Жолдау – жаңару жолы
Шолпан КАРИНОВА,
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын тыңдадық. Жолдаудың негізгі өзегінде елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және әрбір азаматтың әл-ауқатын арттыру міндеті тұр. Экономикалық өсімнің нәтижесі отбасының күнделікті тіршілігінен, азаматтардың табысынан, білім мен медициналық көмектің қолжетімділігінен көрінуге тиіс. Мен биылғы Жолдаудың әлеуметтік мазмұнын осы тұрғыдан қабылдадым.
Президенттің әлеуметтік бастамалары халықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталған. Ең төменгі жалақыны арттыру, алғашқы медициналық көмекті күшейту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту, ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау және мұғалімнің кәсіби еңбегін қорғау өзара сабақтас міндеттер. Олардың барлығы адамның лайықты өмір сүруіне, еңбек етуіне және өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасайды.
Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл 1,8 миллион адамның табысын арттыруға ықпал етпек. Әсіресе, табысы төмен отбасылар үшін мұндай шешімнің маңызы зор. Осы шараны іске асыру барысында жалақы өсімінің азаматтардың нақты сатып алу қабілетіне әсерін де назарда ұстау қажет. Азық-түлік, тұрғын үй және күнделікті қызметтер бағасы өскен жағдайда, қосылған табыстың отбасына беретін пайдасы төмендеп кетпеуі керек.
Денсаулық сақтау саласында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғыртуға, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуге және қаржыландыруды кезең-кезеңімен ұлғайтуға назар аударылды. Келер жылдың басынан учаскелік қызмет мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру тапсырылды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысына әсер етеді. Ауырған адам ең алдымен, емхана мен учаскелік қызметке жүгінеді. Сондықтан, осы буындағы мамандарды қолдау аурудың алдын алу, дер кезінде анықтау және емдеу сапасын жақсарту міндетімен тікелей байланысты.
Жолдауда ұсынылған «Халықтық құрылыс» бастамасы да әлеуметтік саясатқа жаңа мүмкіндік береді. Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Инфрақұрылымдық жаңғыруды жүзеге асыру үшін 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды.
Алғашқы кезекте өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесін салу жоспарлануда. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше қажеттілігі бар балаларға лайықталған спортзалдар қажет. Шығармашылық үйлері, кітапханалар, ғылыми орталықтар мен спорт кешендері де өңірлердің әлеуметтік мүмкіндігін кеңейтеді. Тұрғын үй салу, елді мекендерді ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, көлік пен инженерлік желілерді жаңғырту азаматтардың күнделікті өмір сапасына тікелей ықпал етеді.
Бұл жұмыста әр өңірдің нақты сұранысын дұрыс анықтау маңызды. Жаңа ғимараттың қажетті жерге салынып, сапалы аяқталуы, мамандармен және тиісті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі біртұтас міндет ретінде қарастырылуға тиіс. Мәселен, оңалту орталығы ашылғанымен, онда қажетті маман болмаса, отбасының мәселесі толық шешілмейді. Ауылдағы бала мен қаладағы баланың әлеуметтік қызметке қолжетімділігі арасындағы айырманы азайту жобаларды іріктеудің басты өлшемдерінің бірі болғаны жөн.
Педагог ретінде Жолдауда мұғалімнің абырой-беделін қорғауға және оның негізгі міндетіне кедергі келтіретін артық жұмысты қысқартуға берілген тапсырманы ерекше қолдаймын. Ұстаздың уақыты сабаққа дайындалуға, балаға білім беруге және тәрбие жұмысына арналуы керек. Қағаздағы есепті электрондық есеппен алмастырып қана қоймай, сұралатын ақпараттың қажеттілігін қайта қарау қажет. Мектептегі күрделі жағдайларды шешкенде отбасының, оқушының, педагогтың және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігін әділ бағалау да маңызды.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жөніндегі міндеттер де жүйелі орындалуға тиіс. Инклюзивті орта қолжетімді ғимаратпен қатар, осы топқа жататын балаларды ерте анықтауды, мамандар көмегін, бейімделген оқыту мен үздіксіз сүйемелдеуді қамтиды. Баланың дамуына жағдай жасау үшін білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау қызметтері отбасының айналасында үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Осындай тәсіл ата-анаға баласына қажетті көмекті уақытында алуға мүмкіндік береді. Құрылтай депутаттары осы мәселеге қатысты заң жобасын дайындап, жұмыс жүргізудеміз.
Жолдауда әлеуметтік көмектің шын мұқтаж азаматтарға бағытталуы керектігі айтылды. Мен бұл ұстанымды толық қолдаймын. Мемлекеттік қолдау отбасының қиын жағдайдан шығуына, баланың дамуына, еңбекке қабілетті азаматтың жұмысқа орналасуына көмектесуі керек. Осы мақсатқа жету үшін көмектің атаулылығы мен мұқтаждықты бағалаудың әділдігі қатар қамтамасыз етілуге тиіс.
Президенттің әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен ақпараттық жүйелерін алдымен тексеріп, сынақ режимінен өткізу жөніндегі ұстанымы осы тұрғыдан өте маңызды. Әлеуметтік шешімнің артында нақты адам, бала, отбасы тұр. Сондықтан, өзгерістің салдарын алдын ала есептеу, ықтимал қателерді анықтау және азаматтарды қорғау тетіктерін әзірлеу реформаның ажырамас бөлігі болуы қажет.
Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтауды да осы мақсатпен іске асырған жөн. Адамдардың ауқымды топтарын қарастырғанда олардың тұрмыс деңгейі біркелкі болмайтыны түсінікті. Сондықтан, санаттардың шекарасын, олардың ішкі айырмашылықтарын және әр шешімнің отбасыларына әсерін қосымша талдау қажет. Бұл көрсеткіштерді түпкілікті нәтиже ретінде қабылдамай, нақты деректермен тексерген маңызды.
Реформаның нәтижесін анықтағанда қанша қаражат үнемделгенімен бірге, қанша отбасының жағдайы жақсарғанын, қанша баланың қолдау алғанын және мұқтаж азаматтардың көмектен тыс қалмағанын анықтап, біліп отыру қажет. Ең алдымен, отбасының нақты табысы мен міндетті шығындары ескерілгені жөн. Бірдей жалақы алатын екі отбасының мүмкіндігі әртүрлі болуы ықтимал. Айталық, бірі өз үйінде тұрады, екіншісі пәтер жалдайды. Бірінде тұрақты емделуді немесе оңалтуды қажет ететін бала бар. Алимент, тұрғын үйді жалдау, дәрі-дәрмек, күтім және оңалту сияқты құжатпен расталған қажетті шығындар отбасының қолында қалатын қаражатқа тікелей әсер етеді. Мұқтаждықты бағалау осы айырмашылықтарды да көрсетуге тиіс.
Маусымдық табысты есептеу де әділ болуы қажет. Ауыл шаруашылығында немесе құрылыста жұмыс істейтін адам жыл бойы бірдей табыс таппайды. Сондықтан, он екі айлық орташа табысты есептеу мүмкіндігін қарастырған орынды. Сонымен бірге, адам жұмысынан айырылғанда, асыраушысы қайтыс болғанда немесе ауыр науқасқа шалдыққанда кезектен тыс қайта бағалауға жедел қол жеткізуі керек.
Мүлікті бағалауда да оның нақты құны, жағдайы және табыс әкелу мүмкіндігі маңызды. Ауылдағы ескі үй, мұраға қалған шағын үлес, тозған техника немесе күнкөріс үшін пайдаланылатын көлік отбасының ауқатты екенін білдірмеуі мүмкін. Азаматтың атына тіркелген актив пен оның күнделікті пайдалана алатын мүмкіндігін ажырататын өлшемдер қажет. Ең бастысы, әлеуметтік қолдау еңбекке ынтаны сақтауы керек.
Мүгедектікке, асыраушысынан айырылуға, тұрақты күтімге немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеуге байланысты төлемдер ерекше өмірлік жағдайдың салдарын өтеуге арналған. Оларды мұқтаждыққа негізделетін көмектің жалпы өлшемдерімен шектеу мәселесіне ерекше сақтықпен қараған жөн. Көпбалалы отбасыларды және жалғыз асыраушысы бар отбасыларды қолдауда әр төлемнің әлеуметтік мақсаты мен бала мүддесі ескерілгені абзал.
Тағы бір маңызды бағыт – деректердің дұрыстығы. Бұл жерде азаматтардың өз жеке деректері үшін жауапкершілігін де айтуымыз керек. «Отбасының цифрлық картасы» мемлекеттік көмекті уақытылы жеткізуге мүмкіндік береді. Бірақ, оның тиімділігі ақпараттың толықтығы мен өзектілігіне байланысты. Бұрын сатылған көлік, қате тіркелген жаңартылмаған отбасы құрамы немесе өзекті емес өзге мәлімет азаматтың көмектен айырылуына себеп болмауы керек. Әр адам өзі үшін, отбасылы адам отбасы үшін жауапты екенін де азаматтарымыз дұрыс түсініп, сезінгендері маңызды.
Жалпы, халыққа қабылданған шешім түсінікті болуы қажет. Әр адамның қай санатқа қандай көрсеткіштер бойынша жатқызылғаны, табысы қалай есептелгені және қай мәліметті нақтылау керектігі ашық көрсетілуі қабылданған шешімдердің дұрыс орындалуына әкелері анық.
Жаңа Жолдау әлеуметтік саланы әрі қарай дамытуға нақты бағыт берді. Президент мемлекет әлеуметтік бағытты үнемі қолдайтынын нақты тапсырмаларымен бекітті. Ендігі міндет – жалақы өсімін, жаңа нысандар құрылысын, сапалы білім мен медициналық көмекті және атаулы қолдауды әр отбасы сезінетін нәтижеге айналдыру. Құрылтай депутаты ретінде мен үшін осы тапсырмаларды жүзеге асыру кезінде азаматтардың нақты өмірлік жағдайларының ескерілуі маңызды. Әлеуметтік әділдік көмекке нақты мұқтаж адамдар сол көмекті алғанда орнайды. Осыны азаматтарымыз дұрыс түсінуі қажет. Әлеуметтік реформаны сапалы іске асыру халықтың әл-ауқатын арттыруға да, мемлекетке деген сенімді нығайтуға да қызмет етері сөзсіз.
![]()

