ЕЛ МҰРАТЫ – ЖАҢАРУ
Елімізде саяси реформалардың қисынды жалғасы ретінде жаңадан қабылданатын Ата заңымызда көрініс тапқалы отырған Қазақстан Халық Кеңесі алдағы уақытта қоғамдық диалог пен сарапшылық келісімнің басты алаңына айналмақ. Бұл институт – жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне тікелей қатысуына жол ашатын маңызды қадам.
Ұзақ жылдар бойы Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың бірегей институты ретінде өз миссиясын абыроймен атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы белестерінде Ассамблея халықты біріктіруші күш болды. Алайда, бүгінгі саяси модернизация кезеңі қоғамдық қатысудың жаңа, неғұрлым мазмұнды нысандарын талап етіп отыр.
Қазіргі уақытта қоғамның саяси өмірге белсенді араласуға деген сұранысы артты. Сондықтан, жергілікті жердегі мәселені жақсы білетін мәслихат депутаттарын, үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығын мемлекеттік шешім қабылдау процесіне тарту – уақыт талабы.
Осы тұрғыда Халық Кеңесі ашық, кәсіби және мазмұнды диалогқа арналған заманауи әрі тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналуы тиіс. Оның негізгі функциясы аса маңызды бастамаларды, қоғам үшін сезімтал мәселелер мен ұсыныстарды жоғары деңгейге, соның ішінде Құрылтай форматына шығармас бұрын, оларды талқылау және алдын ала сарапшылық «сүзгіден» өткізуге бағытталуы қажет деп санаймын. Мұндай тәсіл ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға, әртүрлі көзқарастарды ескеруге және неғұрлым салмақты, қоғам қолдайтын шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Халық Кеңесі төрағасының заңнамалық бастама құқығына ие болуы – принципті түрде маңызды мәселе. Бұл Кеңес қызметіне декларативті емес, практикалық сипат беріп, қоғамдық талқылауларды заң шығару процесіне әсер етудің шынайы құралына айналдырады. Осылайша, диалог барысында әзірленген ұсыныстар азаматтардың мүдделері мен үміттерін көрсететін заңнамалық бастамаларға тікелей ұласады.
Сонымен, Халық Кеңесін құру қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдаудағы азаматтық институттардың рөлін арттыруға, қоғамның елдің саяси өміріне шынайы қатысуына, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын және ашық қоғамдық диалог мәдениетін нығайтуға, жергілікті жердің, сарапшылар қауымдастығы мен жалпыұлттық күн тәртібі арасындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Елімізде жобасы жарияланып, жалпыұлттық референдумда қабылдануы тиіс жаңа Конституцияның VІ бөлімінің 70 және 71 баптарына енгізілген Қазақстан Халық кеңесі қоғамдық топтасу жүйесінің маңызды элементіне, бастамалар мен мүдделерді үйлестіру алаңына, сондай-ақ, Қазақстан қоғамының кемелдік индикаторына айналады деп сенеміз. Оның жұмысы азаматтардың мемлекетті басқару ісіне жауапты әрі сындарлы түрде қатысуына, сондай-ақ, қоғам мен билік арасындағы бұрынғыдан тығыз іскерлік байланысты қамтамасыз етуге барынша жол ашады деген сенімдеміз.
Ардақ ҚАПЫШЕВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің
қауымдастырылған профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.
![]()

