Жұмыспен қамту
Ақмола облысының Кәсіпкерлер палатасында 2025 жылғы 30 шілдедегі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген Қазақстан кәсіпкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.
2015 жылы 29 қазанда елімізде Кәсіпкерлік кодексі қабылданған болатын. Ол бизнес, инвестиция, бәсекелестік және мемлекеттік бақылау салаларындағы басты заңнамалық актілерді біріктіріп, кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай мемлекеттік саясатының негізін қалады.
–Бүгінгі таңда кәсіпкерлік ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналды, осы бағытта өңіріміздің бизнес өкілдері қол жеткізген жетістіктер айрықша атап өтуге лайық. Әрбір жүзеге асырылған жоба мен бастаманың артында зор еңбек, жоғары кәсібилік және іске деген адалдық жатыр. Кәсіпкер болу жай ғана кәсіп иесі болу емес, бұл тұрақты жауапкершілік, тәуекелге бара білу, күтпеген жерден шешім таба алу және күн сайын өз ісін алға жылжыту, халықты жұмыспен қамту, – деп атап өтті өзінің құттықтау сөзінде Өңірлік кеңестің төрағасы Қуаныш Рақышев.
Мерекелік бағдарлама аясында «Атамекен» ҚР ҰКП басшылығының атынан бизнес-қоғамдастық өкілдері мен Өңірлік палата қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Атап айтқанда, III дәрежелі «Ісіне адалдығы үшін» медалімен «Блэк» ЖШС атқарушы директоры Роман Никитенко марапатталды. «Авикс Групп» ЖШС директоры Максим Зайцев Құрмет грамотасына, ал, «Соколов Р.О.» ЖК жетекшісі Руслан Соколов Алғыс хатқа ие болды.
Бұл ретте, кездесуге қатысушылардың ерекше назары «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатқан республикалық «Адал кәсіпкер» акциясының барысына аударылды.
– Үкімет қоғамымызда заң мен тәртіпті ілгерілетудің 2025-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Оның шеңберінде адал бизнесті ынталандыруға бағытталған «Адал кәсіпкер» акциясы өткізілуде. Жоба ашық бизнес жүргізуді қолдауға, салық және еңбек заңнамасын сақтау мәдениетін қалыптастыруға, әлеуметтік жауапкершілік пен мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыруға, сондай-ақ, субсидиялар мен гранттар алу кезінде жауапты кәсіпкерлерге преференциялар беруге арналған, – дей келе, Өңірлік палата директорының орынбасары Расул Сыздықов ӨКП жанынан құрылған конкурстық комиссияның шешімімен «Үлгілі салық төлеуші», «Әлеуметтік жауапты жұмыс беруші», «Қауіпсіз өндіріс», «Мемлекеттің сенімді серіктесі» және «Қоғамдық сенім мен ашық диалог көшбасшысы» номинациялары бойынша 14 жеңімпаздың анықталғанына тоқталды.
Қазақстан кәсіпкерлер күні шынында, күнтізбедегі қатардағы дата емес, ол шағын және орта бизнес өкілдерінің еңбектеріне деген теңдессіз құрмет. Ақмола облысында да бизнестің серпінді дамып келе жатқанын жаңа өндіріс орындарының ашылуы, халықтың жұмыспен қамтылуы, тағы басқа нәтижелерден анық байқауға болады. Ел Президенті күні кеше ғана өз Жолдауында кәсіпкерлер үшін барынша қолайлы жағдай жасауды нақты басымдықтардың бірі ретінде ерекше атап өтті. Бұл 2027 жылдан бастап тексерістерге енгізілетін жаңа мораторий бастамасына да, отандық тауар өндірушілерді қорғауға да қатысты. Мемлекеттің басты бағыты – бизнестің дамуын ынталандыру және кез келген әкімшілік кедергілерді жою. Ал, кәсіпкерлердің осы жолдағы ортақ міндеті адал, ашық жұмыс істеу және өңір экономикасын өзге жұмыс күштерімен бірге нығайту болып табылады.
Өз құттықтау сөзінде осыған баса тоқталған Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Ақылбек Смағұлов бүгінгі Қазақстан кәсіпкерлері күніне арналған салтанатты жиын бұл іске қосымша серпін беретіндігіне сенім білдірді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

