XX ғасырдың басы мен соңында Түркияда және түгелдей түркі әлемінде түрлі діни-әлеуметтік ағымдар мен жамағаттар пайда болды. Олардың ішінде қоғамға, білім беру жүйесіне және саясатқа айтарлықтай ықпал еткендердің бірі – «түрік жамағаттары». 1990 жылдардың басынан бастап бұл топтар Қазақстан аумағына да білім беру және кәсіпкерлік қызметтер түрінде ене бастады.
Өздерінің мақсаттарын айқын белгілеп, оны таратудың тиімді әдістерін қолдану арқылы олар тек діни ғана емес, әлеуметтік, қаржылық және саяси әлеуеті зор ұйымдарға айналды.
Түркияның Дін істері басқармасының жіктеуіне сүйенсек, Қазақстанда белсенділік танытқан түрік жамағаттарын негізгі төрт топқа бөліп қарастыруға болады: мәнзіл, топбашшылар, махмудшылар; нұршылар мен гүленшілер; сүлейменшілер; ышықшылар;
Бүгінгі талдаудың басты нысаны – осы тізімдегі ең ықпалды әрі қоғамда көп талқыланатын нұршылар мен гүленшілер ағымы. Олар әсіресе, білім беру саласындағы қызметімен танылып, Орталық Азия елдеріне, соның ішінде Қазақстан топырағына нұршылар мен гүленшілер өкілдері 1992 жылдан бастап келе бастады.
Алайда, жамағаттың ішкі тұйықтығына, жабықтығына және құрылымының айқын көрінбейтіндігіне байланысты Қазақстандағы нақты таралу ауқымы мен тым терең деректер туралы ресми ақпарат шектеулі. Дегенмен, бұл ағым өкілдерінің негізгі орталықтары мен белсенділіктері еліміздің ірі қалаларының бірі – Алматы қаласында байқалды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Түркиямен мәдени, экономикалық және білім беру байланыстары нығайды. Осы кезеңде түрік кәсіпкерлері, ұстаздары мен діни-ағартушылық қозғалыстардың өкілдері елімізде түрлі жобаларды жүзеге асыра бастады. Солардың ішінде гүленшілерге жақын адамдар ұйымдастырған мектептер мен білім беру мекемелері ерекше көзге түсті.
Нұршылар қозғалысының негізі XX ғасырдың басында өмір сүрген түрік мұсылман ойшылы Бәдиүззаман Саид Нұрсидің (1877-1960) еңбектеріне байланысты қалыптасты. Оның негізгі шығармалар жинағы «Рисале-и Нұр» деп аталады. Бұл атауды қазақша мағынасына қарай «Нұр трактаттары» деп түсіндіруге болады.
Қозғалыстың негізін қалаушы Саид Нұрсидің білімге, ғылымға және заманауи әдістерге көзі ашық болуы нұршылардың Түркиядағы ең танымал діни топтардың біріне айналуына септігін тигізді.
Уақыт өте келе, саяси себептер мен көзқарас қайшылықтарына байланысты жамағат іштей бөлшектене бастады. Бұл процестің соңы аса саясиланған, кейіннен үлкен қоғамдық-саяси оқиғалардың орталығында қалған гүленшілер (Фетхуллах Гүлен тобы) ағымының шығуына әкеліп соқты.
Гүленшілер қозғалысы түрік діни уағызшысы Фетхуллах Гүленнің (1941-2024) идеялары негізінде қалыптасты. Оның ізбасарлары қозғалысты көбіне «Хизмет» деп атаған. Бұл сөздің мағынасы «қызмет ету».
Осы топтардың теологиялық және тәжірибелік ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, Нұрси ілімінің өзегі саяси немесе құқықтық емес, заманауи атеистік көзқарастарға қарсы иманды сақтауға бағытталған. Олар сыртқы діни көріністерден гөрі (сақал, белгілі бір киім үлгісі) ішкі мәнге мән беріп, зайырлы ортаға тез сіңіп кету үшін өз келбетін ортаға оңай бейімдейді.
Гүленшілер тобы ағартушылықпен қатар, мемлекеттік аппараттың маңызды салаларына (білім беру, құқық қорғау және билік органдарына) өз адамдарын орналастыру стратегиясын ұстанды. Бұл жағдай кейіннен Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекетінен кейін үлкен қатер ретінде бағаланып, ресми түрде террорлық ұйым («FETÖ») деп танылды.
Бұл қозғалыс өкілдерінің қызметі мен ұйымдасу сипатына әр мемлекет әртүрлі қарайды. Мысалы, Ресей Федерациясы мен Өзбекстанда бұл ұйымның экстремистік ұйым ретінде және көзделген астыртын мақсаттарының заңсыз деп танылуы басқа елдерде де белгілі бір дәрежеде алаңдатушылық тудырды.
Соған байланысты олардың қызметіне мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қатаң бақылаудың қажеттілігін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, түрік жамағаттарының, әсіресе, нұршылар мен гүленшілердің тарихын зерттеу олардың діни сипатымен қатар, қоғам мен мемлекет қауіпсіздігіне тигізетін ықпалын жан-жақты түсіну үшін маңызды рөл атқарады.
Болат ҚАСЕНОВ,
Ақмола облысы дін істері басқармасының басшысы.
![]()

