КІТАП ОҚЫҢЫЗ!
Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» атты романының тұсаукесері болып өтті. Іс-шара «Амангелді Иман» қоғамдық қорының төрайымы Толқын Сұлтанованың бастамасымен ұйымдастырылды.
Аталмыш кешке Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Алтынбек Нұхұлы, ақын Қазыбек Иса мен Нұржан Әшімбетов, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, белгілі жазушылар, атап айтқанда Мәди Айымбетов, Айгүл Кемелбаева, Еуразия Ұлттық университеті журналистика кафедрасының деканы Нұржан Қуантайұлы, екібастұздық Жұмағали Қоғабай, журналистика ардагерлері Бәдуан Имаш, Талғат Қасен және тағы басқа зиялы қауым мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында сөз алған адамдар жаңа романның тақырыбының тосындығын, композициялық құрылымын, оқиғаның өрбуін, автор тілінің жатықтығы мен оның басқа да жетістіктерін айта келіп, бүгінгі заманауи прозаға қосылған өз айтары бар көркем шығарма екенін атап өтті.
– Бұл шығарма әлеуметтік желі бетінде «детективтік роман» деп аталып жүргенімен, бұл таза детективтік туынды емес. Негізінен экшн жанрына жатқызған дұрыс болар. Кітаптың құрылымы шытырман оқиғалы, бұның ішінде ұлттық нақыш та, кейіпкер монологы да, новеллистика элементтері де бар. Оқиғасы шымыр өрілген, оқырманды еріксіз жетелеп отырады, – деп белгілі әдебиеттанушы-ғалым Серік Негимов романға өзінің жоғары бағасын берді.
Жазушы Мәди Айымбетов өз кезегінде Сайлау Байбосынды ең алғаш көргенде дарынды ақын ретінде танығанын айтып, оның ертеректе жазылған Махамбет Өтемісовке арнаған бір керемет өлеңіне тоқталды, сондай-ақ, аталмыш шығарма жайлы кеңінен қаузап, роман жанрының барлық талабына жауап беретін туынды екенін атап өтті.
Кітап авторы Сайлау Байбосын шығармаларымен бұрыннан таныс сенатор Алтынбек Нұхұлы аталмыш кітап жайлы өз ойын білдіре келіп, автордың ақындық, шежірешілік, өлкетанушылық және мұрағаттардағы ізденушілік қырларына арнайы тоқталып, прозадағы осы бір үлкен туындысы бүгінгі оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесі болатынына сенімін білдірді.
Роман жайлы өз пікірлерін білдірген мәжіліс депутаты Қазыбек Иса аймақта тұратын қаламгерлердің туындылары демеушілер арқылы өте аз данамен шығатынын, сондықтан, жақсы шығармалар қалың елге жетпей жататынын айта келіп, аталмыш кешке себеп болып отырған «Ажалын жоғалтқан адам» романының бар болғаны 200 данамен ғана шыққанын, бұл секілді романның кем дегенде 2 мың данамен шығуы керектігін жеткізді. Сондай-ақ, жиынға қатысқан Айгүл Кемелбаева, Нұржан Қуантайұлы, Бадуан Имаш секілді қаламгерлер мен кәсіпкер Еркін Сейітжанов та шығарма жайлы өз ой-пікірлерін білдіріп, романның шытырман оқиғалы фильмге сұранып тұрған дайын дүние екенін атап өтті.
Тұсаукесер барысында қатысушылар алдағы уақытта автордан бұдан да тартымды дүниелер күтетінін айтып, шығармашылық табыс тіледі.
Кітап авторы жиын соңында сөз алып, жиналған қауымға және отырысты мағыналы етіп жүргізген белгілі актер Сағаділда Үсібәліге, БАҚ өкілдеріне алғысын білдіріп, романның қалай туғанын, оған не себеп болғанын қысқаша баяндап, кешті ұйымдастырушы «Амангелді Иман» қорының төрайымы Толқын Сұлтанға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 20 томдығын сыйлады.
Кітап авторы мен ұйымдастырушылар тұсаукесер кешті өткізуге қолайлы жағдай жасағаны үшін Ұлттық кітапхана қызметкерлеріне алғыс білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

