Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өткен кезекті әкімдік мәжілісінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен көктемгі су тасқынына қарсы жұмыс нәтижелері талқыланды.
Жиынға департаменттер мен басқарма басшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері қатысып, жылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіштер мен алдағы міндеттерді пысықтады.
Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі экономикалық өсім мен халықтың әл-ауқатын арттыру болды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Алмагүл Шүгірмақова өңірдің Мемлекет басшысы жүктеген экономиканың 6 пайыздық өсіміне қол жеткізу тапсырмасын мүлтіксіз орындағанын жеткізді. Оның айтуынша, облыста жалпы өңірлік өнім көлемі артып, корпоративтік табыс салығы бойынша оң серпін қалыптасқан. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъектілерінен түсетін түсім жоспардан 5,4 миллиард теңгеге артық орындалған. Бұл жетістіктер еңбекақы мөлшеріне де тікелей әсер етіп, облыстағы орташа айлық жалақы 13 пайызға өсіп, 373 мың теңгені құрады.
Алмагүл Шүгірмақова сондай-ақ, өңірдің республикалық деңгейдегі көрсеткіштеріне де тоқталды.
– Жалақы өсімінің қарқыны бойынша республикада екінші орынға шықтық. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты еңбекақы көлемін статистика органдарында ашық әрі дұрыс көрсету бағытында атқарған ауқымды жұмысы ерекше атап өтуге тұрарлық. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы орташа жалақы 367 мың теңгеге жетіп, бұл көрсеткіш бойынша облыстар арасында екінші орынға қол жеткізілді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Дегенмен, экономикалық жетістіктермен қатар, тұрғын үй құрылысында кенжелеп қалған бірнеше ауданның жұмысы сынға алынып, жұмыс көлемін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Мәжілістегі тағы бір маңызды тақырып – биылғы көктемгі су тасқыны кезеңінің қорытындылары мен осы бағытта алдағы жылдарға арналған дайындық шаралары болды. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан Жабай, Қалқұтан және Шағалалы өзендеріндегі ірі жобалардың жүзеге асырылуы тұрғын үйлерді су басу жағдайларын болдырмағанын атап өтті. Инженерлік шешімдердің тиімділігіне тоқталған ол:
– Солардың бірі Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында бой көтерген қорғаныс дамбасы. Биыл Астана су қоймасынан секундына шамамен 500 текше метр көлемінде су жіберілген күрделі кезеңде инженерлік шешімдердің тиімділігі толық дәлелденді. Нәтижесінде бұл жоба елді мекендегі 15 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, су тасқыны қатерінің алдын алуға нақты мүмкіндік берді, – деп мәлімдеді. Сондай-ақ, ол Атбасар–Сочинское автожолы мен Қима–Терісаққан көпірінің қалпына келтірілуі халықтың қатынас мәселесін шешкенін, ал Жабай өзенінің арнасын реттеу жұмыстары келер жылы толық аяқталатынын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Марат Ахметжанов қол жеткізілген нәтижелерді сақтай отырып, жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу керектігін ескертті. Өңір басшысы инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және бюджет кірістерін ұлғайту бойынша әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.
– Өнеркәсіп өндірісін арттыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет. Аудандар мен қалалардың әкімдеріне тұрғын үйді пайдалануға беру, бюджет кірістерін арттыру және белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу міндеттері жүктелді. 2027 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында гидротехникалық құрылыстарды жөндеу, өзен арналарының тазалығы, жол инфрақұрылымын жаңғырту және қар шығару жүйесін жетілдіруді қамтитын алдын алу шараларын іске асыру қажет, – деп түйіндеді өз сөзінде өңір басшысы.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшылығының тікелей бақылауында болмақ.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

