Жауапты науқан күн өткен сайын жақындап келеді

КӨКТЕМГІ ЕГІС – 2026

Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы көктемгі егіс науқанына дайындық барысы туралы айтып берді.

Басқарма басшысының мәлімдегеніндей, облыста көктемгі егіс жұмыстарына дайындық белсенді жүргізілуде. Бүгінгі күні алдын ала жоспар жасалып, жалпы егін егілетін алқап 5,5 миллион гектарды құрайтыны анықталған. Оның 5,3 миллион гектарына жаздық дәнді-дақылдар егу көзделген, бұл өткен жылғы деңгейге сәйкес келеді.

– Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс көлемі 4,6 миллион гектарды құрайды, бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 77,6 мың гектарға аз. Осы жерде бір айта кетерлігі, өңірде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс көлемін қысқарту арқылы басқа дақылдардың егісін ұлғайту көзделген. Мұндай дақылдарға майлы, мал азықтық, картоп және көкөніс дақылдары жатады. Ағымдағы жылы дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егісін азайту есебінен майлы дақылдардың көлемі 74,6 мың гектарға артып, 570 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, мал азықтық дақылдардың көлемі 33,8 мың гектарға кеңейтіледі. Картопқа қосымша 6 гектар, ал көкөніске 136 гектар бөлінді, – деген мәліметтерді алға тартты Нұрбек Бақтыбайұлы.

Осылайша, өңірдегі егістік құрылымы диверсификацияланып, өзгерістерге ұшырауда. Жалпы, егіс көлемін тұрақты деңгейде сақтай отырып, облыс біртіндеп дәнді дақылдарға тәуелділікті азайтып, мал азықтық және көкөніс дақылдарының көлемін арттыруда. Бұл ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық көзқарасты білдіреді және аграрлық сектордың азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

– Ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері егіс жұмыстарын жүргізу үшін 539,8 мың тонна тұқым дайындады. Бүгінгі күні шамамен оның 200 мың тоннасы сапа тексерісінен өтті, бұл жоспарланған көлемнің 37 пайызын құрап отыр. Соған қарамастан, шаруашылықтар тұқымдық материалды жаңарту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп, аттестатталған тұқым шаруашылығы субъектілерінен сапалы тұқым сатып алуда. Өңірде түпнұсқалық, элиталық және 1, 2, 3 репродукциялы тұқым өндіретін 36 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар сатылымға 48,3 мың тонна тұқым қорын ұсынады, –деді басқарма басшысы.

Облыста егістік алқаптарына минералдық тыңайтқыштарды енгізуге ерекше назар аударылуда, себебі, бұл тұрақты өнім алудың және топырақ құнарлылығын сақтаудың негізгі факторы болып табылады. Өткен жылы облыста шамамен 336 мың тонна тыңайтқыш енгізілсе, биыл оның көлемін 433,5 мың тоннаға жеткізу жоспарланған көрінеді. Тыңайтқыштарды уақытылы жеткізу үшін «Қазфосфат» және «ҚазАзот» серіктестіктерінің өкілдерімен, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тыңайтқыш сатып алу бойынша келісім-шарттар жасауға арналған кездесулер ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғаспақшы.

Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін дизель отынымен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. Қазіргі уақытта басқарма «gosagro.kz» платформасында осындай электрондық өтінімдерді қабылдап, соның негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі облысқа 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына 76,7 мың тонна дизель отынын бөліпті. Жақын арада өңірлік операторларды анықтау жөніндегі комиссияның отырысы өтеді деп жоспарлануда.

Көктемгі егіс жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуде фермерлік шаруашылықтар мен агроқұрылымдардың қажетті ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтармен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері жалпы сомасы 67,2 миллиард теңгеге 1772 әртүрлі техника сатып алса, биылғы жылдың қаңтар айында 1,1 миллиард теңгеге 11 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алған.

– Айта кету керек, биылғы жылы республикалық бюджеттен «ҚазАгро» желісі арқылы жаңа ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға 300,0 миллиард теңге бөлінген. Жаңа техниканы сатып алумен қатар, егіс науқанына дайындық үшін күнделікті ауыл шаруашылығы техникасын жөндеу және дайындау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні олардың дайындық деңгейі шамамен 80 пайызды құрайды, –деді техника паркін жаңарту бағытында қойылған сауалға басқарма басшысы.

Көктемгі егіс жұмыстарын сапалы жүргізудің ең маңызды мәселесі қаржыландыру болып табылады.  Қазіргі уақытта «Кең Дала — 2» бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарына жеңілдетілген несиелеу жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін ағымдағы агронауқанға 119 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі жалпы сомасы 12,9 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Сонымен қатар, осы айда басқарма өткен кезең үшін тауар өндірушілерге субсидия төлеу жұмыстарын бастайды. Оның көлемі 85,8 миллиард теңгені құрайды.

Брифинг соңында басқарма басшысы көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері ерекше бақылауда екендігін айтып, аграршыларға үлкен сенім білдірді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар