Ауылдық денсаулық сақтау жүйесі айтарлықтай жаңартылды

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

2025 жылы Ақмола облысы «Ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» Ұлттық жобасының негізгі міндеттерін толық орындап, медициналық инфрақұрылымды барлық деңгейде нығайтты. Бұл жұмыс аудандық ауруханаларды жаңартудан бастап, заманауи технологияларды енгізу және кадрлық әлеуетті күшейтуге дейін атқарылды.

Соңғы екі жылда ауылдық жерлерде 38 медициналық нысан салынды, бұл 75 мыңнан астам тұрғынның дәрігерлік көмекке қол жеткізуін қамтамасыз етті. Олардың 10-ы мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен тұрғызылды. Арнайы мемлекеттік қор есебінен Атбасар аудандық ауруханасының басты ғимаратының күрделі жөндеуі аяқталды.

Ауқымды жобалардың бірі – Біржан сал ауданында салынған ауданаралық аурухана. Сондай-ақ, Көкшетау қаласында 630 төсек-орынға арналған көпсалалы аурухана салынып жатыр, Косшы қаласында 1000 қабылдауға арналған стационар мен емхана құрылысы аяқталып келеді. Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасының алты қабатты корпусын және «Болашақ» оңалту орталығына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Емдек орындарын құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінді. Биыл 6,8 миллиард теңгеге 234 медициналық техника сатып алынды, олардың өзінде жеткізілуі жыл соңына дейін аяқталады. Кадр тапшылығы 22 пайызға төмендеді, өңірге 256 маман тартылды, оның 139-ы дәрігер.

Перинаталды орталықта ұрық қорғау бөлімшесі, бір күндік клиника, телемедициналық орталық және «Дені сау ана» пансионаты ашылды. Бұл жүкті әйелдерде болатын қауіпті жағдайларды 29 пайызға төмендетуге және ауруханаларға уақытында жатқызуды 20 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

Қашықтағы елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін 11 мобильді медициналық кешен қамтамасыз етеді. Бір жыл ішінде олар 302 елді мекенді аралап, 42 мыңнан астам адамды тексеріп, шалғай аудандарда консультациялар беріп, диагностикалық жұмыстар жүргізді. Медициналық авиация 410 шұғыл шақыруды орындап, пациенттерді уақытында жеткізді. Науқастарға дәрі-дәрмекпен қауіпсіз және тиімді қамтамасыз ету үшін Жақсы, Астрахан және Жарқайың аудандық ауруханаларында 3 госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды.

Атқарылған осы жұмыстардың нәтижесінде халық арасында өлім-жітім мен науқасқа шалдығу көрсеткіштері төмендеді. Атап айтқанда, жалпы өлім-жітім 4 пайызға, жүрек-қан тамырлары аурулары 9,4 пайызға, жарақаттар мен уланулардан болатын ауру-сырқаулар 5,3 пайызға азайды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар