«Ауыл аманаты»
Жарқайың ауданында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары артып келеді. Әсіресе, елдің берекесі саналатын мал шаруашылығын өрістетуде «Ауыл аманаты» бағдарламасының серпіні бөлек.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі бағыты – мал шаруашылығын дамыту. Осы ретте, биыл Костычев ауылдық округінің Донской ауылының тұрғыны Мереке Исмағұловқа ірі қара мал басын көбейту үшін 10,8 миллион теңге көлемінде шағын несие берілді. Бөлінген қаражатқа ол 18 бас ірі қара мал сатып алды.
Мереке Исмағұлов бірнеше жылдан бері ет өнімдерін сатумен айналысады. Жеңілдетілген қаржыландыру мүмкіндігін пайдалана отырып, ол өз шаруашылығын кеңейтіп, мал басын көбейтуді қолға алды.
– Бұған дейін бірнеше жыл бойы ет сатумен айналысып келдім. Алайда, тек өнім сатумен шектелмей, өз шаруашылығымды өрістетіп, мал басын көбейткім келді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы мақсатымды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік берді. Атамекенде тұрып, маңдай термен еңбек еткенді жаным сүйеді. Сондықтан, кәсібімнің тамырын дәл осы туған ауылымда тереңге жайғым келеді, – дейді ауыл еңбеккері Мереке Исмағұлов.
Бүгінде бұл бағдарлама – ауыл тұрғындары үшін жаңа іс бастаудың ғана емес, қолда бар шаруасын ірілендірудің де сенімді құралы. Ауданда мал шаруашылығымен қатар өнімді қайта өңдеу және басқа да кәсіп түрлеріне қызығушылық жоғары. Қазіргі таңда бағдарлама аясында тағы 5 жоба өз кезегін тосып, оң қорытынды күтуде.
Жарқайың ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Біржан Хасенеевтің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау ауылдың әлеуетін арттыруға тікелей ықпал етуде.
– Мал шаруашылығы – жергілікті халықтың ең негізгі күнкөрісі әрі сұранысқа ие бағыты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғындар мал басын өсіріп, өз шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп жатыр. Тұрғындардың бастамалары аяқсыз қалмауы үшін біз де өз тарапымыздан жан-жақты көмек көрсетуді ары қарай жалғастырамыз, –дейді Біржан Хасенеев.
Ауылдағы ағайынның мемлекеттік қолдау шараларына деген ықыласы да жоғары. Мәселен, «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша ауданда жалпы құны 5 миллиард теңгеге жуықтайтын 10 өтінім қабылданыпты. Сонымен қатар, соңғы екі жылда жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 83 заманауи техника сатып алған, оның 85 пайыздан астамы жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асты.
Қазіргі таңда ауданда 480-нен астам ауыл шаруашылығы құрылымы қарқынды жұмыс істеп тұр. 2026 жылы жаздық егіс алқабы 662,3 мың гектарды құраса, аймақта жалпы сомасы 1,9 миллиард теңгені құрайтын 7 ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.
Мұндай жүйелі мемлекеттік қолдаудың түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және ең бастысы – ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеп, табысын арттыру.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

