«Алтынтау Көкшетау» алтынды жерасты әдісімен алатын болады

Отандық өндіріс

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың қатысуымен «Алтынтау Көкшетау» акционерлік қоғамындағы кен орнында алғашқы жерасты жарылысы жасалып, кенішті игерудің жаңа кезеңі қолға алынды.

Осылайша жерасты өндіру жұмыстарына белсенді кірісуге жол ашылды. Бұл «Алтынтау Көкшетау» АҚ үшін ғана емес, тұтастай өңір үшін де маңызды оқиға. Себебі, компания жүйе құраушы ірі кәсіпорын әрі өңір өнеркәсібінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі.

Кен орнының тарихы 60 жылдан асады. Бүгінде оны игеру жаңа кезеңге аяқ басты. Биыл қаңтар айында мұнда тау-кен массасының  алғашқы шөміші алынса, бүгінгі жарылыс болашақ жерасты кенішінің порталын қазу жұмыстарына бастау берді.

– Шахталық әдіске көшу – кәсіпорын үшін тарихи маңызы бар кезең. Өңір басшылығының қолдауымен кен орнын кеңейту және жерасты өндіру тәсіліне көшу жұмыстары басталды. Бұл кен орнының қызмет ету мерзімін 2047 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Жобаның жүзеге асырылуы Ақмола облысының дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпорынның одан әрі дамуына жаңа серпін береді, – деді бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов.

Өңір үшін де бұл қадамның маңызы зор. Қорларды жерасты тәсілімен игеру кеніштің ұзақ мерзімді жұмысын қамтамасыз етіп, оның өндірістік әлеуетін сақтауға және жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бастаманы жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың қолдауы маңызды рөл атқарды. Кәсіпорынның өндірістік аумағын кеңейту үшін компанияға көлемі 1057 гектар қосымша жер учаскесі бөлінді. Бұл аумақты одан әрі игеруге және шахталық өндіру тәсіліне көшуге қажетті жағдай жасады.

Бүгінде кәсіпорын Ақмола облысы өнеркәсібінің 17 пайыз үлесін қамтамасыз етеді. Ал, өңірдің өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 23 пайызды құрайды. Компания сонымен қатар, облыстағы ірі жұмыс берушілердің бірі. Мұнда 1700-ден астам адам еңбек етеді.
«Алтынтау Көкшетау» АҚ Бас директоры Арман Әлиевтің айтуынша, алғашқы жерасты жарылысы ауқымды дайындық жұмыстарының нәтижесі әрі кәсіпорын ұжымы үшін жаңа кезеңнің басталуы болып табылады.

– Бүгін біз үшін шын мәнінде айтулы күн. Бұл оқиғаның артында ұжымның үлкен еңбегі және өзіміз біртіндеп жеткен кәсіпорынның жаңа кезеңі тұр. Шахталық әдіс кен орнын одан әрі игеруді жалғастыра түсуге және кәсіпорынның өсуіне жаңа мүмкіндіктер береді. Әрине, сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары да ашылады, – дейді компанияның бас директоры.

«Алтынтау Көкшетау» Ақмола облысының әлеуметтік өміріне де белсене атсалысып келеді. Компания әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, елді мекендердің дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға лайықты үлес қосуымен танымал.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар