Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қауіпті індетке жеңіл-желпі қарамайық - АРҚА АЖАРЫ

Қауіпті індетке жеңіл-желпі қарамайық

Қазақстанда төтенше жағдай алынғанымен, өкінішке орай, коронавирус инфекциясының таралуы жалғасып жатыр. Соңғы бір тәулікте 438 жағдай тіркеліп, осылайша елімізде 8969 адамнан коронавирус індеті табылғаны алаңдатарлық жайт. Бұл еліміздің кейбір өңірлерінде жергілікті алдын алу жұмыстарының әлсіздігін немесе карантиндік шаралардың тиісті деңгейде сақталмай отырғандығын да байқатады. Осыған орай, облыс орталығы Көкшетау қаласындағы бірқатар азық-түлік дүкендері мен дәріхана, сауда орындарын аралап, журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік.

Жасырары жоқ, қоғамдық көліктерде маска кимеу былай тұрсын, төтенше жағдай алынғаннан бері халықтың көбі емін-еркін, жайбарақат күй кешіп, арақашықтықты да сақтамай, дүкендерде маскасыз әңгімелесіп, мәре-сәре болуда. Сонда екі ай бойы үйден шықпай отырған уақыттың үйреткені қайда дерсің. Әлемде Covid-19 жұқпасы 5,5 миллионнан астам адамға жұғып, қаншама адам қайтыс болды, екі миллионнан астам адам жазылды деген ақпараттарды оқып жатамыз. Бұл, жағдай неліктен халықты алаңдатпауға айналғаны түсініксіз.
Біз алғаш кірген «Миас» дүкенінің сатушысы Майра Жейтенова:
–Төтенше жағдайдың алынғанымен карантин шараларының жалғасып жатқанын түсінеміз. Сондықтан, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, дүкенге кіреберісте және сауда жасайтын орында қол жуатын антисептик құралдары қойылған,–деп өздері де жауапкершілікті сезінетіндерін байқатты. Негізінен, дүкенде санитарлық режим сақталған деп айтуға болады. Сауда жасауға кірген адамдардың бірен-сараны болмаса, біз бақылаған он минуттың ішінде көбі маскаларын киіп, антисептикті қолданып жатты. Одан әрі маңдайшасында «Үнді трикотажы» деген жазу ілініп тұрған киім дүкеніне бас сұқтық. Онда есіктен кіргеннен қол жуатын антисептикті көрмегеніміз былай тұрсын, сатушының өзі маскасыз қызмет көрсетіп тұрды. Оған қоса, аядай дүкеннің ішінде он-он бес адам қатар жүр десек артық айтқандық емес және олардың ешқайсысы да маска тақпаған. Сол себепті, дүкеншіні әңгімеге тартып, «неге өзіңіз маска кимегенсіз, қол жуғыш құралдарын неге көрмедік?» десек, жайбарақат тұрған ол «міне» деп өзі тұратын жердегі сөреден бір емес, бірнешеуін алып шықты. –Антисептикті кіреберіске неге қоймадыңыз? – деген сауалымызға «ол жерде қоятын жер жоқ» деп тіпті, бейқамдық танытты…
Одан әрі «Анелья», «Пульс» атты дәріханаларды аралап көрдік. Онда әрине, есіктен кіргеннен дымқыл шүберекке аяқ сүртіп кіру, маска тағу сынды санитарлық жағдайлар жіті сақталғаны көрініп-ақ тұр. Ал, керісінше, жеміс-жидек пен көкөністер сататын дүңгіршектердің жағдайы мәз емес. Соның бір айғағы, біз атбасын тіреген дүкеннің сатушысы антисептик қою түгілі масканы да киюді ұмытқан. «Неге өзіңіз киіп, келушілерге қызмет көрсетпейсіз» десек, «ақша санағанда кедергі болады» деп күледі. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, әсіресе, қауіпті дерттің өршіп тұрған шағында көкөніс, жеміс-жидекті алдымен, ыстық суға, одан суық суға жуып, содан кейін ғана пайдаланған жөн. Бұл біздің өзімізді ғана емес, балаларымыз бен бауырларымыздың да денсаулығын сақтауға атсалысқанымыз болсын.
Тағы бір байқағанымыз, Көкшетау қаласындағы ірі сауда орындарының бірінен саналатын «Арбат» дүкеніне келушілер аз емес екен. Алайда, ол жерден де кіреберіске орнатылған қол жуғыш заттарын байқамадық. Тіпті, азық-түлік алып жүрген сауда жасаушылардың көбі маскасыз. Оларды суретке түсіріп, қайсібірін әңгімеге тартқанымызды ұнатпаған болуы керек, «Мен осы дүкеннің ішкі сауда орындарына жауап беремін. Холлға жауап бермеймін», деген қызметкер пікір айтуға құлық танытпады.
Осында жүрген Көкшетау қаласының тұрғыны Гүлбаршын Ақжігітқызын сөзге тарттық.
– Отағасы екеуміздің жасымыз сексенге таяп қалды. Қазір денсаулығымызды күтіп, үйде немере бағып отырамыз. Қауіпті дерттің елімізді де шарпығаны жанымызды ауыртады. Соның салдарынан екі ай толық үйден шықпай, туыс-туған, жекжаттарды көрмей, төрт қабырғаға телміріп отырған сәттер оңай болмады. Әсіресе, балаларға қиын болды. Міне, төтенше жағдай алынғалы ағаң екеуміз аулаға шығып, таза ауамен тыныстап, рахаттанып қалдық. Мынау ауладағы балалардың сыңғырлаған дауыстары біздің жабырқаған көңілімізді көтеріп тастады. Енді мұндай қатерлі дерт жойылып, алаңсыз өмір сүрейік, – деген апамыз қорғаныс құралы ретінде масканы дүкенге кіргенде міндетті түрде тағатынын жеткізді.
Иә, елімізде экономикалық қажеттілікке байланысты шағын және орта бизнестің кейбір салаларының қызметіне шектеу-
лер алынып тасталды. Дегенмен бұл қауіпсіздік шараларын елемеу керек дегенді білдірмейді. Карантиндік режимнің талаптары сақталуы тиіс. Ол баршаның міндеті. Алайда, адам көп жиналатын сауда орындары мен қоғамдық көліктерде, базар орталықтарында көптеген тұрғындар медициналық маскаларды пайдаланбай жүргені шындық. Адамдар арақашықтықты сақтап, өздері мен өзгелердің денсаулығына жауапкершілікпен қараса әрі тиісті орындардан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша талаптардың орындалуына жіті қадағалау болса, жұқпалы дерттің өршуіне жол берілмесі анық.
Карантин режимінің барлық талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету арқылы біз жаңа инфекция ошақтарының алдын алатынымызды түсінгеніміз абзал. Осылайша өңіріміздің әрбір тұрғыны қарапайым санитарлық талаптарды сақтаса, ауру жұқтыру қаупі жойылып, жағдайдың тұрақтанатыны сөзсіз.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар