Зерек-зерде

КӨРНЕКТІ ЖУРНАЛИСТ-ЖАЗУШЫ, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ЖАНАЙДАР МУСИННІҢ ТУҒАНЫНА – 90 ЖЫЛ

Осы ақпан айының 13 жұлдызында қазақ баспасөзі мен әдебиетінің белді өкілдерінің бірі Жанайдар Баймырзаұлы Мусиннің туғанына 90 жыл толып отыр.
Кезінде ұзақ жылдар бойы Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» («Көкшетау») газетінің бас редакторы болған ірі баспасөз ұйымдастырушысы, белгілі жазушы, оған қоса, Көкшетау облыстық пратия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы ретінде де соңында үлкен із қалдырған жарқын тұлғаның осынау мерейтойы туған жерінде бірнеше айтулы шаралармен есте қалмақшы.
Атап айтқанда, күні кеше ғана Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында Жанайдар Мусин атындағы оқу залы ашылды. Бүгін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде жазушы атындағы әдеби-зерттеу кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі болып, «Арқа ажары» газеті редакциясының мұражайында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылады.  
Осы шоқтықты шараларға Көкшетау қаласының тарихы музейі жазушының «Жер шоқтығы – Көкшетау» кітабы бойынша өткізетін танымдық кешті және Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде ұйымдастырылатын республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны да қосуға болады.
Ал, қаламгер өмірі мен шығармашылығына арналған онкүндікті 13 ақпан күні сағат 15.00-де Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында өтетін «Ол жазды атын өлместей, Көкшенің көркем тасына» атты еске алу кеші қорытындылайды.

Сарбас АҚТАЕВ,
Қазақстанның құрметті жазушысы

Бір жазда біз үшеуіміз облыстық газетке бір мезетте келдік. Жылға жуық ұстаздық еткен орыс əдебиетінің оқытушысы, мен қаламды қолға қайта алып, мəдениет бөліміне орналастым. Бір ауылда тұрып, кұлын-тайдай тебісіп тете өскен Нөгербек қазақ университетінің журналистикасын ойдағыдай бітіріп кеп, насихат бөліміне аға əдеби қызметкер болды. Ал, Алматыда оқып жүрген Жанайдар газетте өндірістік тəжірибеден өтпек екен. Үшеуміз де салт бас, сабау қамшылы ботатірсек бозбаламыз, арамыздағы он-он бес ай айырмашылық болмаса, жасымыз да шамалас.

Жанайдардың алғашқы мақаласы мəдениет жайында болды. Əдетте белгілі бір жағдайға байланысты əредік бас сұққанымыз болмаса, мұражай дегенді онша елей бермейміз ғой. Жайшылықта оған кіріп-шығып жүретін жұрт шамалы. Сондықтан, оның не істеп, не қойып жатқанында да ешкімнің шаруасы жоқ сияқты. Жас журналист осындай көзден таса, көңілден тыс тақырыпты толғап, облыстық өлкетану музейі туралы көлемі əжептəуір əп-əдемі мақала жазып, алдымызға қойды. Бақсақ, кілтін тапқанға тақырыптың үлкен-кішісі жоқ екен. Бұрын жұмысы шағын хабармен шектелетін мұражай ұжымының алдында да атқарылуы тиіс келелі міндеттер, шешімін күткен күрмеуі қиын мəселелер аз көрінбейді. Жанайдардың соны жан-жақты зерттеп, оралымды тілмен айшықты ойға орап, жіптің түйініндей ғып жұтындырып бере қойғанына разы болдық.

Мақаланың басталуы да тосын, таптаурын емес. Жергілікті бір суретшінің мұражайда ілулі тұрған Көкше келбетін кестелейтін суретін талдай отырып, туған табиғаттың тамаша сұлулығын көз алдына келтірер өнер туындысының əрі мен нəріне бойлатып алады да, оның тарихын айтып, қылқалам шеберінің дарын-қабілетін ашып береді. Содан соң, өзге де осындай өнер туындыларын топтап атап, мұражайға қойылған, көрермен назарын ерекше аударар бұйымдарға тоқталып, олардың талай тағдырын, тағылымдық тарихын қысқаша баяндай келіп, музей қызметкерлерінің ой-пікірін ортаға салады. Мұражайдың зəру, тосып отырған мұқтаждарын тізіп, басшы ұйымдардың алдына мəселе қояды.

Жасыратыны жоқ, осы мақаланы оқығанда «журналиске жаза білу ғана емес, арнаулы базарлық білім де керек-ау, зады» деген бір ой жүрегімді бүлк еткізгендей болды. Жанайдар болса, сол білімі мен білігін ал дегеннен-ақ танытып тастады. Колхоз бастығының жанды-жақты отбасында өсіп, шаруаның қыры мен сырын жастай жақсы ұққан ол, əсіресе, ауыл шаруашылығы тақырыбына шебер екен. Тəжірибедегі екі-үш айдың ішінде-ақ талдауы терең, толғамы ұшқыр талай-талай мақалалар, ойы айқын, дəлелі дəл сындар, өндіріс озаттары жөнінде жап-жақсы суреттемелер жазып, ауызға ілінді.

Баяғы əпербақан Хрущевтің алакүлік саясаты тұсында Арқадағы бес облыстың ана тілінде шығатын газеттері жабылып қап, қанша қаламгер қаламын ұстап, қаңғырып кетті. Туған облысының газетінде оп-оңды қызмет етіп жүрген Жанайдар да аудан үнпарағы редакторының орынбасары болып, алдымен Степняк қаласына барып, артынан өлкелік басылымның бөлім бастығы болды, Ақмолаға ауысты. Одан Қостанайдың облыстық газетіне жауапты хатшы болып барды. Араға екі-үш жыл түскенде Талдықорған облыстық газетіне редактордың бірінші орынбасары болып тағайындалады.

Жетпісінші жылдардың басында облыстық газетке редактор боп Көкшесіне қайта оралған соң, туған жердің тамылжыған табиғаты төтенше əсер етті ме, кім білсін, тағы бір тың творчестволық тынысы ашылғандай, Жанайдардың шабыты шарықтап кетті. Туған табиғат туралы публицистикалық толғаулары мен Жер-ана, Диқан-баба жайындағы проблемалық мақалалары облыстың белгілі адамдары жөніндегі бедерлі очерктері өз алдына, прозаның ең күрделі жанрына тайлықпай түрен тартып, «Ақ алаң»,

«Туған үйдің түтіні» тəрізді романдар, «Жер шоқтығы Көкшетау» секілді тарихи-анықтамалық кесек шығарма жазды. Күнделікті газеттің екі аяқты бір етікке тығып, апы кіргізіп, күпі шығарар қарбалас жұмысының қайнаған қазанының құлағын ұстай отырып, əдеби ауқымды дүние жасау бері қойғанда, жанкештілік əрі барса, ерлік.

Əдебиетті өз өмірінің мəні деп ұғып, зерде түбінде жатқан жиһазды ойды қайтсем де кейінге қалдырып кетемін деп түн ұйқысын төрт бөліп, қиял атын қамшылап, қара жанына дамыл-тыным бермейтін адам ғана осындай нар тəуекелге бел буады. Əйтпесе, санаң сағат сайын сан-саққа жүгіріп, ойың онға бөлініп, қиялың қырық құбылатын газет басқару ісінің өзі бірегей шұғылдануды талап ететін ерекше шаруа емес пе. Соның бəрін бір арнаға сайып, тізгінін тең ұстап, ұштастыра жүргізу ілуде біреудің ғана қолынан келеді. Өз басым Жанайдардың сондай жан-жақты қабілетіне, қарымдылығы мен қайсарлығына тəнтімін.

Оның «Ақ алаң» романын оқи отырып, соғыс жылдары алты-жеті жастағы баланың тұрмыс тауқыметін тартқан тылдағы елдің жүдеубас тіршілігінің күллі көрінісін айнаға түсіргендей айна қатесіз сақтаған зерек зердесіне қайран қаласың. Сүйген жарын сұрапыл майданға аттандырып, үміт үзбей ғұмыр бойы күтумен күн кешкен Базаргүлдің абзал азамат Ақжанға деген адал махаббаты тірлік шырағданындай жарқырап қилы-қилы тағдыр тəлкегінен арандатпай аман алып шығады. Жұдырықтай Марданын медет тұтып, жарының жолына қарап, оның аман келуі үшін жеңісті жақындатуға атсалысып, түн қатып, түс қашып еңбек еткен жас ана арқылы дініне берік, парасаты биік қазақ келіншектерінің қиын кезеңдегі жиынтық бейнесі жасалған десек, артық айтпайсыз.

Ал, енді «Туған үйдің түтіні» романы – айналадағы ортаны аман сақтап, табиғатты анадай аялау жөнінде азаматтық үн көтерген əдебиетіміздегі тұңғыш көркем туынды. Тек соның таңдамалыларына кіргенде қысқарып кеткеніне көзі тірісінде автордың өзі де қатты опынып жүрді. Дəл сол кезде Орталық Комитеттің маскүнемдікке қарсы қаулысы шығып, көркем шығарманың арақ-шарапқа қатысты тұстары жөн-жосықсыз сызылып қалғаны бар. «Апыр-ай, ағашты сатқызатын да, орманшыны атқызатын да арақ деген арапшы екенін жұрт қалай білмейді?! Орман қорғау жайында жазылған шығармалардан ондай жерлерін алып тастаған соң не күн қалады?» – деп талай ренжіп, күйінгенін көзіміз көрді.

Жанайдар тақырыпты тез тауып жəне оны жедел жазып тастайтын қиял қанатты, қаламы қуатты жазушы еді. Бірде демалыста жүріп екеуміз менің нағашыларым – Ақан сері ауылына барғанымыз бар. Бір туысымның үйінде отырып, бала күнімде дəл осы үйдің төрінде іш жақта жүрген Мейрам деген көкірегі кеніш бір қариядан Ақан ағаның «жырымның аузын жалақ, арқасын жауыр етесіңдер» деп, ешкімге өлең үйретпегенін есіткенімді айттым. Оның дəлелі ретінде сері «Балқадиша» əнін алға тартады екен.

…Жаздың күні Жыланды баурайындағы жастардың бір жиынында кірпияз қылап ақынның жанында отыруға бір қыздың жүрегі дауаламай Жаулыбай Дүйсентегі Ыбырай дегеннің бойжетіп отырған ажарлы да ақылды қызы Қадиша шығыпты. Атақты əнші əн салғанда, ол бетін жібек орамалымен желпіп қана отырыпты дейді. Бозарып таң атып, жиынның шеті сөгіліп, жұрт тарқап жатқанда, Ақанның рұқсатынсыз орнынан қозғалуға батпай, иба сақтап отырған қызға келіп екі жеңгесі ым қағады. Соны сезіп сері табан аузында əнімен бірге суырып салып:

Қызы едің Ыбекемнің Балқадиша,

Ішінде тама қыздың хан Қадиша.

Бір емес, екі жеңгең шақырып тұр,

Рұқсат, бізден сізге бар, Қадиша! – депті.

Табанда туған тың əн шырқалғанда əуенге арбалғандай төбеде шырылдап бозторғайлар тұрып алса керек.

Кей жігіттер сол əнді «Бұралған белің нəзік тал Қадиша» деп айтатын көрінеді. Жарқыным-ау, талдан қорап жасап, онымен көң-қоқыс төкпеуші ме еді?! Ал, періштедей Балқадишаны мен өлсем де талға теңермін бе! – дейді екен Ақан ағаң.

Осынау əңгімені естісімен оны Балқадиша ауылынан жинаған деректермен дəлелдеп, тың дүниелер жинап, Жанайдар көп ұзатпай «Балқадиша» атты əп-əдемі повесть жазып тастады. Былайша айтқанда, бұнысы əпжілдік деуге де, алғырлық деуге сиярлық қасиет. Жеделдікті, жүйріктікті талап ететін журналистикадан дарыған дағды шығар, бармағын сорғандай бір шығарманы бəлен жыл жазып, ұзақ сонарға салу оған жат болатын. Жариялануы болмаса, жазылуы созылмайтын.

Сөйтіп, бір кітаптан кейін бір кітап дүниеге келіп, газеті бүкілодақтық көрмеге қойылып, бəйге алып, өзі журналистердің одақтық сыйлығына ие болды. Алайда, өзі кейінгі кезде жиі ауырып, төсек тартып қалатынды шығарды.

Кейде Алматыда қызмет бабымен іссапармен болғанда арнайы келген жиналысына қатыса алмай, ауырып жатып қалатынын талай көрдік. Мейманханасына дəрігер шақыртып, дəрі ектіріп, үйден ыстық ас апарып, шайын қайнатып беріп күткен кезіміз аз болған жоқ. Тақа болмаса, үйге алып келіп бəйек боламыз.

Алматыға келсем-ақ, қарадай сендерді əуреге салып қоятыныма қысыламын. Əйтеуір бір дəулет қонды, түбі не ғып шығарын кім білсін. Қысылып қалсам, бас сүйер сендердің осында тұрғандарың қандай жақсы болған, – деп мұңаятын.

Оқа емес, «тұщы ет ауырмаққа» деген, ара-тұра ауырып қоймаса, адам денсаулықтың қадірін білмей, тіршіліктің тəтті екенін ұмытып кетеді, – деп, əзілге шаптырып, жұбатпақ боламыз біз.

Обком хатшысы болып сайланғаннан кейін оның денсаулығы тіптен құлдырап кетті. Тоқсан бірінші жылдың басында Мəскеуде Кремль ауруханасында жатқан жерінен іздеп бардым. Алдын ала телефондасып алған соң, ол аурухана қалашығының кірер аузынан қарсы алды. Сəукеледей селебе қарағайлардың арасындағы жолмен қарды сықыр-сықыр еткізіп келе жатқанда ол:

Қанша күн от оттап, су ішерімді қайдам, еңсемді басып, бойымды бір көтертпей қойды ғой бұл сырқат, – деп көзінен ыршып кеткен жасты теріс қарап қолының сыртымен сілкіп тастады.

Қой, бұлай босама, жігітке ол жараспайды. «Ауырып жазылған жан олжа, жоғалып табылған мал олжа», – деп жігер берген болдым, бірақ іштей жүрегім жылап тұрды.

Жанайдар елдің ең игі əдет-ғұрпын, жақсы дəстүрін жандандыруға сөзімен де, ісімен де көп еңбек сіңірді. Газеттің белді басшы қызметкерлері Жомарт Оспанов пен Хакімтай Əміров қайтыс болғанда бүкіл жабдығын журналистер ұйымы мен редакцияға атқартып, қашан екеуіне де басына құлпытас қойылғанша қара жанына дамыл болған жоқ. Менің атам мен əкем қайтыс болғанда да қайғымызды бөлісіп, қасымызда болды.

Айтқандай əкем дүние салғанда, ол төсек тартып үйінде жатыр еді. Мазаламайық деп хабар бермегенбіз. Кенет жерлеген күні Райхан екеуінің жетіп келгені ғой.

Апыр-ай, əтəйға топырақ та сала алмадым-ау! Есіткенім жоқ, түсте газетте көрдім. Ондағы жігіттер де ештеңе айтпай осында өздері тартып отырыпты. Ал, біздің обкомда жөн-жосық білетін мұсылман бар ма? – деп қатты күйініп келді. Өңі өте жүдеу, бұрын денесімен дене болып тұратын киімдерінің бəрі қолбырап қалыпты.

Біздің жақта өлік шыққан үйде үш күн бойы ас пісірілмейтін дəстүр бар. Бір інішектің үйінде ұзақ кеш отырып, ата-аналарды еске алып, өткен-кеткенді айтып, біраз шер тарқатып іш босаттық. Үркер туа олар көлігіне от алдырып, Көкшетауға қарай тартты. Орманның қылтасынан асып, қараңғылық қойнына кіріп көзден ғайып болғанша соңынан қарап тұрдық. Наурыздың сол күңгірт кеші соңғы кездесуіміз екенін онда кім білген?!

 Туған елдің тұғыры биік болсын деп

Әрине, қай жазушының болсын, артында қалған шығармаларын түгел оқысаң оның жан-дүниесіне, ой-әлеміне, болмыс-бітіміне жақындай түсесің, оның арман-мақсаты, ниет-тілегі әлемін  кезесің. Біз де Жанайдар Мусиннің «Ақ алаң», «Туған үйдің түтіні» романдары, «Мандат» роман-хроникасы, «Үміт» атты кітабына жинақталған әңгімелерін, «Жер шоқтығы Көкшетау»  деректі толғанысы, өндіре жазған очерк, көсіле жазған  көсемсөздерін оқи отырып, қаламгердің жалпы адамзат құндылықтары мен атадан мұра болған қазақы қағидаларды насихаттауға ұмтылысын, үлкен адамгершілік ұстанымы мен мейірбан жүрегінің қағысын сезінгендей болдық.

Тағдыр тауқыметін ерте тартуы, бала күнінен оқуға зеректігі, табандылығы, талмай ізденуі оны азамат ретінде шырқау биікке көтергендей. Өйткені, қай шығармасынан  болмасын оның сол биіктігі мен тазалығын, жақсылыққа құштарлығын аңғару қиын емес. Қандай қиын-қыстау күндерді, қиын жағдайларды, қанқұйлы оқиғаларды суреттеп отырса да  үзілмейтін үмітті, ақ арманды, ертеңге деген аққанат сезімді сезініп отырасың. Оның жүрегінің соншама сезімталдығын, үлкен романтик, лирик тұлға екенін байқайсың. Осындай нәзік жүректі жазушы өлең де жазған шығар-ақ, деп ойлайсың.

Ал, естелік мақалаларда оның тамылжытып ән салғандығы, адам көңіліне дақ салмауға аса мән беретін аңғарымпаздығы жиі айтылады емес пе? Мәселен, « Балқадиша» әңгімесін оқысаңыз, оның өмір өрнегі мен өнер өрісіне деген үлкен талғамының куәсі боласыз. «Шілденің қапырық кеші тынысты тарылтып, буып тастағандай бүгін Серке ауылы тылсым тыныштық құшағында мүлгіп тұрып қалып еді. Кенет Ащылы бойынан зарлы сарын естілді. Тосын булығып шыққан кешкі сарын азалы әуезге көшіп, сарнап барады. Ішті тырнап өкінішпен өксиді. Өкініш пен күйініш ұласып келіп, жоқтаудай булығып барып, аңырап жөнеледі. Ботасынан айырылған аруанадай аңырап, сай-сүйегіңді сырқыратады. Жан ашуы күйіндіріп, солқылдатады» деп басталады, бұл әңгіме. «– Апыр-ай, ақын соңғы кезде қалай қолқаласаң да Құлагерді айтпайды деуші еді, көңілдің шерін бір тарқатып, мінәжат еткені ме екен, мұнысы?» деп, Ақанның ішкі жан-дүние тебіренісін тереңнен бір аңғартып, ынтықтыра түседі. «Мұндай жылы иірімдер шипалы әсер еткендей жанға жайлы жағып, Балқадиша балқи түсті. Он алтыдан енді ғана аттаған бұл өмірінде балапан жүрегін мұнша әлдилеген ән естіген жоқ», «Жүректің қылын қытықтаған әсем әндердің бірнешеуін Балқадиша да ай мүйізді өрнегімен ырғалтып, қос ішек пен тоғыз пернеден махаббаттың шапағатты шұғыласын төгілте түрлентті.» деп Балқадиша жан-дүниесін аша түседі. Әңгіме емес, бейне бір өлең оқып отырғандай халде боласың…

Бүгінгі тоқталмағымыз, жазушының «Туған үйдің түтіні» романы еді ғой.

…Бұл роман Бәтіш атты адал тілекті ананың , оның жалғыз ұлы Нұртілектің басынан өткен , оған қатысты адамдардың өмірі жайлы. Бәтіш көңілі қалаған, құлай сүйген адамына қосыла алмай, жасынан  арам ойлы, қара ниетті Қасқырбайдың қақпанына түсіп қапа болса да, отбасының тыныштығы үшін бар тауқыметті арқалаған кейуана. Ендігі үміті көзінің қарашығындай Нұртілегі. Бірақ, ол  өз бетімен әділдік, шындық іздеймін деп сүрінеді. Анасының айтуымен Берлин түбінде ерлікпен қаза тапты деп жүрген әкесінің арамза әрекеттеріне көз жеткізеді. Ана бейбақ пәлен жылдап ат ізін салмай кеткен перзентін күтіп, «осы үйге келеді ғой» деп, орман ішіндегі қара шаңырағында ошақ отын өшірмей, түтінін түтетіп отыра береді. Қабырғасы сөгіліп, әбден шөккен ескі үйі жарық-жылусыз, қара боранда қар астында да қалады. Жалғыз ұл жоқ. Алайда, өмір шіркін жақсы адамдарсыз емес қой. Баласымен бірге ойнап өскен Әзтай, адал ниетті замандасы Айтан сияқтылар оған қамқор болады. Бар азаптан өтіп, әкесінің қандай жан екеніне әбден көзі жетіп, жабысқан жаманат өтеуін өтеп, енді алып-ұшып үйіне келгенде анасы байғұс мұны көрмей  жан тапсырады. Өкінішті.

Айтан ағасының ақылы: «– Анаңның ақ сүтін ақтағың келсе, адам бол. Шешеңнің сары майдай сақтаған шаңырағыңа ие болып, биікке көтер, ақтық демі бітіп, көзі жұмылғанша отын өшірмей, сөндірмей кеткен отын маздатып, туған үйіңнің түтінін түтет.». Қайран да қайран қасиетті  ананың зираты басында дұға оқып болып, тағы бір айтқаны: «Топырағың торқа болсын, Бәтіш.Тілеуің құрдымға кеткен жоқ. Балаң келді. Үміт жібін үзбес, туған үйінен кетпес, ол. Бақұл бол!»

Кітап кейіпкерінің осы сөзі көпке ой салмас па?

–Айтеке, түсіне білгенге, ой тоқырлық түйінді пікір айттыңыз. Рақмет. Әуелден есігімді қатты серпіп кеткен адам емес едім. Араға әзәзіл жүріп, азып кетуден аз-ақ қалыппын. Алды-артымды кеш аңдадым. Әке деп үздігіп барып, үзіліп қайттым. Ендігі өмірім кіндігімнің жас қаны тамған жерде өтер. Шаңырағымды жаппаймын, түтінімді түтете беремін, – дейді, жаны күйзеліп, ауыр ойдан, қайғыдан  теңселген, анасының өзін күтіп, қиналумен өткізген өмірін көз алдынан өткізген  Нұртілек.

Соңында, туған анасына да, өзіне де, өзгеге де жасамаған қиянаты жоқ, енді барар жер басар тауы жоқ, ауруға шалдыққан әкесін Нұртілек қамқорлығына алған.

– Қалай кешірдің, Нұртілек-ау? – деген досы Әзтайға жауабы:

– Әзеке, сені әлі тойға да шақыра алмай жатырмыз. Биыл егіз сәбилі болдық қой. Солардың әкесі болған маған өмір берген бір түйіршік қаны үшін бәрін де кешірдім…

Міне, Жанайдар Мусиннің «Туған үйдің түтіні» романы осындай түйінмен аяқталады.

Осылайша, мейірімнен мейірім туған. Қалай, қандай болса да туған әкесін ұлы далаға тастамаған. Қамқорлығына алған. Осы тақырыпты дәл бүгін ескірді дей аламыз ба? Ата-анасын қаптаған қарттар үйіне итере салу көбейіп бара жатыр ғой. Демек, жазушының бұл шығармасы көбірек оқылып, тереңірек талданып, қалың  оқырманға қолжетімді етілуі керек.

Басқа шығармаларындағыдай, бұл романында да автор тілінің шұрайлылығына, кестелі көркемдігіне көз жеткіземіз. Тағы да оның оқырманды жалықтырмас сюжет құру шеберлігіне кез боламыз. Оқиға күтпеген шешімдермен өрбиді, тосын бұрмаларымен баурайды. Ал, табиғат-ананы суреттеуі, оған деген жанашырлығы, туған жердің әр тасын қастерлеуі Жанайдар Мусиннің айнымайтын бағдары, қалт етпес қағидасы. Дәлірек айтсақ, жазушы туған өлке табиғатын қалай тебірене сипаттап, аяласа, ақ ниетті адам жанын, жүрегін де солай аялайды.

Жазушылық шеберлігінің озық  бір көрінісі, біздіңше,  оның деталь әсерін орынды пайдалануы. Нұртілектің қара ниетті Қабидың үйіндегі Қариолла әти мен бәйбішесі, тіпті қарындасының да, бәрінің арам пиғыл, құрған тұзақ, жымысқы айлаларынантұншығып, таза ауа жұтқысы келіп, далаға  атып шығатын тұсы бар емес пе? (102-103 беттер). Сол оқиға туралы оның әңгімесі былай баяндалады: «Бірақ, әлдене қолқамды қауып қалды. Е-е, осы үйдің алтыны мен басқа да байлығының көзі – жексұрын малманың иісі екен ғой. Бір бұрышта үйіліп, мүңкіп жатқан жас терілердің күлімсісі қосылып, екі өкпемді қысып барады. Жанұшырып қай бұрышқа барсам да, былғары илейтін өгіз терілері, тон илейтін қой терілері, мәсілік былғары шығатын ешкі терілері, бөлек-бөлек, текше-текше болып, дәл танауымның алдынан тіреп шыға келеді. Мұрнымды басып, лоқсып, жанымды қоярға жер таба алмай, бір есікті аша-маша ішке қойып кетіп едім. Әлдеқандай жылбысқы былжырақ бірдеме маңдайыма былш ете түсті. Басымды көтеріп қарасам, қатар-қатар сырғауылдардың үстіне самсатып жайып тастаған жас қайыстанған былжырақ терілер». Бұл – Нұртілектің ішкі аласапыран әсерінің көрінісі тәрізді. Болған оқиғаны оқырман  осылайша тереңірек түсіне, сезіне түседі.

Бұл роман кезінде О.Бөкеев, Б.Қанатбаевтардың рецензиясымен жарық көрген, одан басқа Ж.Мусин шығармалары туралы С.Жүнісов,К.Салықов, Ғ.Қайырбеков, С.Ақтаев  сияқты атақты ақын-жазушылар оң пікір айтқан. Сондықтан, біз автордың қай шығармасына болмасын баға беруден аулақпыз. Мақсатымыз күні бүгінге дейін актуалдылығы жойылмаған Ж.Мусин шығармаларына оқырман назарын аудару ғана еді.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.

***

Жанайдар! Жанайдар! – деп жан дауысым,
Жаңғыртып тұрады ұзақ әр тау ішін.
Япыр-ау, қайда сабаз, қайда кеттің,
Мен түгіл, жел жоқтайды, тартады ішін!
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ.

***

Көгілдір таулар ішінде,
Көрінген кербез ол бірі.
Жасыма достар, жасыма,
Еңбегі белгі басына.
Ол жазды атын өлместей,
Көкшенің көркем тасына!
Кәкімбек САЛЫҚОВ.

 

Қазақстанда Көкшетауды көрсем деп құмартпайтын адам аз болар. Ал, Көкшетауға барған қаламгерлердің ішінде Жанайдар Мусиннің құрметін көріп, кішіпейілділік қызметіне тәнті болмаған жазушы жоқ шығар…

Әзілхан НҰРШАЙЫҚОВ,
Қазақстанның халық жазушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар