Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жауырды жаба тоқымайық - АРҚА АЖАРЫ

Жауырды жаба тоқымайық

Тәуелсіздігімізді жариялап, егеменді ел қатарына қосылдық деп қаншама күпінгенімізбен, әлі күнге өз елімізде отырып, өгей баланың күйін кешіп келе жатқанымыз тіпті де өтірік емес.

Олай деуімізге себеп, жер астындағы, жер бетіндегі қаншама байлықты иеленіп жүрсек те, пәтер, үй алмақшы болсаң да, жеке меншігіңе автокөлік сатып алып мінейін десең де, ең аяғы басты байлығымыз – мұнайдың бағасын теңгемен бағамдасақ та тап қазірде АҚШ-тың долларымен есептесуге мәжбүрміз. Оны қойшы-ау, өзекті мәселе – мемлекеттік тіл саналған ана тіліміздің де өрісі кейінгі кезде мүлдем тарылып келе жатқандығы көңілімізді алаңдатады.
Мәселен, талайдан бері айтылып та, жазылып та жүргенмен, кей уақ көшеде оңаша келе жатсаң алдыңнан кес-кестеп өткен қаракөз қыз-қырқынның да, соңыңнан ілби басқан орта жастар шамасындағы қазақ келіншектерінің де, тіпті өзіміз құралпы жігіт демей-ақ қоялық, ақсақалдық жасқа таяған ер азаматтардың да шүлдірлесіп, гүжілдесіп, келсін-келмесін орысшалайтындықтарын қайтерсің?! Сондайда орысша оқып, іс- қағаздары әлі де ресми тілде жүргізілетін мекемелерде қызмет істеп, жейтін нанын тауып жүрген ағайындар-ау, намыс деген қайда, неге өзегіңді жарып шыққан өз ана тіліңде сөйлемейсіңдер дегіміз-ақ келеді оларға. Бірақ, шындығы керек, тіл қысқа.
Осы орайда, Алаштың аяулы перзенттерінің бірі Халел Досмұхамедовтың: «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесе – бұл сүйініш, ана тілін білмей тұрып, бөтенше сөйлесе – бұл күйініш» деген ұлағатты сөзі тағы еске түседі. Не деген ұтымды ой, не деген тапқырлық сөз. Тегінде жоғарыда тілге тиек еткеніміздей, абыз ақын, ақиық ақын Абай атамыз:
Қайнайды қаның,
Ашиды жаның,
Мінездерін көргенде.
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,
Көкірегі «соқыр» наданның», –
деп осындайларды тұспалдап, осыларды мысқылдап, келекелеп айтқан ғой дейсің іштей ой елегінен өткізіп.
Әйткенмен, бәрін жаба тоқудан аулақпыз, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаншама қазақ балабақшалары мен мектептерінің ашылып, аудандық, қалалық және облыстық «Қазақ тілі» бастауыш ұйымдары мен бертін келе тілді дамыту жөніндегі басқармалардың, тіпті нақ Елордамыз – Нұр-Сұлтанның өзінде мемлекеттік тілдерді дамыту жөніндегі президенттік қордың құрылып, жер-жерде әсіресе, жергілікті ұлт өкілдері көп шоғырланған елді мекендерде жиындардың көпшілік бөлігінің мемлекеттік тілде өткізіліп, іс-қағаздарының осы тілде жүргізіле бастағандығының да куәсі болғанбыз. Өкінішке орай, соның біразы бертінірек тым сиырқұйымшақтанып, қазіргі таңда бәз-баяғы қалпымызға қайта түсіп келе жатқан жоқпыз ба деп күдіктенетіндігіміз де рас.
Сөзімізді дәлелдеу үшін кезінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп сан мәрте қайталап айтқаны есімізде ғой, есімізде. Ал, таяуда ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы, міндеті деп те айтуға болады» деп атап көрсетті емес пе, ендеше, кеудесі көк тіреген, кеудемсоқ шенеуніктерге бұдан артық не айтуға болады?!
Саясатқа әрі бармасақ та, кей-кейде өз ана тілін білмейтін мәңгүрттерді, солай демеске тағы амал жоқ, басқа тілдерді, әсіресе, қазіргі замана талабына сай ағылшынша, түрікше оқып үйреніңдер деп қысталайтындарымызға таңдай қағатынымыз бар. Оу, сонда дейміз, шетелге барып, шетелде оқып, білім алған жастарымыздың көпшілігі жат жұртта тұрақтап қалып, өзге елдің қызына үйленіп, не жігітіне тұрмысқа шығып жатса, не нәпақа таппақпыз. Тегінде мәңгүрттенудің көкесі дегеніміз осы ғой.
Жә, әңгіме тіл проблемасы, ана тіліміздің ертеңгі болашағы жайында болған соң осынау шетін мәселеге қайта оралайықшы. Кәнігі журналшы ретінде жергілікті басылымдармен қатар, сонау оңтүстік өңірдегі – Алматыдан, іргедегі Нұр-Сұлтаннан шығып жататын газет-журналдардың қолымызға тигенін оқып, содан өзімізше ой түйіп жататындығымыз анық. Сондай азды-көпті басылымдардың бірінде қазақстандық неміс жазушысы, аудармашы, марқұм Герольд Бельгер ертеректе ұлтсыздану, тіл мәселесі хақындағы мақаласында («Плетенье чепухи») былай деген екен. «Прошло столько лет, как казахский язык объявлен государственным, но он им не стал, ибо сдвиги его слишком минимальны». Жанға бататындай бұл сөзін ол әрі қарай былайша жалғастырыпты: «Всевышний не простит потомкам казахов, если они несметное богатство предков упустят из рук и предадут забвению».
Тегінде бұдан артық не айтуға, не жазуға болады. Олай болса, әлі де кеш емес дейтіндей, көрпемізге қарай көсіліп, жа-
уырды жаба тоқымай, ойланайық ағайын!
Сайлау КӨШКЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі, ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар