Расы сол, соңғы жылдары, әсіресе, тәуелсіздік қолымызға тиген уақыттан бері елімізде қазақ тілді басылымдар саны көбейіп келеді.
Тіпті республикамыздың әр аймағында ана атаумен, мына атаумен түрлі журналдардың, газеттердің, ең аяғы жекеменшік баспаханалардан жергілікті ақын-жазушылардың кітаптарының, ата-бабалар шежіресінен сыр шертетін ғұмырнамалық жинақтардың шығып жатқанынан да хабардармыз.
Соған мысал осы тұрған Ақмола облысы бойынша тек соңғы кезде облыс әкімінің, тағы басқа қоғамдық ұйымдардың қолдауымен көптеген авторлардың жеке еңбектерінің шыға бас-
тауы. Әйткенмен де көп деп өзурегенімізбен Қазақстанда шығып жатқан сол 3 мыңға тарта басылымның тек 18 пайызы, яғни, 511-і ғана мемлекеттік тілде көрінеді.
Тағы бір сорақысы, біздің өңірде ондайға жол берілмесе де, әсіресе, оңтүстік облыстарда, соның ішінде Шымкент, Тараз қалаларында шығып, осы жаққа әкелініп, тарап жатқан «Ләззат», «Махаббат», «Сен+мен», т.б. анайы тақырыптарды, анайы жағдаяттарды сөз ететін газеттердің басып шығарылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан қалайша рұқсат беріліп жүр деп те ойлайсың кей-кейде көп оқырманның бірі ретінде. Өзгесі өзге, мұндай анайы анекдоттардың, отбасындағы ашыналық қарым-қатынастарды дабырайтып жарнамалайтын материалдардың біздегі кейбір тәуелсіз газет беттерінде, тіпті мемлекеттік басылымдарда да анда-санда болсын қылаң беріп қалатындығы жасырын сыр емес.
Жә дейік, газет-журналдың жөні бір басқа, осы тұрған облыс орталығы – Көкшетаудың өзінде ғана ана жерде, мына жерде күн сайын өтіп жататын жедел кеңестердің, шұғыл отырыстардың, болмаса мәжілістердің, салиқалы жиындардың қай тілде көбірек жүргізілетіндігіне назар аударайықшы. Айтуға да ауыз бармайды. Солардың көпшілігінде бірді-екілі адам ғана таза қазақ тілінде сөйлесе, қалғандары «басқаларға ұғынықты болуы үшін» көкейдегі өз ойларын, өз пікірлерін ресми тіл аталған – орыс тілінде жеткізуге тырысады. Тіпті, журналистер тарапынан: «Біздің кейбіреулеріміз қазақ тілді газет редакцияларында қызмет істейміз. Неліктен сіздерде «баспасөз-ақпарат» («Пресс-релиз» дегені) тек орысша таратылады» деген суалдарына солардың көпшілігі: «Келесі жолы ескеретін боламыз» деуінің өзін қайтерсің. Сонда «Көкшетау қаласында іс-қағаздары бәленінші жылдан мемлекеттік тілде жүргізіледі» деген жалған ақпар-мәліметке қалай сенуге болады.
Мемлекеттік тілді дамыту, оның аясын кеңейту жөнінде Ел Президентінің тапсырумен қаншама бағдарламалардың, Үкімет қаулыларының қабылданып, Жарлықтардың шығарылғандығы белгілі. Тіпті, анада біздің облысқа Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі Президенттік қордың арнайы делегация мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өткендігін де көзімізбен көріп, құлағымызбен естідік емес пе. Онда ана тіліміздің қазақстандық қоғамдағы рөлі, тіл ахуалын бағалау, мемлекеттік тілді толыққанды дамытуға бөгесіндік келтіріп жүрген проблемалар төңірегінде кеңінен пікір алмасылды.
Елбасымыздың өзі «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деп атам заманнан айтып жүр ғой, десті жиынға қатысушылар. Олай болса дейсің осындайда бізге, біздің қазақ ұлтына кім қысастық жасап, ілгері басуымызға не кедергі келтіріп жүр?!
Тәрбие негізі – бала бақшадан, одан қалды мектепте қаланады дейміз көбіміз. Бірақ, өкінерлік жайт сол, солардың түпкі сырына тереңірек көңіл бөле бермейміз былайғы ағайын. Кезінде өз балаларымыз, қазіргі күнгі немерелеріміз бала бақшаларына барды ма, барды. Ол уақытта қазақ тілді топтары болмағандықтан көбіміздің ұл-қыздарымыз орыс тілінде сөйлеп, орыс сыныптарында оқыды. Ал, немерелеріміздің алды, тіл-көзден сақтасын әйтеуір, қаладағы №18 орта мектептің қазақ сыныбында білім алуда. Әйтсе де көрші үйдің балалары бар, өзгелері бар дегендей, көшеде ойын барысында әлгілер қазақ тілінде сөйлемегесін солармен орысша сөйлесіп жатқанда өз-өзіңнен еріксіз бармағыңды тістейсің.
Анада қала ішіндегі автобустардың бірінде келе жатқам. Қарсыдағы орындықтарда отырған иықтарына торсиған сумка асынған, он-онбірлер шамасындағы екі-үш қарадомалақ өз ағайындарымыздың балалары кеу-кеулесіп өзара әлденеге мәз-мәйрам болып, сөйлесіп жатты. Біреуі орысшалайды, екіншісі қазақша жауап берген болады. Шыдай алмай:
–Әй, қарақтарым, қайда, қай мектепте оқисыңдар?–дедім тіке сұрақ қойып. Әлгілердің біреуі «бізге айтып отыр ма, осы кісі?» дегендей маған жаутаңдай қарады да:
–Ата, осындағы үшінші қазақ мектебінде оқимыз,–деді енді не дер екен дегендей.
–Қазақ сыныбында оқисыңдар ғой.
–Иә…
–Ендеше неге орысшылайсыңдар!? Әлгілер жым болды. Әрі-беріден соң біреуі екіншісін нұқып:
–Мынау орысшалай береді, сонсоң,–деп күмілжіп қалды.
Жалғыз бұл емес, орысшалағанның көкесін көшеде де, басқа жерлерде де естисің. Атам заманнан қоңсы қоныстанған екі ұлттың арасына от салғандық емес, тек қараптан қарап, намысың келеді. Әйтпесе, басқа басылымдардан оқып жатқанымыздай, «… Ертең елді көгертеді деп мемлекет қаржысымен шетелдің іргелі оқу орындарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқытқан, биыл елге қайтқан 40-тан астам жастың (қыз-жігіттің шығар – автор) бірде-бірі ана тілін білмейді (мақұрым!..)
Сұмдық-ай!.. Сұмдық демеске амал қанша, егер былайғы қатардағы қарапайым адамдарды, солардың ішінде әлі күнге емшек сүті аузынан кетпеген әлгіндей жас балаларды, болашағымыз осылар деп жүрген қыз-жігіттерімізді, кеудесі көк тіреген шенеуніктер мен қалтасы евро мен долларға толы болса да көлденең көкаттыны менсінбейтін қазіргі «байсымақтарды» айтпағанда, Елордада отырған елдің, халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын зиялы деген депутаттарымыздың өзі мемлекеттік тілдің мәртебесін одан әрі көтеру жөнінде мәселе қозғалса-ақ, жақ-жақ болып, дау-дамай тудыратындары несі?! Бәрін айт та, бірін айт, «Сен салар да, мен салар» деп бақай есеппен өзара текетіресіп жүргенде астымыздағы атымыз арам қатып, көшіміз кейінде қалып қоймағай, ағайын, дейміз сөз соңында.
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.