ЖЕТЕГІНДЕ КЕТПЕШІ!..
Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңнамаға қол қойғаны белгілі. Бұл маңызды құжат қоғамда үлкен талқыға түскен лудоманиямен, яғни, құмар ойынға тәуелділікпен күресуге бағытталған кешенді шараларды қамтиды. Заңның негізгі мақсаты – халықтың, әсіресе, жастардың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ, заңсыз ойын бизнесіне тосқауыл қою болып табылады. Мұнда заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген.
Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі айтарлықтай кеңейтілді. Енді олардың қатарына борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың және оларға теңестірілген тұлғалардың құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуына қатаң шектеу қойылады.
Ал, енді сонда XXI ғасырдың дертіне айналған букмекерлік кеңселердің шығу тарихы қандай? Адамды лудоманияға шалдықтыратын дүние қалай пайда болды? Бұл сұрақтардың жауабы қазір де, ертең де қоғам үшін өзекті болып қала бермек. Сондықтан, біз бүгін құмар ойынның пайда болуы туралы тарихи деректерге сүйене отырып, әңгімелеуді жөн көрдік…
Ежелгі ғасырлардағы қызығушылық
Адамзаттың бәс тігуге деген қызығушылығы біздің заманымыздан 2500 жылдан астам уақыт бұрын басталды. Себебі, ежелгі Римде гладиаторлардың жекпе-жегі ерекше танымал еді. Сол уақытта тұрғындар сүйікті жауынгерлерінің жеңісіне бәс тіге бастаған. Бұдан бөлек, ежелгі Грекияда да Олимпиада ойындары адамдар үшін спорттың нағыз мерекесі еді. Көпшілік жұдырықтасу, күйме жарысы секілді сайыстарға және бәстесуге қызығушылық танытты. Алайда, ол кезде қазіргідей букмекерлік кеңселер болған жоқ. Олар тек сөзбен байлам жасайтын және бәске ақшадан бөлек, құлдарды, жылжымайтын мүлік және басқа да құнды заттарды тігетін.
Археологтар қазіргі заманғы тотализаторлардың алғашқы прототипі біздің дәуірімізге дейінгі 5 ғасырда пайда болғанын көрсететін қолжазбаларды тапты. Тіпті, қазба жұмыстары кезінде ставкаларды қабылдау кезінде сақталуы керек ережелер жиынтығы да анықталды.
ІІІ ғасырда Римде Lex aleatoria деп аталатын заң болған. Бұл адамзат тарихындағы бәс тігуді шектейтін алғашқы заң болып есептеледі. Lex aleatoria-да көрсетілген нұсқаулар бойынша тұрғындардың тек ресми спорттық сайыстарға ғана бәс тігуге құқығы бар. Басқасына жол жоқ және ол заңмен қудаланады.
Сол кезеңдердегі қабылданған заңдардың ставкалар мен құмар ойындардың танымал болғанын және үнемі даму үстінде келе жатқанын көрсетеді. Мысалы, король Людовик 1254 жылы Францияда кез-келген құмар ойындарға тыйым салатын жарлық шығарды. Бұл ережені бұзғандар қамшымен дүре соғумен жазаланды.
Әлемдегі алғашқы букмекерлік кеңсе
1776 жылы Англияда Герцог Ричард Таттерсалл есімді азамат «Tattersalls» асыл тұқымды жылқы аукционын ұйымдастырды. Бұл адамзат тарихындағы ең алғашқы букмекерлік кеңсе ретінде тіркелді. Аукционға қатысушы негізгі аудитория ат ұстайтын ауқатты азаматтар болатын. Олар бәйгеге бәс тігіп, өзара мықтыны анықтады. Алайда мұны толыққанды букмерелік кеңсе деп айтуға тіл бармайды.
Ақпараттарға сүйенсек, алғашқы букмекерлік істің негізін қалаған британдық азамат Гарри Огден. Ол, Ла Герцог Ричард секілді бәс тігуді бәйгеден бастаған. Гарри 1790 жылдары тұрғындардан ат жарысына ставкалар қабылдады. Огденнің пайымдауынша, әр жылқының жеңіске деген мүмкіндігі бар. Тек, проценттік көрсеткішпен есептегенде біреуінде көп, ал кейбірінде аз. Осылайша, британдық азамат бәйгеде бақ сынайтын барлық жүйрікті жіті зерттеп, білімін ақшаға айналдыруды ойлады. Жарыс басталар алдында Гарри көрермендерге бәс тігуге мүмкіндік берді.
Жалпы, Огден ставка қабылдамас бұрын да өте ауқатты адам болған. Сол себепті, ол ойыншыларға ұтыстарын еш қиындықсыз төледі. Алайда, Гарри жарыстың нәтижесіне қарамастан, шығынға батқан жоқ. Керісінше, бәс тігушілердің санының көптігінен таза пайдаға шығып отырған.
1850 жылы Лондонда алғашқы букмекерлік кеңсе мекеме ретінде пайда болды. Бұл ойын мекемесінің негізін қалаушылар екі британдық азамат – Левиафан Дэвис пен Фред Свинделл.
Лондонда пайда болған құмар ойынға деген құмарлық кәрі құрлыққа тез таралды. Англиядан бастау алған бұл дерт Францияға, Германия, кейін әлемнің басқа жерлерінде де пайда бола бастады. Алғашында ат жарысынан бастау алған бәс, кейін футбол секілді басқа да спорттық іс-шараларға тігілді. Бастапқыда, заңсыз деп есептелген букмекерлік кеңселерді 1961 жылы Англияда заңдастыра бастады.
Біздің заманымыздағы букмекерлер
Қазіргі уақытта беттинг әлемнің кез-келген жерінде заңдастырылған. Құмар ойынға тек, Солтүстік Корея, БАӘ және Катар секілді аздаған мемлекеттерде ғана тыйым салынған. 2017 жылы Zion Market Research басылымының мәліметінше, беттинг нарығының көлемі 104 миллиард долларға бағаланды. 2019 жылы сарапшылардың зерттеу нәтижесі бойынша, ТМД елдерінің 81 пайызы интернет арқылы онлайн бәс тігеді. Бұл дегеніміз, ғаламтор пайда болғалы букмекерлік кеңселердің жұмысы қарыштап даму үстінде. Қазіргі таңда, футбол, хоккей және ат жарысы секілді спорттық шаралардан бөлек, президенттік сайлау нәтижесіне, Евровидение секілді сайыстарға да ставка қоюға болады.
«Ақылы ауысқанша ойнау»
Лудомания – сөзін тікелей аударғанда «ақылы ауысқанша ойнау» деген мағынаны білдіреді. Кейде, мұны «құмар ойынға потологиялық тәуелділік» деп те атайды. Бұл адамның психологиялық жағдайын айқындауға арналған медицинада қолданылатын термин. Аталған дертке шалдыққан адам өз-өзін басқара алмайды. Қолындағы соңғы ақшасына дейін ойынға тігіп жіберуге дайын тұрады. Салдарынан адам тек қаржылық қиындықтарға ғана емес, психологиялық проблемаларға да душар болады. Ал, осы лудоманияға душар еткізетін дүние – букмекерлік кеңселер мен құмар ойын.
Лудомания – XXI ғасырдың дерті. Себебі, қазіргі таңда әлемде құмар ойындардан 350 миллион адам зардап шегіп отыр. ДДҰ-ның мәліметінше, жер жаһанда өмір сүретін ересектердің 3 пайызы лудоман. Ал, елімізде бүгін 36 мыңнан астам адам аталған психологиялық дертке шалдыққан. 2022 жылғы статистикаға сәйкес, Қазақстанда құмар ойынның кесірінен 735 адам өз-өзіне қол жұмсаған. Отбасының ойран болып, ажырасуға алып келетін негізгі факторлардың бірі де – лудомания. Себебі, еліміздегі ажырасқан әрбір үшінші отбасы осыған құмар ойынның салдарынан душар болып отыр. Ең сорақысы, қазақстандықтар соңғы үш жылда XXI ғасырдың ауыр дертіне айналған осы ойынға бір триллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Дайындаған:
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
сурет ru.jambylinfo.kz сайтынан.
![]()

