Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Шыдаймыз! Жақсы күндеріміз алда әлі! - АРҚА АЖАРЫ

Шыдаймыз! Жақсы күндеріміз алда әлі!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Көкшетау қаласының
құрметті азаматы.

Барлық қазақстандықтар өткен аптадан бері Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесін асыға күткен болатын. Енді міне, сол мәлімде жарияланды!
Байыппен зер сала, жедел танысып шықтым. Халықтың барлығы да солай жасаған болар. Өйткені, біз Президентіміздің осы мәлімдемесінен жақсы хабар, алдағы күндерде не істеу қажет деген пәрменді ұсыныстарды күттік және індетке қарсы күресте тағы да өзіміздің тіршілігіміз бен былайша айтқанда өз өмірімізді қалай ұйымдастырамыз деген ой қорытындысын жасауға да ынталы едік.
Қазір біз індетке қарсы күресте Президентіміздің әр мәлімдемесін басшылыққа алатын болдық. Және де халық осы бір сындарлы да күрделі сәтте Президентімізді өздерінің сенімді бір қорғаны мен панасы есебінде сезініп отыр. Тіпті, балаға шейін «Президент айтты ғой», «Президент уәде берді ғой» дейтін болды. Бұл Президентке деген халықтың сенімі!
Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жолғы мәлімдемесінде елімізде төтенше жағдай жарияланған 16 наурыздан бастап елімізде қандай істер атқарылғандығын айтады. Расында карантин жарияланғаны өте орынды болды! Өйтпегенде індет жаппай тарап, оның ақыры да дұрыс болмас еді. Карантин кезеңінің жұртшылыққа оңай тимегендігін де Президент біліп, соны өзі айтып отыр.
Біз бұған түсіністікпен қараймыз. Ел басына күн тумас па, күн туған шақта басқа түскен істі «көппен көрген ұлы той» дейтін, бәріне де бекемденіп көнетін және де сабыр мен тәртіп сақтап бәрін де аман-сау жеңетін халықтың ұрпағы емес пе едік?!
Және де Президент пәрменімен осы бір карантиндік шектеу кезінде халықтың тұрмыс жағынан қиналып қалмауы үшін бар жағдай жасалды, жасалып та жатқандығы елдің өз билігіне деген сенімін де нығайта түсті. Жалпы осы бір індетті кезең бәрімізді де ширатып, тіпті халық пен биліктің арасын жақындатып, бір-біріне бауыр басуларына ықпал етті ме деймін.
Президент өз мәлімдемесінде бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгендігін айтты. Жұмыстары тоқтап, үйлерінде отырып қалғандардың әрқайсысына 42500 теңгеден берілуі халықты қуантып та, сенімдерін нығайтып тастағандығының куәсіміз. «Е, Үкімет бар екен ғой» деп 42500 теңгесін алған ағайынымыздың қуана телефон шалғандығы да болды. Бұл көмек алдағы айда да болады екен!
Президентіміздің мәлімдемесінде сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем көмегі көрсетілетіндігін айтып отыр. Бұл да қолдау емес пе?! Бұл да көмек емес пе?! Әрине! Осы күндері сол коммуналдық төлемді өтеудің өзі кейбір жағдайдағы адамдарға уайым да болып отырғаны да анық мәселе! Енді міне, сол мәселені шешудің де орайы келді!
Осы біздің халқымыздың бойында кеңестік тұстың 20-30 жылдарындағы аштықтың үрейі (синдром) әлі де бар ма деймін. Өйткені, осы карантин жарияланғаннан бері, «елде аштық болады» деп сәуегейлік танытқандар көбейіп кеткен-ді. Құдай бетін аулақ қылсын, әзірге азық-түліктен тарығушылық байқалып отырған жоқ. Жергілікті жерлерде азық-түліктің қоры жасалып, кейбір аса қат азық-түлік бағасына шектеу қойылғандығы да орынды еді. Осы кей азық-түліктің бағасы үнемі шектеліп тұрса деймін. Астық өзімізден, ет пен сүт өзімізден дегендей. Солай бола тұра осы өз елімізде өндірілетін азық-түліктің бағалары халықты есінен тандыратындай шарықтап кетпеуі де керек қой!
Президентіміз карантин жарияланған алғашқы күннен медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп келеді. Расында індетпен күрестің алғы шебінде жүрген дәрігерлерге қосымша ақы төленуі адамдық еді. Дәрігерлердің ерлігі жырға арқау, әнге әуен болып шырқалып жатқаны да халықтың оларға деген зор ықыласы мен құрметі деген орынды. Сонымен бірге, шағын және орта бизнеске де қолдау жақсы екендігі Президентіміздің осы мәлімдемесінде анық айтылды. Мысалы 1,6 миллионнан астам, 11,5 мың бизнес өкілдеріне жалпы сомасы 360 миллиардтан астам теңгені құрап отырған өз несиелерін кейін төлеу мүмкіндігінің жасалуы да экономиканың негізгі бір буынының әлсіремей, нығая түсуіне оң әсер етері де анық.
Көктемгі дала жұмыстарын ойдағыдай өткізу үшін жасалып жатқан шаруа үшін шын қуанамын. Өйткені, «көктемнің бір күні жылға азық» деген сөз бар. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалып жатқан осы қадам біздің еліміздің алдағы уақытта «нансыз» қалмауына әсер етері де анық! Көктен иіп, жерден берсін деңіз!
Президент өз пәрменімен карантинді 11 мамырға дейін созып отыр. Бұл да жай қабылдана салған шешім емес! Үйде отырудың күн жылып, көк шыққан кезде қаншалықты қиын екендігін Президент білмей отырған жоқ, біліп отыр! Алайда, індеттің таралуы әлі де болса әлемде де, біздің елде де бәсеңдемей отырғаны анық мәселе! Шыдаймыз! Жақсы күніміз алда әлі! Ең бастысы індет жұқтырып алмайық, өзгелердің де өмірін қауіпке тікпейік!
Мәлімдемеде Президент «Төзім тілекке жеткізеді» сабыр сақтайық дейді! Аталы сөз! Осы сөзге тоқтағанымыз абзал!
Қасым-Жомарт Кемелұлы дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге және сонымен бірге, журналистерге де алғысын айтып, ризашылығын білдіргендігі қуантты. Кәсіби журналист және газет қызметкері ретінде Президентіміздің бұл алғысы бізді қанаттандыра түсті. Көзге түсіп, көп елене бермейтін журналистердің де еңбегінің Президент тарапынан ризашылыққа бөленгендігін Қасым-Жомарт Кемелұлының руханият әлемінің өз Адамы екендігін тағы бір айғақтай түсті! Рахмет, Президент мырза! Біз өз қаламымызбен, өз сөзімізбен осы бір сындарлы сәтте халқымыздың рухын көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін көтеріп, Сіздің әр сөзіңіз бен жасап жатқан амал-шараларыңызды қалың елге жедел жеткізіп отыруды өзіміздің қастерлі парызымыз санаймыз! Біз Сізбен біргеміз! Жақсы күндерде аман-сау жүздесуге жазсын!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар