Жақсы адамдар бұл өмірдің көркі ғой. Бір тал гүл, жапырағы көгерген ағаш та өзіне тартады. Жақсылар да солай. Жаңа ғана Көкшенің айтулы бір азаматы Лашынтай Жасқайратұлы Дүйсеновпен әңгімелестім. Ел білетін жігіттің адамгершілік биік тұлғасы, шынайылығы мен адалдығы тағы бір тәнті етті. Өн бойынан сыпайы мінезі, бауырмалдылық қасиеті, ақыл-парасаты мен мұндалаумен тұр. Қашан көрсең де осылай. Үлкендерден алған тәлім-тәрбие, ата-анасының жақсыға баулығаны, өзінің ой-ұғымы, талпынысы зая кетпей, осындай азамат етіп қалыптастырған.
Адамды өмір, қат-қабат тірліктің сан тарау жолы, қызмет, жұмыс шыңдайды. Нағыз азамат соның бәрінен қапысыз өтіп, өзіне қай жағынан да қамшы салдырмауы керек. Жүрегі біліп, жаны біліп, осы жасында еліне, қазағына адал, қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандардың бірі өз басым осы Лашынтай бауырымыз дер едім. Бұл азаматта бетпе-бет келсең, қанықсаң, көңілің толатын асыл бір қасиет бар. Жайдарлылығы, аңқылдай келіп құшағын ашатын жан тазалығы, көзіндегі шуақ, жүзіндегі ықылас соны аңғартады. Әдептілік те, кішіпейілділік те тура қазақ баласының өзің ішің қалап тұрар, өкінішке орай, бұл күнде сирексіген табиғи болмысын көз алдыңа ғайыптан әкеле қойғандай.
Иә, біздің білуімізше, Лашынтай замандасымыз осындай мінез, тектіліктің иесі. Бір үйдегі бес баланың үлкені. Көкшетаудың іргесіндегі Қоныспай ауылында тұрған әкесі Жасқайрат, анасы Барқыт кішкентайынан шаруаға, әрненің ара-жігін біліп, ажыратып өсуге, үлкен-кішіні сыйлауға, ұқыптылыққа баулыған. Кейін өзінің де сүбесіне берген соң, осы керектің бәрін өзі әрі қарай алып кетті. Мектептен кейін алғашқы еңбек жолы ауылда, қара жұмыстан басталды. Қырманда жұмысшы, одан тауарлы-сүт фермасында малшы болды. Сөйтіп, өмір, еңбек мектебінен үйреніп, керегін ала берді. Өз ортасында шоқтығы биіктеу екені сол кезде-ақ байқалып қалатын. Бір жылдан соң талаптанып, Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Көкшетау филиалының зооинженерлік факультетіне оқуға түсіп, диплом алды. Кейін әскерге де барып келді. Келісімен жұмыс таңдап, босқа уақыт өткізген жоқ. Тағы да ауылда мал бақты, ветсанитар болып істеді, Көкшетау мал тұқымын асылдандыру станциясында мамандығы бойынша еңбек етті.
Осылайша кешегі кеңес дәуіріндегі қатаң жолға қойылған өзін-өзі көрсеткен кадрларды қызмет бабымен өсіру тәсілі бұл жігітті де айналып өтпеді. Сол кезде мал шаруашылығы маңдымай қойған «Күсеп» кеңшарына бас зоотехник қызметіне тағайындалды. Шаруашылықта Лашынтай келгенде 1100 сауын сиыр бар еді. Қазіргі дөкей деген серіктестіктердің қолындағы малмен салыстырғанда аз дей алмайсыз. Бірақ, әр сиырдан сауылатын сүт жылына 1245 литр ғана. Әу баста облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы әңгіме де осы болған. «Күткен сүт те жоқ, төлден өлім-жітім де көп, өзіңіз жағдайды түзейді деп сенеміз».
Сол сенім, бойындағы жігер, жүктелген жауапкершілік содан бұл қызметке де жан-тәнімен бойлатқан да жіберген. Малшы, сауыншымен тез тіл табысқан жоғары адамгершілік қасиеті бір, іскерлігі екі жақтан демеуші болып, бұрынғы тап-тауырын ескі технологияны өзгертуге, жұмыс тәртібін нығайтуға күш салып еді, нәтиже бірте-бірте оңға бет ала берді. 1995 жылы осы шаруашылықтан көршілес «Раздольный» кеңшарына директор болып жоғарылатылғанда, «халқы негізінен, еңбексүйгіш неміс ұлтынан бола тұра, көрсеткіш неге маңдымайды?» деген әуелдегі сауал да сейілген еді. Өйткені, әр сиырдан сауылатын сүт 3-4 жылдың айналасында орташа есеппен 2890 литрге жеткен. Бұрын 250-300 бұзау шығынға ұшыраса, енді жылына 25-30 бұзау ғана шетінейтін болған. Мұны ауылдың байырғы тұрғындары да жақсы біледі. Кешегі малшы, сауыншылардың қатарынан осы күні өздерінің бас зоотехниктерін көре қалғандар аңқылдай амандасып, сол жылдары өзінің жетекшілігімен қалай еңбек еткендерін қимастықпен еске алып жатады. Сірә, бұл да өздеріндей жұмыр басты жан баласы, әрі басшы ретінде шын ойларынан шыққан осы бір азаматқа жүректерінің бұруы, көңілдерінің жылуы шығар.
Ал, бәріміз кешегі көзіміз көрген де, амалсыз көнген де заманның нағыз қиын кезеңінде шаруашылық директоры болып тұрған кезінен мына бір екі-ақ эпизод. Жай жағдайлар емес, бүгінгі алпысында айтуға тұратын адам баласының Алласына да, арына да адалдығын көрсететін екі мысал. Бірақ, сирек мысал. 1996 жылы облысымызда егіншілікпен айналысу ойы бар «Агроцентр Астана» фирмасының өкілдері Азат элеваторының акцияларын сатып алмақ ниетпен Лашынтай Дүйсеновке де келіп жолығады. Сол тұста бұл элеватордың 10 пайыз акциясы «Раздольный» кеңшарында, дәлірек айтсақ, шаруашылық директорының қолында еді. Өйткені, бұл кезде ауданда әкімдіктің қаулысымен кеңшарлардың барлық дүние-мүліктері осы басшылардың жеке иелігіне беріліп қойылған. Фирма он пайыз акцияға 10 мың долларды «мә» деп қолына беріп тұр. Ол кездегі бағамен қыруар ақша. Алса заңды түрде қалтасына кете барады. Талайлар солай, жоғарыдағы қаулы-қарарларды пайдаланып, шаруашылықтардың малын да, дүниесін де талан-таражға салды ғой. Жымқырғанын жымқырды, жамбасына басты.
Бірақ, тумысынан адал, арлы азамат Лашекең олай істемеген, сол күні дереу қол астындағыларды жинап, бас бухгалтерден 10 мың долларды теңгеге айналдырғанда еңбекақы қарызының қаншасын жабатынын сұрайды. Сөйтіп, есептей келгенде 29 пайызын жабуға болатыны мәлім болады да, тура солай істеледі. Ауданда осы күні сол ар-ождан тазалығының куәсі болған Қайрат Сұлтанов сияқты белді азаматтар да жоқ емес, баршылық.
Біз айтпақ келесі жай шаруашылықтағы «Золотой петушок» бала бақшасынан шығады. Оны да өзі бас-көз болып ақшасын төлеп, жігіттерге күзеттіріп, қиын кезде аман сақтап қалған Лашынтай Жасқайратұлына 2003 жылы Астана жақтан генерал-майор Выборнов келіп, «бұл бала бақша сіздің иелігіңізде екен, біз бүкіл Көкшетаудың төңірегін аралап, есірткіден емделу орталығын ашуға осы ғимараттан басқа ыңғайлы орын таппадық. Сіз оның заңды қожасысыз. Бағасын айтыңыз, қанша сұрайсыз? Жеке есеп-шотыңызды ашсаңыз болды, республикалық бюджеттен соған ақшаны аударады» дейді.
Бұл да сол кездегі қаулымен өзіне өткен ғимарат қой. Не істесе де, еркі. Бірақ, бұл жолы да жалған дүниеге қызықпай, «Жоқ, оны шаруашылықтың менен бұрынғы Завада деген сыйлы директоры салған. Сондықтан, бұл бала бақша халықтың бала бақшасы. Сондай жақсы іске сұрап тұр екенсіздер, онда бір тиынсыз тегін алыңыздар» деп, сыйлық ретінде тегін рәсімдеп береді. Қазір осынау «Сенім» есірткіге тәуелді адамдарды әлеуметтік-психологиялық оңалту орталығында еліміздің түкпір-түкпірінен қаншама жандар емделеді. Мекеменің штаты 36 адамнан 42 адамға дейін барады.
Ол кезде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ақкөл аудандық аумақтық басқармасы бастығы қызметінде жүрген абзал азамат осындай жеке басының жоғары қасиеттерінің арқасында қайда болсын, абырой биігінен көрінді. Үш жыл Зеренді ауданы әкімінің бірінші орынбасары болған кезінде өңір басшысы Ербол Сағдиевпен ортақ тіл табысып, қоян-қолтық бірге жұмыс істеулерінің арқасында біраз шаруаны ілгері апарысты. Ал, 2008 жылы облыстық әкімдікке қызметке ауыстырылып, бас инспектор болды, ауыл шаруашылығы бөлімін басқарды.
Одан кейінгі өмірінің есте қаларлық үлкен бір белесі – 2011-2012 жылдары Ереймендей киелі де, ардақты елде аудан әкімі қызметін атқаруы дер едік. Ел басында кез-келген басшымен болатынындай, әуелі сынай қарағанымен, кейін өздеріне қандай адамның келгенін түсінді. Сол адамгершілік, адалдық, халыққа жанашырлық көптің ойынан шығып, әрбір жылт еткен жақсы ісін депутаттар, былайғы жұрт та қолдап отырды. Осыған да бір-ақ мысал. Ажы ауылына барғанда халық тұзды су ішіп отырмыз деп ауыз судан туындаған қиындықтарын айтып, реніш білдірді. Содан бес шақырым жерде бұрыннан қалып қойған скважина бар екен. Сол скважинадан елді мекенге су тартылып, халыққа сапалы ауыз судың берілуіне қол жетті. Кейде ауылдағы желілердің өзінен су келмей жататынын ескерсек, бұл үлкен жұмыс еді. Кейін мұндағы шаруашылық иелерімен келісіліп, жарық түзелді, жол жөнделді. Сондай-сондай көзге көрінген істерден болар, орнына жаңа әкім тағайындалғанда, мәслихат депутаттары, басқа азаматтар өзін жібергілері келмеді, әрі қарай істесін деді.
Ақмола облысы әкімдігінің іс басқарушысы, Көкшетау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы қызметтері де – Лашынтай Жасқайратұлының айшықты өмір ізі. Соңғы лауазымда жүріп, облыс орталығының іргесіндегі қандастарға арналып салынған Нұрлыкөш ауылындағы 276 пәтердің жекешелендіру құжаттарын дайындауға ат салысты. Кезінде ауыл сапасыз салынып, қоныстанушылар тарапынан реніш туындағандықтан, бұл мәселенің шешілмей келген құқықтық әуселесі көп еді. Бұған қоса, сол кездегі қала әкімі Ермек Маржықпаевтың көмегімен сонау тоқсаныншы жылдары істен шыққан газ беретін қондырғылар, лифтілер қалпына келтірілді.
Осылай мемлекеттік қызметте де әр салада басшылық тізгінін ұстап, өзін жақсы жағынан көрсетіп келе жатқан белді азамат 2017 жылдың көктемінде Ақмола облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын. Арада үш жыл өткенде инспекция басшысы лауазымына жоғарылатылған Лашынтай Жасқайратұлының осы күнгі бар мақсат-мүддесі – өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, өңірдің экологиясын, аң-құсы, орман-тоғайын қорғау мәселелеріне дұрыс бас-көз болу. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша таяу жылдары еліміз бойынша екі миллиард түп ағаш егілуі керек. Ақмола облысында былтыр 970 гектар алқапқа ағаш отырғызылуы тиіс болса, бұл жұмыс 1340 гектар көлемінде атқарылды. Соның бәрін бақылап, тиісті деңгейде қабылдап алатын осы инспекция. Оған қоса, өздігінен жерге шашылған ағаш тұқымынан өсетін ағаштарды да мемлекет қорына аударумен айналысу осы мекеменің жұмысы.
Жан-жануарлардың, соның ішінде жер бетінде пайда болған уақыты мамонтпен шамалас киіктердің қысы-жазы қауіпсіздігін қамтамасыз ету өз алдына бөлек әңгіме. Олардың саны облысымызда ішкі миграция, яғни, ауып келуіне байланысты 40-80 мыңның төңірегінде. Өткен қыста өңірде қар қалың болды. «Қызыл кітапқа» енген жануарлар күнелтуі қиынға соғып, елді мекендерге, тіпті үйлерге дейін келді. Осы тұста инспекция, мұндай жағдайда онсыз да қарап отыра алмайтын оның басшысынан мүлдем маза кетті. Облыс басшылығына, өздері қарайтын Комитетке хат жазылып, қардан тазаланған алаңқайларға жемшөп шашылып, азын-аулақ шығынмен киіктер аман сақталып қалды. Осы күні қысы-жазы мекеме қызметкерлерінің көп жағдайда кеңседе отырудан гөрі, жер-жерде, яғни, орман, аңшылық шаруашылықтарында жүріп-тұруы басым. Өйткені басшы да соны дұрыс көретініндей, тікелей шаруаның басында болғанның ортақ іске пайдасы зор. Жөн білер азамат Лашынтай Жасқайратұлы Дүйсеновтың адалдық және жақсылық жолы міне, осылай тынымсыз өрбіп жатыр.
Қайырбай Төреғожа,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.