Адамның бойындағы қасиеттердің ең маңыздысы – адамгершілік. Кез-келген адамның бойында осы қасиет бола бермейді. Меніңше, адамның ішкі жан дүниесіндегі күйзеліспен өмір сүруі, ненің ақ екенін, ненің қара екенін ажырата білмеуі, тағы басқа факторлар қоғамға жағымды қасиеттерімен танылуға кедергі болып келеді.
Әркім ішкі жан дүниесіндегі қасиеттерін айналадағы адамдармен қарым-қатынаста болғанда, оларға көмек қолын созғанда көрсете білуі тиіс. В.Сухомлинский былай айтқан еді: «Егер балаға қуаныш пен бақыт бере білсек, ол бала сондай бола біледі».
Демек, шәкіртке жан-жақты терең білім беріп, оның жүрегіне адамгершіліктің қасиеттерін үздіксіз ұялата алсақ, бұл ертеңгі азамат, жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, айналасымен санасуына ықпал етеді. Меніңше, бұл қасиеттердің барлығын адам тек тәрбиенің көмегімен ғана алады. Себебі, тәрбие бар жерде білім де бар. Баланы қалай өсірсең, ол солай дамып, өсіп-өніп, қоғамға жақындай бастайды.
Яғни, елдің, ұлттың дамуы тікелей саналы ұрпақтың және қоғамның қолында, әр елдің азаматы меніңше, ең бірінші, өзін-өзі тәрбиелеуі тиіс деп санаймын. Адам өзінің қателіктерін өзі тауып түзете білсе, бойындағы жағымсыз қасиеттермен күресіп, олардан арылып, жақсы жаққа қарай бет бұрса, кішкене де болсын, өзінің азамат екенін көрсетсе, қоғамның дамуына зор үлесін қосады деп санаймын. Адамгершілік – рухани қазына мен байлық. Өз бойынан сол рухани байлықты көрсете білген адамға не жетсін?!
Ілияс ӘУБӘКІРОВ.