Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған өлкенің тамаша адамы - АРҚА АЖАРЫ

Туған өлкенің тамаша адамы

Адам баласының өмір жолы өнеге мен тәлімге толы болса, кешкен ғұмырының, төккен терінің босқа кетпегені сол. Негізі, әрбір адамның  бала жастан үйренген, соны әдет қылған, сосын оны  кәсіпке айналдырған ісі болады. Сол іс  оның өмірінің мәніне, жан қалауының  жарқыраған көрінісіне айналмақ. «Өнерді үйрен де жирен» деген дана халқымыз. Білмекке, үйренбекке құштарлық адамды өмірдегі мақсатты игі істерге жетелейтіні рас. Әсіресе еңбек пен бесікті қатар тербеткен аналардың мұндайда жөні тіптен бөлек. Біз әңгіме еткелі отырған ардақты жан Күлпәш Сейдахметқызы Ахметова сондай жанның бірі.

Бұл кісі ежелден қазақ өнері мен мәдениетінде атақ-даңқы алысқа кеткен киелі Айыртаудың тумасы.  Бірлестік ауылында ғұмыр кешкен Сейдахмет Рахметұлы мен Әнәзия Есенжанқызының отбасында 1939 жылы дүниеге келген апамыз орта мектепте үздік оқиды. Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесін көтергенше тұрмыс-тіршіліктің ауыр болғанын айтып отырады. Соның бір мысалы ретінде  сол кезде «сіремет етік» дейтін былғарыдан тігілген  аяқ киімді  ағасы Темірхан екеуінің сабаққа кезектесіп киіп барғанын айтсақ та жеткілікті. Тағдырдың таңдауы қалай болатын кім болжап біліпті?! 1951 жылы әкесі мезгілсіз  дүниеден өтіп, оң мен солын тани қоймаған шиеттей балалар жетім қалады. Сол кезде інісі Қасқырбай  бар болғаны үш жаста ғана екен. Тұралап қалған колхоздың шаруасымен қатар отбасындағы үйелмелі-сүйелмелі балаларды асырып-сақтау анасы Әнәзияға  оңайға түспегені белгілі.

Содан не керек, «сүйек тамыр сүйкеніп күнін көреді» дегендей, 1956 жылдың 1 наурызында  өздері жақсы танитын, әкесі Әнәзияға нағашы болып келетін Талап ауылындағы ауқатты отбасы болып саналатын  Ахметтің ұлы Қарақайға айттырылады. 17 жасқа енді толатын өрімдей қыз туған үйінен сөйтіп ұзатылып кете барады. Уағда бойынша үш пар ат жеккен құдалар келіп, қызды алып кетеді. Келін болып түскен соң атасы Ахмет көрші орыс ауылынан оқуыңды жалғастыр, қарайып қалма қарағым, деп айтса да, ол калхозға жұмысқа тұрғанды дұрыс көріп, сол кезден еңбекке етене араласып  кетеді.

Сол жылдан бастап Күлпәш апа Талап ауылында Ахметов Қарақай атамен бірге өмір сүріп келеді. Екеуі үйленген кезде атамыз он сегіз жаста болыпты. Биыл 2022 жылдың 1 наурызында отасқандарына 66 жыл толғалы отыр. Атамыз бен апамыздың осы күнде 13 баласы, 45 немересі, 37 шөбересі бар. Бұдан артық қандай бақыт, қандай қуаныш керек?! Расында Күлпәш апам ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты да батыр ана. Апай колхозда 40 жыл сауыншы болып жұмыс істеді, ата-ене де бақты, туыс-туғанның да бабын таба білді, бала туып, демалысқа да шықпастан жұмысынан қалмай, еңбек жолын жалғастырды.  Кеңес өкіметі кезінде 1972 жылы он бала туып, тәрбиелегені үшін «Батыр ана» орденін алды. Кейін Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталды.

Жас кезінде уақыт тауып  өнерге де көңіл бөліп, текемет басып, сырмақ сырып, түскиіз, құрақ көрпе тігіп, алаша тоқып  қазақтың қол өнерімен де айналысқан. Аяқ ұршығымен жүн иіріп, тоқыма тоқитын өнері тағы болған. Сонымен қатар, қазақтың дәстүрлі тағамдарын да даярлауды жақсы меңгерген.  Бие сауып, қымыз, құрттың неше түрін, айран, ірімшік, қоспа дайындаған. «Отқа көміп пісірген күлше наны өте дәмді болатын, ал, төңкермесі қандай, қайыңның қабығынан балаларға  қара сағыз да дайындап беретін» – дейді балалары.

–Қазанға бидай қуырып, сары самауырыннан  көрші-қолаңмен отырып, баппен күрең шайды ішкенге не жетсін! – дейді Күлпәш апаның өзі риясыз күліп. – Қолымнан дайындаған ас-дәмдерімді ең әуелі көршілерге, ауылдың игі жақсыларына, үлкендеріне «ала жүгіретін» әдетім бар. Содан жаман болғаным жоқ. Үлкендердің, аузы дуалы талай жанның, әсіресе, жолдасымның анасының ақ батасын алдым, мүмкін содан да болар, бала-шағам ауыртпашылық пен ауру-сырқау көрмей, аман өсіп, жетілді. Балаларымды өсіріп-жеткізуде де енемнің еңбегі зор болды. Тәлім-тәрбиенің де көбін сол кісіден алдым. Қарақтарым, шамаларың келсе, адамдардан  ақ бата, алғыс тілек  алып жүріңдер, сонда көсегелерің көгереді.

Тағы бір тамашасы апамыз халық әндерін орындағанды ұнатады. Бала жастан әуестігі болса керек. Жұмыста жүрген Күлпәш апайды клуб меңгерушісі кезінде ешқандай дайындықсыз аудандық көркемөнерпаздар байқауына апарады екен. Талай байқауларда ол кісі Ақан серінің «Қараторғайын», Мұхиттың әні «Зәурешті» тамылжыта шырқап, жүлделі орын алған.  Жастайынан көзі ашық, көкірегі ояу, зердесі мықты апамыз газет-журналдармен қатар, әдеби кітаптарды да үзбей оқуды дағдыға айналдырған. Күні бүгінге дейін өзі сүйіп оқитын кейбір журналдарды жаздырып алатын көрінеді.

Күлпәш апа сонымен қатар, ұлттық тағамдарды дайындаудың да хас шебері. 2018 жылы Астана қаласынан «Қазақ Туризм ұлттық каомпаниясының» арнайы түсірілім тобы келіп, Күлпәш Сейдахметқызының құрт дайындау жөнінен аспаздық өнерін түсіріп әкеткен болатын. Ол кісінің сол жолы жидек қосып дайындаған тәтті құрты «Қазақ асы: дәстүр мен дәм» кітабына да еніпті.

Апамыз Көкшетау қаласының тарихы музейінің көптеген іс-шараларына қатысып, Наурыз мерекесінде өз қолымен дайындаған ұлттық тағамдарын дастарханға тарту етіп, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген абзал жан. Аталмыш музей қорында ол кісінің өзі жасаған қолөнер бұйымдары мен тұрмыстық заттары да сақталуда. Күлпәш апамыздың өткен өмірі де,  адами болмысы да тұнып тұрған тарих пен тағылым десек, артық айтқандығымыз емес. Көкшетау қаласының тарихы музейінің ұжымы сексеннің сеңгіріне шыққан Күлпаш апайды келе жатқан 8 наурыз – Халықаралық  әйелдер күні мерекесімен құттықтап, ардақты да абзал жанға  зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, үрім-бұтағының қызық-қуанышын көруді тілейді.

Гүлмира ЗАРАПОВА,

Көкшетау қаласының тарихы музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар