Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Абай жолы» – ұлы шығарма - АРҚА АЖАРЫ

«Абай жолы» – ұлы шығарма

Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы – әлемдік сөз өнеріне қосылған асыл мұра. Роман-эпопея Абай жайлы болғанымен, оқиғалары бүкіл қазақ қоғамының жарты ғасырлық даму жолымен ұштастырыла дамиды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына орай Застанциондық қалалық үлгілі кітапханада «Абай жолы» атты әдеби гид болып өтті. «Абай жолында» ХІХ ғасыр­дағы қазақ қоғамының тыныс-тіршілігі, салт-санасы кеңінен қамтылып, сан қырлы тұтас галерея жасалған.

Халқымыздың этнографиялық, діни, рухани, мәдени дәстүрлері: жаз жайлауға, қыс қыстауға көшу, құдалыққа бару, той атқару, ас беру, түрлі сайлау, дау-шарлар, сондай-ақ жеті ағайынды жұт, аң, құс аулау мен табиғат көріністері, тағы басқалары, бәрі-бәрі көркем көрініс тапқан. Қазақ байтағындағы жылдың төрт мезгілі қалай әсем суреттелген десеңізші!

Романдағы басты тұлға – ұлы Абай. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп», «мыңмен жалғыз алысқан» дала данышпанының бейнесі тұтас бір халықтың рухани, адами символы, келбеті болып көрініс береді. Шығармада Абайдың сөзі мен ісі бір жерден шығып отырады.

–Өлеңдерінде заман мұңы мен халық қамын терең толғаған ұлы ақын, әрбір әрекетінде қалың елі – қазақтың болашағын кеңінен ойлаған үлкен ойшыл ретінде танылады. Бұл тұрғыда Мұхтар Әуезов Абайдың көркем бейнесін жасауға ақынның өз өлеңдерінің көп көмегі тигенін аса ілтипатпен жазады. Сұңғыла суреткер ұлы ақынның шыншыл шығармаларын туғызған жағдай мен себептер табиғатына терең бойлау арқылы оның өмір жолына қанығады. Абай халық көңілінде қаншалықты биік деңгейде тұрса, жазушы оның көркем бейнесін соншалықты жоғары дәрежеде береді. Кітапхананың оқырмандары шара барысында «Абай жолы» роман-эпопеясынан үзінділер оқып, өз ойларымен бөлісті.

«Абай жолы» эпопеясының танымдық мәні туралы айтқанда, жазушы Абай заманын, сол ортаны, Абайдың ақындық, азаматтық тұлғасын, өнерпаздық жолын танытуы арқылы әдебиеттану, соның ішінде абайтану ғылымының одан әрі өрістеп, дамуына әсер-ықпалы да аса зор болды дейміз. Эпопеяның кең мағынасында тарих, этнография секілді ғылымдар тұрғысынан қарағанда да, танымдық мәні аса күшті екенін кезінде ұлы академик Қаныш Сәтбаев атап көрсеткен болатын. Ал, жалпы халықтық мүдделер тұрғысынан келгенде, біз «Абай жолы» эпопеясының ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді, ана тілімізді өркендетудегі орасан зор рөлін баса айтуымыз қажет. Эпопея дүние жүзі халықтарының 116 тіліне аударылғаны да жайдан-жай болмаса керек.

Қарлығайын Накешева,
Көкшетау қалалық Застанционный
үлгілі кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар