Балалар мерекесі
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні Көкше төрінде ерекше сәнмен, асқан салтанатпен атап өтілді. Осы бір айтулы шараның ашылу рәсімінде сөз алған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл мереке өскелең ұрпаққа деген шексіз қамқорлық пен сүйіспеншіліктің, мейірімділік пен ізгіліктің айқын көрінісі екенін қадап айтты.

Бұл күн тек бүлдіршіндердің мерекесі ғана емес, сонымен бірге Арқа төсіндегі сұлу қаланың айбынын асырған, мәдени-әлеуметтік тынысын кеңейткен тарихи сәттерге толы болды. Ең басты қуаныш – айтулы мерекеге орай, Көкшетау қаласында заманауи үлгідегі жаңа жағалаудың есігін айқара ашуы. Бұрыннан да тұрғындардың сүйікті орнына айналған Қопа көлінің жағасы енді тіпті көркейе түсіп, көркіне көз тоймас әсем демалыс аймағына айналды. Мұнда халықтың, әсіресе, балалардың демалысын мағыналы да жайлы өткізуі үшін барлық жағдай жасалған. Ойын алаңдарының көптігі сондай, мереке күні бұл маң балдырғандардың сыңғырлаған күлкісі мен шаттық үніне толды. Түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, балалар арасында қызықты жарыстар қызып жатты.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуын мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде айқындағанын, өйткені, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік баршаға ортақ маңызды міндет екенін еске салды. Елімізде қолға алынған реформалар мен жаңа әлеуметтік бастамалар, сондай-ақ, төрге озып, тұғырына қонған жаңа Конституция әрбір баланың қауіпсіз әрі бақытты ортада өмір сүріп, сапалы білім алуына кепілдік береді. Мұның бәрі – әділетті әрі болашағы нық Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадамдар.
Облыс әкімі аймақта балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғаса беретінін жеткізіп, жаңаланған жағалаудың тұрғындар мен қала қонақтарының белсенді әрі жайлы тынығуына, серуендеуіне толық мүмкіндік беретінін атап өтті. Айтпақшы, дәл осыдан бір жыл бұрын осы Қопа көлінің жағасында жаңа заманауи отбасылық демалыс орны ашылған болатын. Міне, биыл сол игі жоба лайықты жалғасын тауып, екі шақырымға созылатын жаңа жағалау бір айдың ішінде толыққанды аяқталмақшы. Ең қуаныштысы, бұл екі демалыс орны да жеке инвестиция есебінен бой көтерді.
Мереке тек серуенмен шектелген жоқ, оның әлеуметтік маңызы да жоғары болды. Салтанатты іс-шара барысында әлеуметтік аз қамтылған 22 отбасы жаңа баспаналы болып, қуаныштан көздеріне жас алды. Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалар мен сайыстарда топ жарып, жүзден жүйрік шыққан дарынды оқушылар да лайықты марапаттарын иеленді. Балалардың денсаулығы мен медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында «Болашақ» оңалту орталығына жаңа автокөліктің кілті табыс етілсе, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, мәдени бастамаларға ұйытқы болған, екі мәрте Қазақстан рекорды орнатылып, бір мезетте 1500-ден астам ақ жаулықты әйел ақ кимешек киіп шыққан және 2 мыңнан астам ер азамат «Қара жорға» биін дөңгелете билеген айтулы жетістіктері мен жаңа бастамалары үшін «Достар» мәдениет сарайына да салтанатты түрде автокөлік сертификаты берілді. Елдің көзайымына айналған Көкшетау қалалық балалар музыкалық мектебінің үрлемелі оркестрі де назардан тыс қалмады. Жоғары орындаушылық шеберлігімен облыстың абыройын асқақтатып жүрген бұл ұжымға халықаралық «Планета Искусств» фестиваліне жолдама мен арнайы ақшалай сертификат табыс етілді. Спорт пен шығармашылықта дараланған өзге де өрендер облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Көкшетау қалалық білім бөлімінің басшысы Әйгерім Қошанованың мәлімдеуінше, бұл күнгі думанды шараға 20 мыңға жуық оқушы атсалысқан. Мектеп жанындағы сауықтыру лагерлерінің ашылуымен бастау алған мереке жағалаудағы шеберлік сыныптарына ұласты. Бұл шаралардың ішіндегі ең шоқтығы биігі оқушылардың салтанатты шеруі болды. Шерудің басты мақсаты – қосымша білім беру ұйымдары мен шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалардың өз жетістіктерін паш етуіне мүмкіндік беру.
Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен биылғы жыл «Жасанды интеллект» жылы деп жарияланғандықтан, осы бағытта ұйымдастырылған арнайы шеберлік сыныптарына балалар ерекше қызығушылық танытып, заманауи технологияның қыр-сырына қанықты. Мерекелік бағдарлама аясында балдырғандар «Самғаулар» шеруінде ойыншық ұшақтарды көкке ұшырып, қиялдарын қанаттандырды, артынан ертегілер кешін тамашалап, концерттік бағдарламаның куәсі болды.
Таңертеңнен басталған осынау ізгілік пен шаттыққа толы іс-шаралар легі кешке қарай концерттік бағдарламаға ұласып, Көкшетау тұрғындары мен қала қонақтарына ұмытылмас көтеріңкі көңіл-күй мен болашаққа деген зор сенім сыйлады.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

