Министр сапары
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен бірге Астана іргесіндегі Талапкер ауылдық мектеп-гимназиясында биылғы оқу жылының салтанатты аяқталу рәсіміне қатысты.
Кеше облыс мектептерінде биылғы оқу жылының аяқталғанын паш еткен соңғы қоңырау соғылып, оның сыңғырымен мектеп түлектері өз білім ордаларынан үлкен өмірге түлеп ұшты.
Аймақ басшысы мен министрдің соңғы қоңырау шарасы үшін дәл осы Талапкер ауылының таңдаулы тегін емес. Себебі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» («Келешек мектептері») ұлттық жобасы аясында қолданысқа берілген заманауи білім ордаларының бірі осы мектеп-гимназия.
– Бүгінгі таңда облысымызда апатты немесе үш ауысымды мектептер жоқ. Осының барлығы сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін Президенттің алға қойған тапсырмасының жемісі. Үлкен өмірге қадам басқалы жатқан жігіттер мен қыздарға айтарым, жолдарыңыз болсын! – дей келе, аймақ басшысы түлектерге ақ жол тілеп, жігер берді. Марат Ахметжанов сөзін жалғай отырып:
– Бұл күн түлектердің, ата-аналар мен ұстаздардың есінде қалатын ерекше сәт. Осы мектептің ашылғанына екі жыл болды. Бүгінде балалардың ой-санасы, көзқарасы, әсіресе, өз ойын еркін жеткізу қабілеті жоғары екеніне көзіміз жетті. Олар мектеп қабырғасындағы жұмыстарын жаттанды емес, өз сөздерімен нық айтып отыр. Себебі, білімге шынайы ықыласпен қарайды. Түлектеріміз келешекте де ойшыл, еңбекқор, тәрбиелі азамат болады деп сенемін, – деп оқушыларды мерекесімен құттықтады.
Айта кетейік, бүгінде елімізде 4 миллионға жуық оқушы білім алуда. Білім сапасы 60 пайыздан асады. Жалпы, республика бойынша 217 заманауи мектеп бой көтерген. Олимпиадалардан жүлделі оралған балалар мен олардың ұстаздары үшін арнайы сыйақылар да тағайындалған.
– Бұл ауылда 3 мектеп бар, екі заманауи жаңа мектеп және бір жалпы білім беретін мектеп. Барлық ұжыммен кездестім, – деді Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова салалық жаңалықтарға тоқталып. – Жақында екі үлкен Жарлыққа қол қойылды. Біріншісі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу туралы», ал екіншісі – «Кітап оқу – зерделі ұлт» туралы Жарлығы. Мұның бәрін жүзеге асыратын өздеріңіз. Сіздер ең соңғы үлгідегі озық жабдықтармен жұмыс істеп жатырсыздар.
Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі тікелей әсер ете алатын үш негізгі бағыт бар. Олар стандарттың сапалы болуы, оқу бағдарламалары мақсаттарының еңбек нарығы талаптарына сай келуі және оқулықтардағы қателіктерді мейілінше азайту.
Мұндай инфрақұрылымы озық технологиялармен жабдықталған білім ошақтарын салудағы негізгі мақсат – ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жойып, балаларға тең әрі сапалы білім беруді қамтамасыз ету. Бұл жолда оқушылардың қандай оқулықтардан білім алатыны да маңызды. Бүгінгі таңда оқулық мазмұнының ескірген идеялардан арылып, жаңа тұжырымдамаларға сай болуы – уақыт талабы.
– Оқулықты асықпай, барлық қателерін, оның ішінде идеологиялық мәселелерін түзете отырып басып шығаруды қолға алып жатырмыз. Өйткені, бір оқулық басылғаннан кейін ол балаларымызға он жылдан астам уақыт қызмет етеді. Оны миллиондаған балаға тарату қыруар қаржыны талап етеді. Сондықтан, оның мазмұнында жаңа Конституция құндылықтары мен нормалары, сондай-ақ, жасанды интеллект, «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидалары көрініс табуы тиіс, – деді министр.
Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, қазір мектеп қабырғасында білім алып жатқан жастар ертең еліміздің дамуына үлес қосатындықтан, олардың бойына бүгінгі күннің идеологиялық құндылықтарын сіңіру аса маңызды. Талапкер ауылындағы мектеп-гимназияны биыл 32 түлек бітірсе, оның екеуі «Алтын белгіге» үміткер.
– Жалпы, биыл облыс бойынша 11-сынып оқушыларының саны 6683-ті құрайды. Ақмола облысы бойынша 441 «Алтын белгіге» үміткеріміз бар, – дей келе, Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева мектептерде «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» тақырыптарында арнайы тәрбие сағаттары өткізілетінін атап өтті.
– Мектептің техникалық әлеуеті де жоғары. Робототехника бойынша 4 командамыздың үшеуі Орталық Азия чемпионатына жолдама ұтып алды. Олардың қатарында бастауыш сынып балалары да, жоғары сынып оқушылары да бар, – дейді робототехника пәнінің мұғалімі Бахтияр Мұхиден.
Жас түлектерге сәттілік серік болып, озық оқу орындарына түсіп, жарқын келешекке нық қадам басуларына тілектеспіз!
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Целиноград ауданы.
![]()

