Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қасіретті жылдар тарихына арналды - АРҚА АЖАРЫ

Қасіретті жылдар тарихына арналды

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет үйінде өткен диалог алаңында қасіретке толы нәубет жылдары жапа шеккен саяси қуғын-сүргін құрбандары еске алынып, олардың рухтарына құрмет көрсетілді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың төрайымдылығымен өткен тарихи маңызы зор танымдық іс-шараға Қазақстанның әйелдер қозғалысының әскери тарихын зерттеуші, публицист Дина Игсатова, өлкетанушы, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі Гүлбаршын Салық, өңір ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері және депортация кезінде қазақ жеріне күштеп көшірілген өзге ұлт өкілдерінің ұрпақтары қатысты.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстан жеріндегі қуғын-сүргін, сондай-ақ репрессия, депортация кезеңдерімен байланысты драмалық оқиғаларды еңсерудегі әйелдердің трагедиялық тағдырына қатысты тарихи парақтарды ақтарып, саралау – шараның басты мақсаты болды. АЛЖИР-дің құрылуы – әйел-анаға деген қорлаушылық пен заңсыздықтардың шыңына айналғаны белгілі. Диалог алаңында Ақмолада осындай «Отанын сатқандардың» әйелдері ұсталатын лагерьдің болуының өзі қазақ жері үшін өте ауыр жағдай болғандығы, мұнда отырған зиялы қауымның, қоғам белсенділерінің әйелдері өте сауатты, жоғары білімі бар, ауыр жұмыстарды істеп көрмеген нәзік жандылар екендігі, соған қарамастан, тағдыр бастарына салған нәубетке көніп, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тылды қамту үшін қосқан зор еңбегі жайында және еліміздегі басқа да лагерьлерде жапа шеккен тағдырлар туралы Гүлбаршын Салық кеңінен мазмұнды әңгіме өрбітті.

Әрі арнайы әзірленген бейнефильм жиналған қауым назарына ұсынылып, қуғын-сүргінге ұшырағандарға бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетілді.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі 2020 жылдан бері іскер серіктестермен бірлесіп, 106-шы Ақмола қазақ кавалериялық дивизиясы туралы арнайы жобаны іске асыруда. Аталмыш дивизия құрамы Ұлы Отан соғысы кезінде жасақталып, Харьков түбіндегі шайқаста қаза тауып, тірі қалғандары жау қолына түсіпті. Тарихтан белгілі жау тұтқыны болған майдангерлер бірден Отанын сатқандар қатарына еніп, соғыс аяқталғаннан кейін де қаншама қудаланып, кеңес түрмелерінде азапты күндерді бастан өткерген болатын. Осы дивизияның соңғы сарбазы 2015 жылы дүниеден озған көрінеді. Кеңес басшылығы мұрағаттағы аталмыш дивизия жайлы бар мәліметтерді жойып жіберген. Бүгінде дивизия тарихын ғалымдар мен зерттеушілер тырнақтап жинап жатыр десе болады. Ғылыми қауымдастық, музей, архив қызметкерлері аты аңызға айналған кавалерия дивизиясы туралы құнды мәліметтерді зерттеу жұмыстарын қолға алып, жалғастыруда. Аталған тақырып бойынша жиынның басты қонақтарының бірі Дина Игсатова жан-жақты баяндап берді. Өз сөзінде осы дивизия құрамында болған, бірақ, із-түзсіз кетті деген ақмолалықтардың қайда жерленгенін іздестіруге болатынын атап өтті. Сонымен бірге, жау тұтқынында болған майдангерлер бүгінде түгелімен ақталып жатыр.

Жиын барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарихшы Аманбай Сейітқасымов та сөз сөйлеп, облыстық мәдениет басқармасының басшылығына өңірде арнайы орталық ашып, онда саяси қудалау жылдарындағы тарихи құжаттар мен жәдігерлерді, зерттеулерді жинақтау қажеттігін ұсынды. «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев пен саяси қудалау кезінде күштеп Қазақстанға көшірілген өзге де ұлт өкілдері ата-бабаларының нәубет жылдары қандай қиындықтарды бастарынан өткергендігін айтып, ашаршылықтан кейінгі өз күндерін әзер көріп отырған қазақтардың мейірімділігі мен бауырмалдығына алғыстарын жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар