Тағдырдың тәлкегіне мойымаған

Бір кезде аттың құлағында ойнаған жампоз еді. Ұшқырлықты, жылдамдықты жақсы көретін. Бүгінде көлік апатына ұшырап, омыртқасын опырып алғаннан кейін қарға адым жер мұң болып қалды. Әйтсе де, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай рух қайсарлығы, жігерінің молдығы тағдырдың тәлкегіне мойынсұндырмай келеді.

Баян-Өлгийден атажұртқа бет түзеген ұлы көшке ілесіп, туған жерге табан тірегенде төбесі көкке бір-ақ елі жетпей қалғандай қуанған. Аталар аңсаған, аналар жетуге асыққан – атажұрт! Бала болса да бәрін түйсінген. Енді арғы заманда азуын айға білеген баһадүр бабалары күн кешкен Алтайдан Атырауға дейінгі ұшқан құстың қанатын талдыратын, жүгірген аңның тұяғын тоздыратын сайын даланы бауыр басады. Өз даласы, өз жері! Алғашқы бетте Шығыс Қазақстан облысында көш шөгерген, кейін Макинск қаласына қоныс аударды. Ата кәсіп – мал шаруашылығымен айналыспақ. Төрт түлік малдың жайын бір кісідей біледі. Көзін ашқаннан көргені сол. Әсіресе, Қамбар ата түлігі десе, ішер асын жерге қояды. Самал желге көкірегіңді аймалатып, болат тұяқтарымен дала төсін пергілеп, құлдилай шабатын жүйріктің үстіне мінген бір бақыт емес пе?!
2007 жылы кездейсоқ жол апатына ұшырады. Тұлпарға тоқым салу көзден бұл-бұл ұшқандай. Облыстық ауруханада ота жасатып, бір жыл бойы төсек тартып жатты. Сол сәтте келер күндердің көкжиегі көмескіленіп бара жатқандай көрінген. Енді тымақты алшы кигізетін аттың аяңы қайда?.. Бұл дүниедегі ең үлкен бақыт қара жерді екі аяғыңмен нық басып тұру екен деп түйсінген.
–Қарап отыруға бола ма? – дейді Ерболат Азамат, – тырбанып тіршілік ету керек болды. Отбасымен ақылдаса келе, несие алдық. Жеті бас сиыр. Әркім «өз қотырын өзі қасып жатқанда» алақан жаюға болмайды ғой, балалар болса өсіп келе жатыр.
Сиыр сүтінен түрлі-түрлі өнім дайындап, көрші-қолаңға сата бастады. Өнім болғанда қандай, дәмі тіл үйіретін айран, ақұлпа ірімшік, сары май. Іргелерінде отырып мал өнімдерін іс қылып сата бастаған көршілерінің қарекетіне құлақтанған қала тұрғындары ағылып келе бастады. Тіпті, тұтынушы іздеген де жоқ.
Әйтсе де, шағын қалада мал ұстау да оңай-оспақ шаруа емес екен. Ең алдымен жайылым жерінің жоқтығы жанды қинайды. Күні бойы өріске шығарған малдан көз айырмауың керек. Әйтпесе, қаланың көң-қоқысы шығарылатын, бей-берекет болып үйіліп жатқан полигон нақ жолдың үстінде. Шашылып жатқан ақжоңқа полиэтилен қапшықтар. Сиырдың аузына түссе, ажалы содан болары анық. Қолсозым жерде құс фабрикасы. Ол маң да мал жаюға жарамсыз. Құс саңғырығы да – у. Мал азығын дайындайтын шабындық жер де жоқ Бір жылы 25 шақырым жерден шөп дайындапты. Барып-келудің өзі азап. Шабылған шөпті тасымалдауға көлік керек. Алыс болған соң жанар май да көп жұмсалады. Ендігі амал қымбат болса да сатып алу. Өткен жылы салмағы 30-40 келі болатын шөп буындыларын сатып алыпты. 1 тонна шөбіңіз 40-50 мың теңгенің шамасында. Малды жемсіз және баға алмайсың. Ал, оның бағасы тіпті аспандап тұр. Биыл көктемде жылқы қолға ерте қарап, жемшөп бағасы тағы өсіп кетті. Осыншама бейнетті белден кешіп отырса да мал сүмесімен күн көруді дағды еткен Ерболат Азамат бағымындағы малдан айырылғысы келмейді.
–Қолғанат болып өсіп келе жатқан балалар бар. Егер жергілікті әкімдік жайылым мен шабындық мәселесін шешетін болса, мал басын өз төлі есебінен ептеп көбейтуге болар еді, – дейді ол, – сонда төлдің біраз бөлігін жемшөп сатып алуға, қалғанын несиені жабуға жұмсар едік. Өзімізге де тәп-тәуір нәпақа қалар еді. Бізге өзге көмектің қажеті жоқ. Жарты денемде жан болмаса да жамбастап жүріп күн көрер едім.
Мүгедектер арбасына таңылып отырмаса да, қимыл-қозғалысы шектеулі жігіттің жігеріне таң қалғанымды несіне жасырайын. Жұмыс істегім келеді деп ұмтылып-ақ тұр. Әрі ешкімнен ештеңе дәметіп отырған жоқ, өз күнін өзі көрмек. Тек тілегенін орындап, қолындағы мал басына шақталған жайылымның жайын қарастырып, шабындығын бөліп берсе, қатардан қалмасы анық.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар