Даму бағыты
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласында шаруасы ширақ, ісі мығым, өнімі жыл сайын артып келе жатқан шаруа қожалықтары жетерлік. Мәселен, Біржан сал ауданы Тасшалқар ауылында орналасқан, жер жыртып, егін салумен айналысатын «Қазгер» жауапкершілігі серіктестігі биылғы күзгі жиын-терін науқанында облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің біріне қол жеткізді.
Биыл астық жинау науқанында Ақмола облысы диқандары 7,5 миллион тонна астықты қамбаға құйып, республикада рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Мұндай нәтижеге жету, ең алдымен, аймақтағы ауыл шаруашылығы саласындағы тың бастамалар мен диқандар жұмысына деген мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтың арқасында мүмкін болды. Бұл ретте, алға қойған мақсатынан таймауға бекініп, жаз бойы еккен егінді күтіп-баптап, барлық тиісті жұмыстарды уақытылы атқарған шаруашылықтардың жұмысын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, «Қазгер» шаруашылығының биылғы егістік науқанында 15 мың гектар алқапқа дән сеуіп, алтын күзде әр гектардан 30 центнер, ал, барлығы 60 мың тоннаға жуық өнім алғаны еңбеккерлердің ерен еңбегінің нәтижесі.
«Қазгер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аймақтың ауыл шаруашылығы саласында 1997 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта шаруашылықта 64 адам жұмыс істейді. Тасшалқар ауылының 75 пайыз тұрғынын жұмыспен қамтып отырған серіктестікте білікті мамандар, майталман механизаторлар мен ауыл шаруашылығының мәртебелі мамандықтарын игерген қарапайым жұмысшылар еңбек етуде. Сонымен қатар, шаруашылыққа аудан орталығы мен жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары да келіп, жұмыс істейді. Аталған серіктестік негізінен, өз кадрларын жергілікті тұрғындардың ішінен іріктеуге мән береді.
Шаруашылықтың аға агрономы Асхат Әмірхановтың сөзінше, жұмысшылардың барлығы өз жұмысын тиянақты атқарады. Дала төсінде еңбек ететін қызметкерлер жатын орынмен және уақытылы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың орташа жалақысы 200 мың теңгеден астам. Барлық қызметкерлерге жалақылары ай сайын аударылып, мерекелерде сыйақылар беріліп отырады. Шаруашылық биыл екінші жыл қатарынан жоғары өнімділік бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.
– Қазір жұмыс істеймін деген білікті мамандарға қай салада болсын, сұраныс көп. Бізде техникаға жақын, іскер, білімді жастарды жұмысқа тартып, оларға әлеуметтік көмек көрсету жолдары қарастырылған. Сондықтан, қазіргі жастарға айтарым, ауыр жұмыстан қашпай, шаруашылықта атқарылатын жұмыстарды үйрене бергені абзал. Алдағы уақытта жеке шаруа ашса да өзіне пайдасы мол, осындай шаруашылықтарда жұмыс істесе де мол септігі тиеді, – дейді Асхат Әмірханов бізбен сұхбаттасу барысында.
Ағымдағы жылы шаруашылықтың жұмысын жандандыру мақсатында несиелеу корпорациясы арқылы 5 пайыздық үстемемен бір миллиард 50 мың теңге көлемінде инвестициялық несие алыныпты. Шаруашылықтың материалдық техникалық базасын нығайту үшін алынған бұл несие бүгінде толық өтеліп, келесі жылға қайтадан қаражат алу бойынша құжаттар әзірленуде. Бұл да болса құлашын кеңге жаюды мақсат еткен осындай шаруа қожалықтарын өндірістік қуатын арттыруына жасалып жатқан қолдау деп түсінеміз. Одан бөлек аталған шаруашылық жыл сайын бөлінген мемлекеттік субсидиялардан да қалыс қалмай, жеңілдетілген дизель отынына қол жеткізуде.
«Еңбек – түбі береке» демекші, шаруасы ширақ шаруашылық жыл сайын дала жұмыстарына аса тыңғылықты дайындық жүргізеді. Бұл ретте, мамандар егістікке себілетін тұқымның сапасы дұрыс болса ғана жақсы өнім алуға болатынын жақсы түсінеді. Келесі жылы күнбағыс, арпа, бидай, сұлы сияқты дәнді дақылдардың егістік көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырған шаруашылықтың бүгінде 15 комбайны, 8 себу техникасы сондай-ақ, 18 мың тонна астық сақтайтын элеваторы бар.
«Қазгер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тек аймақ экономикасын көтеруге ғана әсер етіп қоймай, сонымен қатар, Тасшалқар ауылының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне де белсенді араласады. Мәселен, өткен жылы ауыл халқының ауыз су мәселесін шешу мақсатында су желісін жөндеуге материалдық көмек көрсеткен. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы ауыз сумен қамтылып, шаруашылық басшылығы жергілікті халықтың зор алғысына бөленіпті. Бұдан бөлек, шаруашылық мектеп пен мәдениет үйінің жөндеу жұмыстарына үнемі демеушілік көмек көрсетіп тұрады. Сондай-ақ, ауылда атап өтілетін Наурыз, Қарттар күні, Балаларды қорғау күні және Жаңа жыл сияқты негізгі мерекелерде мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға үлес қосады. Ал, бұл ауыл тұрғындарының өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, олардың алдағы күнге деген үміттерінің арта түсуіне ықпал етеді.
Шаруашылық жұмысын әрі қарай дамытып, жаңа технологиялар мен техниканы игеру мұндағы мамандардың басты мақсаты. Олар алдағы уақытта өндірістік қуатты арттыра түсіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды көздейді.
«Қазгер» серіктестігі – бұл Тасшалқар ауылының ғана емес, аудан, облыстың экономикалық ландшафтында сенімді орын алған, тарихы мен дәстүрі бар шаруашылық. Ол жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз ету жолында сондай-ақ, ауылдың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына қолдау көрсету арқылы тек шаруашылық ретінде ғана емес, сонымен қатар, қоғамның белсенді қозғаушы күші ретінде де өз міндетін адал атқарып келеді. Ал, шаруашылықтың алдағы жоспарлары оның одан әрі қанатын кеңге жайып, аудан экономикасының нығая түсуіне үлес қосатынына сенім сыйлайды.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: шаруашылықтың аға агрономы Асхат Әмірханов.
![]()

