Ұлттық рухты асқақтатқан Наурыз мейрамы

Наурыз нақыштары

Ақмола облысының орталығы көрікті Көкшетау көктеммен бірге түлеп, биылғы Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін айрықша сән-салтанатпен қарсы алды. Бұл жолғы мереке тек думанмен ғана емес, ел рухын көтерген ауқымды бастамаларымен де ерекшеленді.

Абылай хан алаңында өткен «Қара жорға» биін билеу шарасы мен жаңа жағалауда өткен Наурыз мерекесіне облыс әкімі Марат Ахметжанов қатысып, халқымыздың көнеден жеткен дәстүрлі көктем мейрамымен құттықтады.

– Қасиетті Ақмола жері қашанда бірліктің бесігі, талай таланттың мекені болып келген. Бүгін алты жастағы балалардан бастап, ақылгөй ақсақалдарымызға дейінгі азаматтарымыз «Қара жорға» биін билеп, халқымыздың болмыс-бітімін күллі әлемге паш етуде. Бұл би жай ғана қимыл емес, ол жылқының әсем жүрісін, кең даланың еркін рухын бейнелейтін өнер. Біздің міндетіміз осы асыл мұраны жаңғыртып, оны жас ұрпаққа аманат ету, – деді облыс әкімі шарада сөйлеген құттықтау сөзінде.

Көкшетауда өткен бұл мерекенің басты жаңалығы ақмолалықтардың екі рет Қазақстан рекордын жаңартуы болды. Былтырғы жылы ақ жаулықты аналарымыз бен келіншектеріміз ақ кимешек шеруін жасап, Қазақстан рекордын орнатқан еді. Ал, бұл жолы  екі мыңға жуық ер азамат бір мезетте «Қара жорға» биін билеп, ел назарына ілікті.

Абылай хан алаңында өткен бұл көрініс шын мәнісінде әсерлі болды. Ұлттық шапан киіп, бір ырғақта қозғалған көпшілік ұлттың бірлігі мен дәстүр сабақтастығын айқын көрсетті. Бұл жай ғана би емес, кең даланың еркіндігін, елдің рухын сездірген ерекше көрініс болды.

Бұл шараға сонымен қатар, қаланың мемлекеттік мекемелері, оқу орындары, күштік құрылымдар мен қоғам белсенділері де атсалысты. Олардың барлығы бір мақсатқа жұмылып, ұлттық өнерді дәріптеуге үлес қосты.

Осы күні тағы бір ұлттық ойын  «бес асық» та ерекше деңгейде ұйымдастырылды. Бір жарым мыңға жуық оқушы бір уақытта асық ойнап, Қазақстан рекордтар кітабына енді. Бұл жас ұрпақтың ата дәстүрге деген қызығушылығы мен құрметінің айқын дәлелі екені даусыз.

Мерекенің сәнін келтірген ерекше жобалардың бірі Жаңа Жағалауға тігілген 50 киіз үйден құралған этноауыл болды. Әрбір киіз үйдің өзіндік мазмұны мен көпшіліктің назарын аударарлық өз ерекшелігі болды.  Киіз үйлердің бірінде ұлттық қолөнер көрсетілсе, енді бірінде салт-дәстүр насихатталды. Ашық аспан атындағы мамыражай мереке барысында әншілер домбырамен ән шырқап, бишілер ұлттық билерін орындады. Қала тұрғындары қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, түрлі шеберлік сабақтарына қатысып, халқымыздың бай мәдениетімен жақынырақ танысты.

Шара барысында ел ақсақалдары да ақ батасын беріп, өткен күндерден сыр шертті. Солардың бірі  Мағауия есімді ақсақалмен тілдесудің сәті түсті. Ол барша жұртты Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, сексенінші жылдардың аяғында Кеңес Одағы кезеңінде Наурызды алғаш атап өткен сәттерін еске алды. Оның айтуынша, сол кезде түрлі қиындықтарға қарамастан, солтүстік өңірде Наурызды қайта жаңғыртуға күш салынған. Бүгінде сол бастаманың үлкен мерекеге айналғанын көру Мағауия ақсақал үшін зор қуаныш екендігі рас.

– Наурыз мейрамы бүкіл мұсылман баласының жыл басы мейрамы ғой. Алла тағала елімізге тыныштық беріп, жақсылықпен келуіне нәсіп етсін. Наурызды ортаға салып, халықтың алдына әкеліп тойлап жатқанымызға шүкіршілік етемін. Мен сонау 90-шы жылдары бұрынғы Көкшетау облысының Ленин ауданында басшы болғанмын.  Сонда Кеңес Одағында болған сол кездегі қарсылықтарға қарамай, 1988 жылы осы солтүстік аймақтарда алғаш рет Колос ауылында адамдарға ұлттық киім кигізіп, дәстүр-салтымызды көрсетіп, ұлттық намысты ояту мақсатымен Наурыз мейрамын тойлатып едім. Сол дәстүрдің қазіргі деңгейге жеткеніне қатты қуаныштымын, – дейді ол ақсақал.

Осылайша, Көкшетаудағы биылғы Наурыз тек той-думан емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, елдік рухты көтерудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл мереке  тарихта қалатын, келер ұрпаққа тағылым беретін маңызды оқиға болды.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

***

Облыс орталығы Көкшетауда өткен думан мен шаттыққа толы Наурыз мерекесінен соң, Жаңа жағалауда тағы бір игілікті іс жалғасын тапты. Кеше ғана мыңдаған адам жиналып, ән шырқап, ұлттық ойындар ойнап, мерекелік көңіл-күйге бөленген аумаққа жастар мен еріктілер жиналып, тазалық жұмыстарын жүргізді.

Аталған шара Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен Наурызнама онкүндігінің қорытындысы – Тазару күніне орай ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл күннің басты мәні  тек табиғатты тазарту емес, адамның ішкі жан дүниесін де жаңарту. Яғни, Наурыз  тек тойлайтын емес, ойланатын, әрекет ететін мереке. Осы тұрғыда, мерекеден кейін қоғамдық орындарды ретке келтіру игі дәстүрге айналуы тиіс.

Таңертеңгі салқын ауа райына қарамастан, Қопа көлінің жағалауына жиналғандардың қарасы қалың болды. Олардың қатарында эковолонтерлер, белсенді жастар, түрлі ұйым өкілдері мен қала тұрғындары бар. Олардың барлығын табиғатты аялау, туған қаланың тазалығына үлес қосу сияқты ортақ мақсат біріктірді. Қатысушылар арнайы топтарға бөлініп, Жағалаудың әр бөлігін мұқият тазалап шықты. Қоқыстар жиналып, сұрыпталды, көгалдар ретке келтірілді.

Шамамен 200-ге жуық адам қатысқан тазалық шарасы нәтижелі өтті. Бір күн бұрынғы қарбаластан қалған қоқыстар толық жойылып, Жағалау қайтадан таза, әсем кейпіне енді. Бұл  тек тазалық жұмысы ғана емес, қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған мақсатты жұмыс екені сөзсіз.

Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Аянбек Қалиханұлының айтуынша, мұндай бастамалар жастардың белсенділігін арттырып қана қоймай, олардың бойында жауапкершілік сезімін қалыптастырады.
– Қазақ халқының ұғымында Наурыз жаңару мен жаңғырудың мерекесі болып табылады. Біз осыны сөзбен емес, іспен дәлелдегіміз келеді. Кеше тойладық, бүгін сол орынды тазалап жатырмыз. Бұл  әр азаматтың табиғатқа деген құрметінің көрінісі, – деді ол.

Шараға қатысқан жастар да өз ойларымен бөлісті. UNICEF қоғамдық ұйымының еріктісі Даниял Жағыпаровтың айтуынша, мұндай бастамалар жастар арасында кеңінен қолдау табуда.
– Біз бұл жерге күн сайын келіп дем аламыз. Сондықтан, оның таза болғаны өзіміз үшін маңызды. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, адамдардың табиғатқа деген көзқарасы да өзгереді деп ойлаймын, – дейді Даниял.

Айта кету керек, облысымызда мұндай тазалық акциялары бүгінде тек бір реттік шара емес, біртіндеп жаңа қоғамдық мәдениетке айналып келеді. Әсіресе, жастар арасында экологиялық жауапкершілікке деген қызығушылық артып, еріктілер қозғалысы қарқын алуда.

Осылайша, Көкшетау тұрғындары Наурыз мерекесін ерекше мазмұнда қорытындылады. Тазару күні тек айналаны тазартумен шектелмей, адамдардың ойы мен санасын жаңғыртуға бағытталған маңызды күнге айналды. Бұл бастама Наурыздың терең мәні  жаңару екенін, тазалық және жауапкершілік әр адамның өзінен басталатынын тағы бір мәрте айқын көрсетті.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар