Әкім — ел ішінде
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданына жұмыс сапары барысында жазғы туристік маусымның ашылуына қатысып, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар ірі инвестициялық және әлеуметтік маңызы бар жобалармен танысты.
Жаздың алғашқы күндерінде тұмса табиғатымен ел туризмінің негізгі ошағына айналған Бурабай курорттық аймағы өзінің ерекше оқиғаларымен кезекті туристік маусымын бастады.
Келген қонақтарды Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов қарсы алған соң, көпшілік Щучинск қаласындағы жаңа экопарктің ресми ашылуына қарай бет алды. Бұрын бос жатқан аумақтың орнында бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының демалысы үшін жаңа қоғамдық кеңістік бой көтерді.
«Ұмай Ана» деп аталған экопарктың атауының өзі көп нәрсені аңғартады. Түркі дүниесінің танымында Ұмай ана мейірім мен шуақтың, аналық қамқорлық пен даналықтың символы ретінде әспеттеледі. Сол себепті балалар алаңдары көптеп шоғырланған саябақтың дәл осылай аталуы да ұлттық құндылықтарымызға деген құрмет пен оны әрі қарай дамыта түсудің ізгі бір жолы іспетті.
Жаңа демалыс аймағының салтанатты ашылу рәсімін жасаған ұйымдастырушылар шарада ұлттық нақыштағы көріністерге басымдық беріпті. Қазақы киім киген арулар шашу шашып қарсы алып, әуезді ән мен күй саябаққа ерекше шырай сыйлады. Арнайы дайындалған композицияда елу домбырашы бір мезетте дәулескер күйші Дина Нұрпейісованың шығармаларын орындады. Күйші ана бейнесіндегі бас домбырашы саябақ аумағында күй тартқан балалар оркестріне жетекшілік етті.
Жалпы аумағы 15 мың шаршы метрді құрайтын экопарк бүгінде қала тұрғындары үшін жаңа тыныс сыйлайтын орынға айналып үлгерді. Мұнда серуендеуге арналған аллеялар, спорт және балалар алаңдары, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған инклюзивті ойын аумақтары, демалыс бұрыштары мен шағын сәулеттік композициялар орналастырылған. Саябақтың дәл орталық бөлігін сәбиін құшағына алған ананың еңселі мүсіні безендіріп тұр. Табиғи ландшафтты сақтау, көгалдандыру мен экологиялық қауіпсіздік жобаның басты басымдықтарының бірі болған тәрізді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұл нысанның құрылысына 348 миллион теңге жұмсалған. Қысқа уақыт ішінде аумақ толық абаттандырылып, мыңдаған шаршы метр жерге жаңа жабын төселіп, ондаған жарық шамдары орнатылып, жүздеген ағаштар мен бұталар егіліпті. Амфитеатр салынып, заманауи спорт алаңдары жабдықталыпты.
Облыс әкімі өз сөзінде мұндай қоғамдық кеңістіктер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қалалардың тартымдылығын күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Салтанатты шара барысында көптен күткен баспанаға қол жеткізген бірнеше отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталды. Сондай-ақ, халықаралық жарыстарда еліміздің көк туын желбіретіп жүрген спортшылар мен олардың бапкерлері де түрлі марапаттарға ие болды. Әйелдер күресінен Азия чемпионатының жүлдегері Виктория Хусаиноваға бір миллион теңгелік сертификат табысталса, еркін күрестен халықаралық турнир жеңімпазы Нұрсұлтан Азов пен триатлоннан Азия кубогының жүлдегері Арлан Жаңабайға қаржылай сыйақылар берілді. Спортшылардың бұл табысына үлкен еңбек сіңірген жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады.
Экопарктің ашылуынан соң облыс әкіміне Бурабай курорттық аймағының болашағын айқындайтын бірқатар маңызды ірі инвестициялық жобалар таныстырылды. Соңғы жылдары Бурабайға әлемдік деңгейдегі қонақүй брендтерінің қызығушылығы артып келеді. Табиғаты көркем, көлік қатынасы қолайлы және туристік әлеуеті жоғары аймақ бүгінде ірі инвесторлардың назарын өзіне аударуда.
Щучье көлінің жағасында бой көтеретін бес жұлдызды «Dolce by Wyndham» қонақүй кешені солардың бірі. Құны 11,8 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 150 нөмірлі заманауи қонақүй мен үлкен жабық аквапарк салынбақ. Қонақтар үшін SPA-орталықтар, бассейндер және сауықтыру қызметтері қарастырылады.
Сонымен қатар, жуық арада халықаралық Holiday Inn Resort брендімен жұмыс істейтін төрт жұлдызды туристік кешен құрылысы басталмақ. Инвестиция көлемі 20 миллиард теңгеге бағаланған бұл жоба толық іске қосылғанда жылына жүз мыңға жуық турист қабылдай алады. Жүздеген жаңа жұмыс орны ашылатын ол да аудан экономикасына айтарлықтай серпін береді деп күтілуде.
Өңірдегі тағы бір маңызды жоба Mövenpick халықаралық желісінің бутик-қонақүйі. Щучье көлінің жағасында орналасатын нысанның құрылысына қазірдің өзінде екі миллиард теңгеге жуық қаражат салынған.
Бұдан бөлек, көпшілікке жақсы таныс «Абылай хан» қонақүйі толық жаңғыртылып, жаңа форматта қызмет көрсететін болады.
Осы сапарымызда белгілі болғанындай, инвесторлар тек қонақүйлермен ғана шектеліп отырған жоқ. Бурабайда жаңа этно-кафелер, визит-орталықтары, мәдени және танымдық кеңістіктер ашу көзделіп отыр. Соның бірі MARWIN кітапханалары. Жоба бойынша Бурабай кентінде және Аютас алаңында кітап оқу, кофе ішу, шахмат ойнау және демалу мүмкіндігін біріктіретін ерекше мәдени орталықтар ашылады.
Туризмнің жаңа бағыттарын дамыту мақсатында өңірде этнотуризмге де ерекше көңіл бөлінуде. Щучинск қаласындағы «Шопан» этно-кафесі ұлттық тағамдар мен дәстүрлерді насихаттайтын жаңа нысандардың біріне айналмақ.
Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында облыс әкімі өткен жылы пайдалануға берілген «Биші қайыңдар» саябағына барды. Қысқа мерзім ішінде бұл орын туристер көп баратын танымал локациялардың қатарына еніп үлгерді.
Қарағайлы орман арасындағы кең алқапта балалар алаңдары, спорттық аймақтар, пикник орындары, велотұрақтар мен серуен жолдары орналасқан.
Саябақта облыс басшысына Жөкей көлі мен Ақылбай ауылына бағытталған жаңа туристік маршруттар таныстырылды. Бұл бағыттар табиғи көрікті жерлермен қатар, тарихи мұраны насихаттауға мүмкіндік береді.
Содан соң, біз Аютас жартасындағы жаңа бақылау алаңына көтерілдік. Биік жартастың үстінен қарағанда Бурабайдың қайталанбас табиғаты түгелдей көз алдыңа келеді. Қарағайлы орман, көгілдір көлдер мен жоталар мұнда келушілерді еріксіз тамсандырады. Осы ерекше көріністі тамашалау үшін арнайы ағаш террасалар салынып, бақылау дүрбілері орнатылған.
Бурабайға келіп демалушылардың ең сүйікті демалыстарының бірі көл үстіндегі серуен екені даусыз. Сондықтан, жұмыс сапары Бурабай көліндегі «Маяк» қайық станциясында жалғасты. Мұнда облыс әкімі туристерге көрсетілетін қызмет сапасымен танысты.
Кәсіпкер Қайрат Ақынов жетекшілік ететін нысан жыл сайын мыңдаған демалушыны қабылдайды. Катерлер мен қайықтар арқылы Жұмбақтас жартасына, Кенесары үңгіріне және көлдің ең көрікті жерлеріне экскурсиялар ұйымдастырылады. Соңғы жылдары су туризміне қызығушылықтың артуы кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.
Сонымен қатар, сапар барысында облыс әкімі журналистерге өңірдің туристік әлеуеті мен даму көрсеткіштері туралы сұхбат берді.
Марат Ахметжановтың айтуынша, алдағы жылдары Бурабай халықаралық деңгейдегі төрт маусымдық курортқа айналуы тиіс. Бұл үшін инженерлік инфрақұрылым жаңартылып, жаңа жолдар салынып, байланыс сапасы жақсартылуда. Курорттық аймақта жағажайлар көбейтіліп, қоғамдық кеңістіктер саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы Ақмола облысына 1,7 миллионнан астам адам келген. Оның 22 мыңнан астамы шетелдік туристер. Ресей, Қытай, Германия, Түркия және Орталық Азия елдерінен келетін қонақтардың саны жыл сайын өсіп келеді.
Бүгінде облыста 376 қонақүй жұмыс істейді. Туристік қызмет көлемі 34 миллиард теңгеден асып, салаға құйылған инвестициялар тұрақты өсімін көрсетуде. Тек биылғы жылдың алғашқы төрт айының өзінде ғана туризм саласына салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі еседен астам артқан. Бүгінде Бурабай тек табиғаттың сыйы ғана емес, заманауи инфрақұрылымы дамып келе жатқан, инвестиция тарту қарқыны жоғары, халықаралық туристік орталыққа айналуға ұмтылған өңір ретінде жаңа кезеңге қадам басты. Ал, осы басталып жатқан жаңа жазғы маусым сол үлкен өзгерістердің алғашқы баспалдақтары мен көкжиегі екені сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.
![]()

