Жұмыс пен отбасы мәселелері бірге қамтылды

Жуырда «AMANAT» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы отбасы мәселелері және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті.

Онда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары жан-жақты қаралды.

Кеңеске «Шанс» мүгедектерді оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Василий Шиманский төрағалық етті және партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысының орынбасары Ақманат Әлімбетова қатысты. Ал, аудандар мен қалалардағы филиалдардың хатшылары мен отбасыларды қолдау орталықтарының басшылары онлайн байланыс арқылы кеңесте көтерілген мәселелерді тыңдап, талқылауға атсалысты.

Күн тәртібіндегі екі мәселе бойынша да Ақмола облысының жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Мұхамедин баяндама жасап,  статистикалық мәліметтер мен осы бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айтып берді.

– Бүгінгі таңда Ақмола облысында 29,8 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, оның 14,2 мыңы еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Олардың әлеуметтік бейімделуі мен экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты. Осы ретте, оларды жұмысқа орнастыру бойынша биылғы жылы 98 кәсіпорында 117 жұмыс орнына квота белгіленген. 1 наурыздағы жағдай бойынша 20 адам жұмысқа орналастырылды, бұл белгіленген жоспардың 17,1 пайызын құрап отыр. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалуы тиіс, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Жалпы, баяндамашының мәліметтеріне сүйенсек, жыл басынан бері барлығы 103 адам жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 32 адам субсидияланатын жұмыс орындарына, яғни, «Күміс жас», жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстар бойынша жіберілсе, 40 адам бос вакансиялар арқылы орналасқан. Сонымен қатар, кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы аясында 29 мүмкіндігі шектеулі жан оқудан өтіп, 10-ы сертификат алған. Сондай-ақ, биыл ерекше қажеттіліктері бар жандар, атап айтқанда есту, көру қабілеті төмен және арбаға таңылған азаматтар үшін 7 арнайы жұмыс орнын құру жоспарлануда. Оған 9,1 миллион теңге бөлінген.

Осы ретте, кеңеске жиналғандар жұмыс орындарына орналасқан мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жолданған жұмыс орындарында ұзақ мерзімде қалып жұмыс істеуін қамту, олардың мүмкіндіктерін ескеру, денсаулықтарына жүктеме түсірмеу секілді бағыттарда қабылданып жатқан шаралар жайлы және осындай азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша жылдық жоспарды қалай белгілейтіндіктерін сұрап білді.

Кеңесте талқыланған екінші мәселе – отбасы мәселелері және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жайы.

– Партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында өңірде Отбасын қолдау орталықтарының желісі кеңеюде. Қазіргі таңда облыста 11 орталық жұмыс істейді. 2026 жылы Ақкөл, Аршалы және Ерейментау аудандарында 3 жаңа орталық ашуға 100,4 миллион теңге бөлінді. Бүгінде Ақкөл мен Ерейментаудағы орталықтар іске қосылды, ал Аршалыда маусым айында ашылмақшы. Жалпы, осы саланың жұмысын жүргізуге биыл 373,3 миллион теңге қарастырылған, – деді басқарма басшысының орынбасары.

Баяндамаға назар аударсақ, облыстағы осы орталықтарға жыл басынан бері 630 азамат хабарласып, 853 қызмет түрін алған. Ең көп сұраныс – заңгерлік және психологиялық кеңестерге тиесілі екен. Сондай-ақ, 300 әйелге қолдау көрсетіліп, оның ішінде 22-сі жұмысқа орналастырылыпты. Облыста 120 мобильді топ жұмыс істейді. Олар 173 отбасына көмек көрсетіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 31 жағдайын анықтады.

Облыста тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Женский луч», «Аққу», «Шанс» атты дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 59 адам, яғни, 15 әйел мен 44 бала паналап отыр. Оларға сегіз бағыт бойынша кешенді әлеуметтік көмек көрсетіледі. 2026 жылы бұл мақсатқа бюджеттен 101 миллион теңге бөлінді.

Ақмола облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік  басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ерболат Құсайыновтың мәліметінше, әйелдерге қарсы жасалатын қылмыстардың 80 пайызы үй жағдайында орын алады.

– Биыл облыс аумағында тұрмыстық қылмыстардың 4,3 пайызға өскені байқалады. Бұл өсімнің басты себебі – заңнамадағы өзгерістер. Нақты айтқанда, бұрын әкімшілік құқық бұзушылық саналған «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «ұрып-соғу» баптары енді қылмыстық теріс қылықтар санатына ауыстырылды. Жыл басынан бері аяқталған 24 қылмыстық істің 15-і немесе 63 пайызы денсаулыққа жеңіл зақым келтіру баптарымен қозғалған. Өкінішке орай, биыл денсаулыққа ауыр зиян келтіру салдарынан адам өліміне соқтырған 1 факті тіркелді, –деп статистикамен бөлісті полиция полковнигі.

Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа барушыларға қатысты қатаң бақылау шараларын қолдануда. Нәтижесінде 965 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әйелдерге қатысты 1087 қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал, 399 тұлғаға қатысты мінез-құлыққа ерекше талаптар қойылды. Нұсқаманы бұзған 115 адам жауапқа тартылыпты. Сондай-ақ, апта сайын бейсенбі мен жексенбі аралығында қиын жағдайдағы отбасыларға рейдтік тексерістер жүргізіледі екен. Бүгінде облыста 4 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оған полиция тарапынан 37 адам – 14 әйел мен 23 бала жолданған. Сонымен қатар, енді сот шешімімен отбасылық агрессивті іс-әрекеттерге баратындарға міндетті психологиялық көмектен өту талабы қойылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 10 тұлға осындай психологиялық түзетуден өтуде.

Полиция департаментінің өкілі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары туралы айта келіп, онлайн байланысып отырған аудандардағы отбасыларды қолдау орталықтарының мамандарымен байланысқа шығып, өзіне тікелей хабарласып, жағдайын айтқан әйелдердің көбіне агрессор күйеулерінен қорыққаннан немесе ұят болады деген ойдың салдарынан отбасындағы ұрыс-керісті сыртқа шығармай, қиналып жүретіндіктерін жеткізді. Тіпті, дені түзу, жағдайлары жақсы отбасыларда да осындай жағдайлар жиі орын алып, оны отбасы мүшелері білдірмеуге тырысатындығын айтты. Осы ретте, аудан-қалалардағы отбасыларды қолдау орталықтарының полиция бөлімдерімен байланыса отырып, жұмыс істеу қажеттігін ескертті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тек жазалаумен шектелмейді. Жаңа заңдар мен әлеуметтік қолдау тетіктері әрбір отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кеңес соңында жиналғандар бұл мәселелерді жай қарастырып қана қоймай, мүдделі органмен бірлесе отырып шешу қажеттігін айтып, аудандардағы орталықтардың жұмыстарын өз көздерімен барып көру және орталықтар мен полиция бөлімдері өзара ынтымақтаса жұмыс істейтіндей жағдай жасау жағын талқылады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар