Тұрақтылық пен келісім – қоғам орнықтылығы

БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Ақмола облыстық дін істері басқармасының негізгі мақсаты – Ақмола өңірінде дін саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асырып, тұрғындардың діни құқықтары мен бостандықтарын қорғау, діни ұйымдармен өзара байланысты үйлестіру арқылы қоғамда тұрақтылықты қамтамасыз ету.

Қоғамдық келісім жолындағы біздің дін істері басқармасы өңірдегі діни ахуалды үйлестіруші және тұрақты бақылаушы орган ғана емес, сонымен қатар, қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтауға үлес қосатын маңызды құрылым. Басқарманың жұмысы дін мен қоғам арасындағы байланысты нығайту, мемлекет пен азаматтардың мүдделерін тиімді ұштастыру және діни негіздегі келеңсіздіктердің алдын алуға бағытталған.

Дін – сенім мәселесі, ал, сенім – тұрақтылықтың негізі. Басқарма осы қағиданы басшылыққа ала отырып, қоғамдағы рухани тыныштықтың, келісім мен бірліктің орнауына өз үлесін қосып келеді.

Ақмола облысында 189 діни ұйым тіркелген. Оның 86-сы – ислам бағытында, 50-і православие, 40-ы протестанттық шіркеулер, 11-і католик шіркеулері. Сонымен қатар, Бахаи діні мен Кришна санасы қоғамы да бар. Облыста жалпы саны 151 діни нысан жұмыс істейді. Олар мешіттер, шіркеулер мен ғибадатханалар.

Өңірде 26 миссионер уағыз жүргізуде. Олардың көпшілігі Польша, Филиппин, Ресейден келген шетел азаматтары. Бұл миссионерлер негізінен, католиктік және протестанттық бағытта жұмыс істейді.

Әлеуметтік желілер мен сайттардағы заңсыз діни мазмұнға қарсы арнайы жүйелер іске қосылған. Мысалы, жыл басынан бері 522 материал анықталып, бұғаттау үшін республикалық базаға жіберілді. Ал, деструктивті топтарға жазылған 54791 адам анықталып, олармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Облыс бойынша 202 адамнан тұратын 24 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейді. Олар 7 мыңнан астам іс-шара өткізіп, 68 мыңға жуық адамды қамтыған. Әсіресе, жастармен жұмыс – басты назарда. Осыған орай, олармен тығыз жұмыс жүргізілуде. Айталық, 726 жас түрлі семинар, кездесу мен дәріске қатысты.

Қоғамның рухани қауіпсіздігі басқарма мен орталықтың басты назарында ұсталып келеді. Осы мақсатта діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бағытында құқық қорғау органдарымен бірлескен түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылады; жастар мен жалпы тұрғындар арасында діни сауаттылықты арттыруға арналған семинарлар, тренингтер, ақпараттық кездесулер өткізіледі; қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеушілерге рухани оңалту шаралары жүргізіліп, бұл жұмыстарға теолог мамандар тартылады.

Сонымен қатар, дін істері басқармасы әкімшілік тәжірибе саласында да едәуір жұмыстар атқарып жатыр. Бұл тұрғыда, қызмет барысында басқарманың миссионерлік және өзге де діни тұрғыдағы қызметтерге байланысты заңнама талаптарын бұзатын тұлғаларға қатысты қызметі, ең алдымен, ескерту және алдын алу, түсіндіру жұмыстары аясында жүргізіледі.

Алайда, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесе жүргізіліп жатқан  іс-шараларға қарамастан, кейбір заңды және жеке тұлғалар тарапынан заң бұзушылық фактілері орын алуда. Атап айтқанда, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша, құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 490-бабы 1-бөлімінің 3-тармақшасын өрескел бұзғаны үшін Целиноград аудандық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен «Светоч» балалар үйі» жеке меншік мекемесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қызметі 3 ай мерзімге тоқтатыла тұрып, 516 880 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Бұған қоса, соттардың шешімдерімен 2 жеке тұлғаға 98300 теңге көлемінде (25 АЕК) әкімшілік айыппұл салынды және 1 тұлғаға ескерту жасалды.

Қазіргі уақытта Ақмола облысында діни ахуал тұрақты. Қоғамда діни төзімділік пен өзара сыйластық қалыптасқан. Мемлекеттік органдар мен діни ұйымдардың бірлескен жұмысы нәтижесінде өңірде діни тұрақтылық пен қауіпсіздік қамтамасыз етіліп отыр.

Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облыстық дін істері басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар