаласының атынан жас талант иесі Сабыржан Мәкенов атақты Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін ашық даусымен шырқағанда әнмен күңірентіп, толқытқанда ризашылықтарын білдірмеген жан қалмады. Халық арасында кең тараған, бір байдың ұзату тойына арналған «Бурылтай» әнін Зеренді ауданының атынан осы өнер саласында қызметін жаңа бастаған Жанар Махамбетова аса нәзіктікпен орындады. Ақан серінің  шоқтығы биік, соңғы әндерінің бірі «Әудемжер» әнін Еңбекшілдер ауданынан Жатай Нұржанов жеріне жеткізе шырқай білді. Сондай-ақ, Қызылту ауданынан өңірге кең таныла бастаған шебер орындаушы Қайрат Бешімов ақынның «Жонып алды» әнін әуелетті. Байқаудың соңында Уәлиханов ауданынан Кәрім Тахауин Біржанға арнауын толғана отырып, тебірентіп, ән мерекесін аяқтады.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, жиылған жұрт тарқаспай, қазылардың шешімін күтіп, сәлден соң байқауда жүлделі орын алғандар марапатталды. Бұл байқауда әншілердің төртеуі лауреат, жиырмасы дипломат атағына ие болды. Қай қатысушы болса да, сый-сияпаттан құр қол қалмады. Соңында сайысты қорытындылау үшін  сөз ел ағасы, айтулы айтыскер ақын Көкен Шәкеев ағамызға ұсынылды. Сонда барша қатысушыларды құттықтай келе, ол кісі көрермендерге де ризашылығын білдіріп,  «Біржан сал бабамыздың әндері қазақ халқы барда мәңгілік өшпейді, жылдар өтер, жаңа өнерпаз буын келер, олар да ұлы өнерді өшірмей, жалғастыратындарына кәміл сенемін» деп еді.

Міне, сонау айтулы мерекеге бақандай 42 жыл өтіпті. Менің мұрағатымда  сарғайған мереке бағдарламасы әлі де сақтаулы, оны оқыған сайын бәрі күні кешегідей, көз алдыңнан елестеп өтіп жатқандай. Бұл күндері құрметті ағамыз Көкен Шәкейұлы ортамызда жоқ, былтыр барша халық 100 жылдық  тойын атап өтті.  Асыл аға кезінде айтыс өнеріндегі ерен еңбегі үшін «Халық ақыны» атағына ие болып еді, жатқан жері жұмақта болғай. Байжұма Ғабдуллин, Жұмабай Есекеев, Өндіріс Бетішев, Сайран Мағзұмов, Қадыржан Мәкенов сияқты біраз қадірлі ағаларымыз да бүгінде ортамызда жоқ.

Осы шараға қатысқан өнерпаздардың бәрі осы күні зейнет жасында, кейін өнерге жастарды баулып, талай республикалық, аймақтық байқаулардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды. Бір ғана мысал. Бүгінде  Көкше өңірінен шыққан айтулы ардагер ақын Күләш Сәбікенқызы Рахымжанова Зеренді ауданының құрметті азаматы, қаншама жыл осы  өңірде мәдениет саласын басқара жүріп, ауыл жастарын өнерге баулыды. Өнер десе ішер асын жерге қоятын рузайлық  Қаратай Төлекеев Ақмола облысында тілдер орталығына жетекшілік еткен азамат, бүгінде зейнеткер. Қызылағаштың тумасы Дүйсенбай Айтқожин оқытушылық жолмен зейнеткерлікке шығып, елінің имамы болды. Кезінде бірнеше рет ақындар айтысының жеңімпазы болған ол кешегі атақты Ақтоқты апамыздың қайнысы. Бірнеше жыл облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылының «Көкше» мәдениет үйінде меңгеруші қызметін абыроймен атқарған  Орынтай Жүсібалина әлі де өнердің қыр-сырын жастарға үйретуде. Сондай-ақ, Қайрат Бешімов, Жанар Махамбетова, Сабыржан Мәкенов ұстаздық жолында жүріп, ән өнерін дамытқан жандар.

Былтыр Біржан сал бабамыздың туғанына 190 жыл толып, осы айтулы мерейтойға біраз іс-шаралар өткізілді. Көкше өңірінде әлі де тума таланттар дүниеге келіп жатыр. Бұрынғы сол бір жас өнерпаздар мен өнерде тісқаққан тарландар бас қосатын күндер туса екен деген арман да орындалғалы тұр. Жақсы хабар тез таралады екен, облысымыздың филармония қызметкері, дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы ініміз Сәрсенбай Хасеновтың ұйымдастыруымен жақын арада, қараша айының басында Көкшетау қаласында сол кезеңнен келе жатқан көне көз аға өнерпаздардың басы қосылатын дүбірлі концерт өтпекші. Осыған мың да бір шүкіршілік етіп, кешегі Көкен ағамыздың айтқан сәуегейлігіне куә болғалы отырмыз. Иә, желдей жүйрік уақытқа дауа бар  ма, осы жаздың ортасында айтулы домбырашы, суырып салма ақындығы да бар ардақты ағамыз Дүйсенбай Айтқожин дүниеден озды. Ол ағамызға да иманды болсын демекпіз.

Сайлау ЫБЫРАЕВ,              
  дәстүрлі әнші, бірнеше мәрте облыстық байқаулардың лауреаты, зейнеткер. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар