Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Зеренді және Сандықтау аудандарының әлеуметтік нысандары мен кәсіпорындарын аралап көрді.
Өңір басшысы жұмыс сапарын 2020 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген Шағалалы орта мектебінен бастады. Мұнда жуырда ғана кіші топтардың оқушыларына арналған 45 орындық ғимарат пайдалануға берілді. Мектеп директорының міндетін атқарушы Нұрбота Сүлейменованың айтуынша, бас мердігер «Көкшетау Строй» серіктестігі жалпы құны 57,7 миллион теңгеге ғимаратты күрделі жөндеуден өткізген.
Білім беру нысандарын аралап көрген облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына жақсы баға беріп, ұстаздар қауымымен және оқушылармен әңгімелесіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан әрі, сол ауылдағы блок-модульдік қазандықта және осы жұмысқа тапсырыс беруші жоғары агротехникалық колледжінде болды. Дәл қазіргі уақытта қазандық қалыпты штаттық режимде жұмыс істеп тұр және бұрын жоспарланған нысандардың барлығын жылытуда. Ермек Боранбайұлы колледждің өзін арнайы аралап, студенттермен, тәлімгерлермен әңгімелесті. Ол жергілікті білім ошағынан ондаған жылдар бойы бүгінгі жұмысшы мамандығына білікті мамандар даярланып келе жатқанын тілге тиек етті. Колледж директоры Арман Оспановтың айтуынша, білім ордасынан тек жергілікті студенттер ғана емес, көршілес облыстар мен еліміздің оңтүстігі мен батысынан келген жастар да білім алуда. Қазіргі таңда колледжде «World Skills-2022» чемпионатының облыстық кезеңін өткізуге дайындық жүріп жатыр.
Сонымен қатар, Зеренді селосында да жаңадан салынған блок-модульдік қазандық пайдалануға дайын. «ТСК Титан» серіктестігінің мердігерлік компаниясының бас директоры Владимир Зайченко жаңа қазандықта үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы 562 кВт дизельдік генератор мен жаңа ұңғыма орнатылып, орталық су құбыры тартылғанын айтты. Өңір басшысы осы Зеренді селосындағы Сабырбек Хамзин ақсақалдың отбасына арнайы барып, келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады. Өзінің бар өмір жолын шопандыққа арнаған тыл еңбеккері, Красиловка ауылынан зейнеткерлікке шыққан. Еңбек өтілі 50 жыл. Жұбайы Меруерт апай екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген. Бір таңқаларлығы, биылғы қазан айында олардың шаңырақ көтергеніне 70 жыл толады екен.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Сұңқар» сауықтыру кешенінде де болды. Еске салсақ, өткен жылы бұл нысан «ҚазМұнайГаздан» Ақмола облысына сыйға тартылған болатын. Сауықтыру нысанын аралап көрген өңір басшысы кешен басшылығына бірқатар тапсырмалар жүктеді.
–Нысан иелерімен ұзақ келіссөздер жүргіздік. «ҚазМұнайГаз» өңірімізге осындай жомарт сый жасады. Біздің міндетіміз – кешеннің қалыпты жұмыссын қамтамасыз ету. Ол жыл бойы жұмыс істеуі тиіс. Оған бүкіл Ақмола облысының балалары баруы керек, – деген өңір басшысына Зеренді аудандық мәслихатының хатшысы Қайрат Ауғалиев қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
Бұдан әрі жұмыс сапарымен Сандықтау ауданында болған облыс әкімі тек әлеуметтік емес, басқа да бірқатар нысандарда, оның ішінде облыстық қиын өмірлік жағдайдағы балаларға қолдау көрсету орталығының жұмысымен танысты. Ондағы мекеме қызметкерлерімен және оқушылармен кездесіп, орталыққа атқарушы билік тарапынан қандай көмек керек екенін сұрап білді. Басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Валентина Крыжановская:
– Қазіргі таңда орталық қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасы зор. Біздің ғимарат күрделі жөндеуден өткеннен кейін жайлы жылы әрі ыңғайлы бола түсті. Демеушілер де барлық қажетті көмекті көрсетуде. Өзімізде жеке қазандық жұмыс істейді, наубайхана мен кір жуатын арнайы орын да бар. тәрбиеленушілерімізге барлық қолайлы жағдай жасалған. Осындай қолдау көрсеткені үшін облыс әкімдігіне алғыс айтамыз, – деді В.Крыжановская.
Балкашино ауылында Ермек Боранбайұлы көп балалы ана Жамал Әлібекованың шаңырағында болды. Жамал Мұржанқызы, сонау 1931 жылы туған. 17 жасында тұрмысқа шығып, осы уақыт ішінде марқұм жары Кәрімжанмен бірге 11 бала тәрбиелеп өсірген. Одан әрі облыс әкімі Веселов ауылдық округінде Социалистік Еңбек Ері Байдалы Оразалин атындағы орта мектепті аралап көрді. Мұнда да оқу орнының ұжымымен әңгімелесіп, жергілікті мұражайды болып, мектеп ғимаратының бүгінгі жағдайына баға берді.
«Байдалы 2» серіктестігінің арқасында ауылда жеке қазандық, фельдшерлік-акушерлік пункт, мал фермасы жұмыс істеп тұр. Жергілікті әкім Арман Сейтжановтың айтуынша, Веселое ауылында тұрғындардың 100 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған. Оған әрине, ең алдымен «Байдалы 2» серіктестігі үлкен қолдау көрсетіп отыр. Серіктестік директоры Марат Оразалин аймақ басшысын «Әулиекөл» және «Гольштейн-фриз» асыл тұқымды ірі қара өсірілетін мал шаруашылығымен таныстырды. Кәсіпорында егіс кешендері, комбайндар, тракторлар, крандар, экскаваторлар, роликтер және самосвалдар жеткілікті. Серіктестік өз қызметкерлеріне барлық қажетті коммуникациялары бар жаңа тұрғын үйлер салып, жергілікті ФАП-қа көлік пен дәрі-дәрмек сатып алуға көмектеседі.
– Мен өзім осы ауылдың тумасымын. Қызметкерлеріміз үшін балалары дүниеге келгенде және жаңа отбасын құрғанда тиісті төлемдер мен ынталандыру сыйлықтары қарастырылған. Ауылда іс жүзінде жұмыссыздық деген жоқ. Орташа жалақы 120 мың теңге, – дейді Марат Оразалин.
Мал шаруашылығын, қазандықты, ФАП-ты аралап көрген өңір басшысы жергілікті әкімдік пен «Байдалы 2» серіктестігінің басшылығына жемісті жұмысы мен әлеуметтік саладағы ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.
Арафат ТОҚҚОЖА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.