Заң талабын орындау – әділдік кепілі

18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының күні

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл құқықтық мемлекет қалыптастырудың, мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етудің және қоғамның билік институттарына деген сенімін нығайтудың маңызды шарты болып табылады.

Бұл бағыттағы мемлекеттік саясат құқық бұзушыларды жазалаумен ғана шектелмей, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа ықпал ететін себептер мен жағдайларды алдын ала анықтауға және олардың жолын кесуге бағытталуы тиіс екенін атап өткіміз келеді.

Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы жетілдіру мақсатында қабылданған өзгерістер мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы құқықтық қатынастарды реттеудің жаңа тетіктерін қалыптастыруға негізделген. Қылмыстық, Қылмыстық-процессуалдық, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге, Еңбек кодексіне және өзге де заңнамалық актілерге енгізілген түзетулердің басты мақсаты – мүдделер қақтығысының алдын алу, мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың ашықтығын арттыру және лауазымды тұлғалардың жеке жауапкершілігін күшейту.

Заңнамалық өзгерістердің маңызды бағыттарының бірі мүдделер қақтығысын анықтау және реттеу екендігін айтқымыз келеді. Мүдделер қақтығысы лауазымды адамның жеке мүддесі оның қызметтік міндеттерін объективті әрі бейтарап орындауына ықпал етуі мүмкін жағдайда туындайды. Мәселен, мемлекеттік сатып алу комиссиясының мүшесі жақын туысына тиесілі кәсіпорынға қатысты шешім қабылдауға қатысса, бұл мүдделер қақтығысының белгілерін қалыптастыруы мүмкін. Мұндай жағдайда пара алу фактісінің болуы міндетті емес, жеке мүдденің қызметтік шешімге ықпал ету ықтималдығының өзі тиісті шаралар қабылдауды талап етеді.

Жеке мүдделілік тек материалдық пайдамен шектелмей, отбасы мүшелері мен жақын туыстардың мүліктік және мүліктік емес игіліктер алуына да байланысты болуы мүмкін. Сондықтан, заңнамада көзделген тұлғалар мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда бұл туралы белгіленген тәртіппен тиісті органдарға хабарлап, оны реттеу жолдарын қабылдауға міндетті екені  тайға таңба басқандай нақты көрсетілген.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың тағы бір маңызды тетігі – жеке мүдделер туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету. Бұл қызметтік өкілеттіктер мен жеке мүдделер арасындағы ықтимал қайшылықтарды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Мүдделер қақтығысын жасыру немесе оны реттеу жөніндегі міндеттерді орындамау құқық бұзушылықтың сипатына қарай заңда белгіленген жауаптылыққа негіз болуы мүмкін. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 680-бабында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдамауға байланысты жауаптылық көзделген болатын.

Реформалардың келесі маңызды бағыты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор басшыларының жауапкершілігін арттыру болып табылады. Басшылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, ішкі бақылауды ұйымдастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды қамтамасыз етуге тиіс. Әсіресе, бюджет пен Ұлттық қор қаражатын пайдалануға байланысты шешімдердің заңдылығы, ашықтығы және негізділігі ерекше маңызға ие.

Қылмыстық заңнаманы жетілдіру де сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатындығы сөзсіз. Пара алу, пара беру және парақорлыққа делдал болу әрекеттерімен қатар, параны ұсыну, уәде ету немесе талап ету сипатындағы әрекеттерге заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беру мәселесі өзекті. Мұндағы басты міндет – заңсыз әрекеттердің алдын алу, кінәлі тұлғалардың жауаптылығын қамтамасыз ету және құқық қолдану тәжірибесінде заңдылық пен әділдік қағидаттарын сақтау.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нәтижелілігі заң талаптарының қатаңдығымен ғана емес, олардың іс жүзінде орындалуымен өлшенеді. Мемлекеттік қызметте адалдықты сақтау, жеке мүддені қоғамдық мүддеден жоғары қоймау, қызметтік өкілеттіктерді заң шеңберінде пайдалану құқықтық мәдениеттің негізгі көрсеткіштері болып табылады.

Ойымызды қорытындылай айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға, мүдделер қақтығысының алдын алуға және жеке жауапкершілікті күшейтуге бағытталған әрекет болып табылады. Бұл талаптарды тиімді жүзеге асыру мемлекеттік институттарға деген қоғамдық сенімді нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Өйткені, заң үстемдігі қамтамасыз етілген, адалдық пен әділдік басты құндылыққа айналған қоғамда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нақты нәтижесін беретіні айдан анық екенін барлығымыз жақсы білеміз.

Ерлан НАУРЫЗБАЕВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
 конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының
аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар