Шәрапидің ізімен

ШƏРАПИ ƏЛЖАНОВ – 125

Қазақ халқы тарихтың талай сындарынан өткен, қайсар да рухты халық. Ғасырлар бойы ел басына түскен ауыртпалықтар, соғыстар, ашаршылықтар мен қуғын-сүргіндер ұлттың тағдырына терең із қалдырды. Соған қарамастан, халқымыз өз болмысын, тілін, дәстүрін сақтап қалды.

Саяси қуғын-сүргін жылдары Қазақстанда шамамен 100 000 адам сотталып түрмеге қамалды, жер аударылды,  25 000-нан астам қазақтың қаймағы саналатын арда азаматтары атылды, соның салдарынан көптеген отбасылар мен тұлғалар жапа шекті.

Кеңес үкіметі 1937-1938 жылдары көптеген қазақ зиялыларын саяси қуғын-сүргінге ұшыратып, «халық жауы» деп айыптады. Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сияқты тұлғалар жазықсыз жазаға ұшырады.

Шәрапи Есмұхаммедұлы Әлжанов (кейде Шарафи Әлжанов деп те айтылады)  та XX ғасыр басында ғұмыр кешкен қазақтың қоғам қайраткері, ғалымпедагог, сондай-ақ, саяси қуғынсүргін құрбандарының бірі. Шәрапи Есмұхаммедұлы Әлжановтың туғанына биылғы 2026 жылдың 19 ақпаны күні 125 жыл толады.

Ол 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен ұсталып, КСРО Жоғары сотының әскери коллегиясының үкімімен ату жазасына кесілді. Денесін Алматы қаласында «ату жазасына» кесілген құрбандарды 40 шақырым жердегі қазіргі Жаңалық ауылының аумағына жасырын көмген. Бұл тек 1989 жылы жер телімдері бөлініп, үй құрылыстары басталған уақытта ғана анықталды. ҰҚК-нің архивынан алынған мәліметтер бойынша Жаңалыққа 4119 құрбан жасырын көміліпті.

Шәрапи Есмұхаммедұлы 1901 жылы ақпанның 19 жұлдызында бұрынғы Көкшетау уезінің Ақсары болысы Бекшебай қыстауында, қазіргі Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. 1915–1918 жылдары Щучинск бастауыш училищесін (қазіргі Щучинск педагогикалық колледжі) бітірді. 1914-1917 жылдары Омбы қаласындағы қазақ жастарының «Бірлік»  ұйымында төраға болды. 1916 жылы «Бірлік» ұйымының төрағасы ретінде «Балапан» журналын шығарды. 1917 жылғы 1-4 қазанда М.Жұмабаевпен бірге «Алаш» партиясының бағдарламасын қолдады. 1919 жылы Қызыл Армия жағына өткен бұрынғы Алаш милициясы мүшелерінен құралған атты полкті басқарды. Одан әрі 1920-1921 жылдары  Бийск қаласындағы қырғыз (қазақ) атты полкінің саяси жетекшісі болды. 1921-1922 жылдары Орал қаласында 121-дивизияның кавалерисі, саяси комиссар, 1922-1923 жылдары Ақмола қаласының уәкілетті комиссары болған. 1925 жылы Мәскеуде 9 айлық жоғары тәрбиешілер курсын аяқтап, 1927 жылға дейін Орынбор қаласындағы әскери мектептің оқытушысы болып жұмыс істеді. 1927-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы өлкелік кеңестік партия мектебінің оқытушысы, кейін 1929-1930 жылдары сол Қызылордадағы Қазақ халық ағарту институтының директоры атанады. Институтқа Шәрапи Әлжанов басшылық еткен кезеңде онда С.Сейфуллин, С.Меңдешев, Т.Жүргенов, Қ.Жұбанов сияқты қайраткерлер де жұмыс істеді. Одан кейін Мәскеудегі педагогикалық ғылымның ірі орталықтарының бірі бұрынғы Н.К.Крупская атындағы Коммунистік тәрбие академиясын, қазіргі А.И.Герцен атындағы Ресей мемлекеттік педагогикалық университетін бітіріп, жоғары оқу орнының оқытушысы, доцент ғылыми дәрежесіне ие болған. «От колониально-царистской школы к советской политехнической школе Казахстана» атты ғылыми еңбегін қорғады.

1930-1932 жылдары Ұлттар ағарту институты жанындағы ғылыми-зерттеу тобының мүшесі (қазіргі Мемлекеттік ағарту университеті), 1932-1938 жылдары Педагогика кафедрасының меңгерушісі және педагогика ғылыми-зерттеу институтының директоры қызметін атқарған. Сондай-ақ, ол Алматы қаласындағы №12 мектеп-гимназия мұғалімдері арасында үлкен қоғамдық-тәрбиелік жұмыс жүргізді. 1933-1937 жылдары Құдайберген Жұбановпен бірге Мемлекеттік терминология комиссиясының төрағасы, «Гостерминком бюллетені» журналының редакторы болды. Сонымен бірге, ол қазақ, орыс, неміс және КСРО халықтарының тілдерін білген алаштың ардақтысы. 20дан астам ғылыми еңбек жазған, соның ішінде мектептер мен педагогика саласындағы зерттеулері бар.

Шәрапи Әлжанов туралы жерлесіміз, жазушы-журналист Төлеген Қажыбаевтың «Сәуле – менің ауылым» кітабында жиені Темірбай Көбеновтың айтуымен шағын мақала да жазылған.

2017 жылы Біржан сал ауданында Тұрсын Жұртбай, Серік Негимов бастаған ғалымдардың қатысуымен «Алаш арыстары және Тәуелсіздік» тақырыбында өткен ғылыми конференцияда деректі материалдың тапшылығынан Шәрапидің тұлғасы, өмірі мен шығармашылығы толық ашылған жоқ. Сол жылы Біржан сал ауданындағы Сәуле орта мектебіне Шәрапи Әлжановтың аты берілді, оның еңбегіне құрмет көрсету белгісі ретінде әрі есімін халықтың жадында мәңгі сақтау үшін мүсіні орнатылды.

Сол кезеңнен осы уақытқа дейін Шәрапи туралы қанша толғанғанымызбен, берекелі іс тындырылмады. Дегенмен,  мазам кетіп Шәрапидің ізіне қалай түсемін деген арман ойымнан әсте шыққан емес. Сөйтіп, биылғы жылдың қазан айының 3-і күні Алла сәтін салып, көп уақыттан бері хабарласа алмай жүрген бауырым, інім Азамат Тарханға (осыдан7-8 жыл бұрын танысып едік) қоңырау шалып, сондағы Шәрапи туралы болған әңгімені есіне салып, кітап жазсақ қайтеді деп қолқа салдым. Құдай тілеуімді беріп, ол бірден келісе кетті. «Еңбегіңе не аласың?» – деп сұрадым. «Ештеңе де алмаймын, намыс үшін!»- деп жауап берді.

Менің мақсатым – есіл ер  Шәрапидің есімін жаңғырту, еңбегін жариялау, кітап шығару, жоқтаушысы болып, ғұмырын ұзарту еді. Себебі, Шәрапи Әлжанов 1959 жылы ақталғаннан бері аты аталмай көлеңкеде қалып қойған ғалым.

Тархан ұлтжанды, өте білімді және тарпаң мінезді, намысшыл болып шықты. Тарихи деректерді Қазақстан Республикасы Президентінің, Мемлекеттік, Бийск, Орынбор, Қызылорда. Ақтөбе, Санк-Петербург, Мәскеудегі Н.Н.Милхлухо — Маклай атындағы этнология және антропология институтының, Абай атындағы қазақ Ұлттық университетінің  мұрағаттарынан, Ұлттық кітапханадағы Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінен цифрландыру мен жасанды интеллектінің арқасында толық жинап алдық. Өткен жылдың желтоқсан айының 22-27 аралығында Алматыға арнайы барып, ондағы қуғын-сүргін құрбандары жерленген аймаққа барып Құран оқыдым, музейді араладым. Онда Шәрапиге арнап қойылатын ескерткіш тастың орнын белгіледік. Абай атындағы ҚазПУ-дің ректоры Б.Тілеппен, М.Әуезов музейінің директоры Д.Қонаевпен, Мемлекеттік мұрағаттың директоры С.Шілдебаймен, Ұлттық кітапханасының директоры Ғ.Қ.Нұрғалиевамен кездесіп, кітапқа керек материалдар жайлы, Шәрапидің 125 жылдығына арналған іс-шаралар туралы ақылдастық. Онда мен Ұлттық кітапханада өткен ғылыми конференцияға қатысып, сөз сөйледім. Осының бәрінде жол  көрсетіп, кеңес беріп, қасымда інім Азамат Тархан болды. Өзінің кәсіпқой тарихшы, мұрағатшы екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.

Кітаптан Шәрапидің өмірі мен шығармашылығы, еңбектері,  педагогикалық идеялары туралы толық мәлімет ала аласыздар. Әлжановтың педагогикалық еңбектері мен мектептердің дамуына қосқан үлесі бүгінгі білім саласында зерттеледі.

Мына бір қызық фактіге назар аударайық. Шәрапи Әлжановтың  «Жеке іс қағазы» ҚазПУ-дің Педагогика және психология ғимаратының жертөлесінен табылды. Аяқ астында шаң басып, жоғалуға айналған құжатты мұрағат меңгерушісі Тамара Викторовна Головнева сақтап қалыпты. Ұлты басқа болса да ғалымға жанашырлық танытқаны үшін оған «Алла разы болсын» дейміз. Бұдан біз Шәрапи Әлжановты, тіпті, ҚазПУ-дің өзі іздемегенін көреміз.

Қалай болғанмен де, 1959 жылы КСРО Жоғары сотының шешімімен Шәрапи Әлжанов ақталды (реабилитацияланды). Саяси репрессия кезінде көптеген қазақ зиялыларының отбасылары да зардап шеккені белгілі. Әсіресе, олардың әйелдері мен жақындары «халық жауының жұбайы» ретінде ұсталып, «АЛЖИР» және басқа лагерьлерге жіберілді. Шәрапи Әлжановтың жұбайы Гүлбарам Әлжанова да «АЛЖИР»-дің қасіретін екі жыл тартқан екен. Тар қапастан құтқарып, ақтап алған Гүлбарамның ағасы Сұлтанбектің қызы сол кезде судья болған Раися Бекқызы Құрманғалиева болатын.

Сұлтанбек Құрманғалиев пен Шәрапи Әлжанов Мәскеуде бірге оқыған. Шәрапи Сұлтанбектің қарындасы Гүлбарамға ғашық болып, 1925 жылы отбасын құрады. Олардан Эмиль және Ирик атты екі ұл туады. Осы екі ұлды Гүлбарам «АЛЖИР»-де болған уақытында Раися Бекқызы жеңгесі Мәриям Жагорқызының қолына тапсырады.

Сонымен, Шәрапи Әлжановтың туғанына 125 жыл толуына орай ағымдағы жылдың 18 ақпаны күні Алматының маңындағы Жаңалықта құлпытас ескерткіші ашылып, Құран бағышталады, одан кейін Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогика университетінде «Тұңғыш профессор Шәрапи Әлжанов және ҚазПИ» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді. Конференцияға ҚазПИ-ге Абайдың атын беруге бар күштерін жұмсаған Шайхислам Бекжанов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Сәдуақас Боқаев, Ғаділше Аяпбергеновтердің ұрпақтары, Алматы облысы әкімінің орынбасары, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарынан, Алматы, Астана қалаларынан белгілі тарихшылар мен педагог ғалымдар, ҚР ұлттық мұрағатының, ҚР Ұлттық кітапхананың басшылары мен ғылыми қызметкерлері, Шәуілдір ауданының әкімі және Шәрапи Әлжановтың  туыстары қатысады деп күтілуде.

«Шәрапидің шапағаты» кітабының электрондық нұсқасы дайын.

Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар