КӘСІПКЕРЛІК
Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында сыртқы нарыққа шығарылатын отандық өнімнің экспортын ілгерілету және ұлғайту мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шара «Атамекен» ҚР ҰКП қолдауымен Қазақстанның Даму банкі, «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ, «QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырылды.
Жиынға өз өнімдерін экспорттаушылар, сондай-ақ, өндірістік қуатты кеңейту және шетелдік нарықтарға шығу әлеуеті бар шағын және орта кәсіпорындар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты экспорттық жобаларды қаржыландыру, сақтандыру және сүйемелдеу тетіктерін талқылау, бизнестің даму институттарымен өзара іс-қимыл тәртібін түсіндіру болып табылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлер экспорттық қызметте кездесетін түйткілді мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу болды.
«Атамекен» ҚР ҰКП Сауда департаментінің директоры Асқар Есенғазиев бүгінгі таңда бизнесті қолдау ісі экономиканы әртараптандыру, терең өңдеуді дамыту және шикізаттық емес экспорттың үлесін ұлғайту міндеттерімен тікелей байланысты екенін атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық палата бизнестің түйткілді мәселелерінің пулын жүйелі түрде жинақтап, оларды орталық мемлекеттік органдар деңгейінде көтеруді және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруді өзінің басты бір жұмыс бағыты деп біледі.
–Мемлекет басшысы өзінің стратегиялық құжаттарында шикізатқа тәуелділікті азайту және тұрақты экономикалық өсудің негізгі факторы ретінде экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту қажеттігін атап көрсетумен келеді. Осыған байланысты өңірлерде бірқатар көшпелі кездесулер өткізілді. Ақмола облысы мұндай жұмыс кестесінде біз назар аударған екінші өңір болды. Осы ретте, біздің міндет – экспорттаушылармен ғана емес, экспорттық әлеуеті бар кәсіпорындармен де тікелей диалог орнату, – деп атап өтті бұл ретте, спикер.
Жиында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктері ұсынылды. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 миллион теңгеге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 34 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. «Іскер аймақ» бағдарламасы 200 миллион теңгеге дейін қолдау көрсетуді көздейді, ал, Қазақстанның даму банкі желісі бойынша 1 миллиард теңге және одан жоғары көлемде қаржыландыруға қол жеткізуге болады.
Кездесу барысында экспорттаушылар батыл шешуді талап ететін бірқатар практикалық мәселелерді атап өтті. Олардың ішінде лизингтік тетіктер, субсидиялау, шығындарды өтеу, өндірістік процестерді автоматтандыру, несиелік ресурстарға қол жеткізу, сондай-ақ, астық өнімдерін тасымалдау кезінде теміржол вагондарымен қамтамасыз етуді қоса алғанда, логистикалық проблемалар да бар. Соның ішінде талқылаудың едәуір бөлігі логистика және экспорттық жеткізілімдерді сүйемелдеу мәселелеріне арналғаны да тегіннен тегін емес.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Мұсылманбек осы жолы Ақмола облысының экспорттық әлеуетін де таныстыра кетті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір экспортының жалпы көлемі 691,5 миллион долларды құрады, оның 325,1 миллион доллары шикізаттық емес экспортқа тиесілі. Өңделген өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемдегі үлесі 47 пайыздан асады. Бұған тау-кен секторы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үлкен үлес қосуда. Шикізаттық емес экспортқа құбырлар, маргарин, түрлі қапшықтар және басқа да өңделген өнімдер жатады, ал, шикізат сегментінде дәстүрлі түрде бидай, рапс, зығыр және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері басым.
Кездесуге қатысушылар өңірдегі бірқатар кәсіпорындарға да барды. Мәселен, «Көкшетау минералды сулары» АҚ сағатына 19 мың бөтелке алкоголь өнімін және 25 мың бөтелке алкогольсіз сусындар өндіреді. 2025 жылы кәсіпорында 13 455 мың литр алкогольді және 41 860 мың литр алкогольсіз өнімдер сатылды.
Компания президенті Досымжан Кенжешев экспорттық жеткізілімдерді одан әрі кеңейту үшін өндірілетін өнімнің экспортын реттейтін заңнамалық нормаларды жетілдіру, сондай-ақ, қолдаудың қосымша қаржылай тетіктері талап етілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, Қазақстан мен шет елдердің ауыл шаруашылығы және өңдеу кешендері үшін жағар май материалдарын өндіруге, сақтауға және жеткізуге мамандандырылған «АВИКС ГРУП» ЖШС импортты алмастыратын өнім желісімен қоса алғанда, консистентті майлар мен өзге де майлардың 100-ден астам түрлерін шығарады.
Компания директоры Максим Зайцев Қазақстанның ішкі нарығында өнімді ілгерілетуге қолдау көрсету қажеттігін атап өтті. Өйткені, қазіргі уақытта кәсіпорын өнімдерінің едәуір бөлігі тек сыртқы нарыққа бағдарланған.
Кездесуді қорытындылай келе, Асқар Есенғазиев шикізаттық емес экспортты дамыту ісі қолжетімді қаржыландырудан бастап, инфрақұрылымдық және логистикалық кедергілерді жоюға дейінгі кешенді тәсілді талап ететінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай көшпелі отырыстардың мақсаты кәсіпкерлерді бизнесті қолдау шаралары туралы хабардар ету ғана емес, сонымен қатар, осының негізінде шетелдік нарықта қазақстандық өнімнің көкжиегін кеңейтуге бағытталған жүйелі шешімдерге қол жеткізу үшін кәсіпорындардың нақты ұсыныстарын жинау болып табылады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

