Атадан балаға мирас болып келе жаткан бата, тілектер ғибрат үлгісне айналған тағылымы мол асыл қазынамыз. Бата адамға үміт беріп, тағдырына оң әсер етіп, ғұмырын ұзартады «Қанағатшыл мейірбан адамдар ұзақ жасайды дейді халық даналығы. «Баталы ел арымас, батасыз ер жарымас» дегендей, халықтан көп бата алдым. Осыған дәлел 90-ға қараған шағымда Қабанбай батыр округына қарасты Қызылжардағы үйіме келген Қосшы қалалық маслихатының хатшысы Болатбек Ибраев, депутат Айдын Төребаев және Қосшы қалалық кітапханасының бас директоры Дәметкен Бековаға Тайтөбе мен Қосшының бұрынғы жағдайларынан білгенімше мағлұмат бердім.
Біріншіден, Тайтөбенің және Қараөткелдің (Ақмола) атауы туралы менің жеке архивімде сақталған газеттегі мақаланы бердім. Одан Тайтөбеде қай уақытта жетім балаларға арналған интернат ашылғандығы, оның алғашқы мұғалімі және Халық Қаһарманы, жерлесіміз Рақымжан Қошқарбаевтың ұстазы туралы мақаланы қолдарына ұстаттым.
Соғыс уақытында Ақмола ауданындағы 15-20 шақты ауылдарда бастауыш, жеті жылдық мектептер ғана болса, тек Тайтөбеде ғана онжылдық мектеп бар болатын. Мен де сол уақытта жұмалап жатып, сонда емтихан тапсырғанымды еске алдым.
Соғыс уақытында Тайтөбедегі Сарқырама ауылдық Советіне Сыздықов Қамзе басшылық жасады, маңайдағы бірнеше ауылдар соған қарады. Соғыс жылдары, одан кейін де Қосшы Тайтөбеге қарағанда, кішірек ауыл болатын. Кейін тың және тыңайған жерлерді игеру тұсында ұлғайып, ауыл шаруашылықғы техникумы ашылып, Ағанас, Шнет ауылдарының бірнеше жастары Ағанас, Шнет ауылының бірнеше жастары электрик, механик, бухгалтер, агроном мамандығы бойынша сонда білім алып шықты.
Батыр ағамыз Рақымжан Қошқарбаевтың 1976 жылы 30 сәуірде өзінің туған жерін аралап, Ағанас мектебіне келгені туралы естелік айтқанда сөз арасында ақын Наркеш Кариевтің бір ауыз жыр шумағын келтіре кеттім:
Бұл күнде кім білмейді Рақымжанды,
Қазақтан шыққан батыр асыл жанды.
Жастарға ерлік ісі үлгі болып,
Артында мәңгі жасап аты қалды.
Сол жолы батырдың жақын жерлестерімен түскен ескерткіш суретінің көшірмесін тапсырдым. «Өсіп келе жатқан кейінгі ұрпақтар, өткеннің шежіресін теріп, өнеге тұтындар. Осы өнеге сендерді ерлікке, батырлыққа баулиды, таңғажайып нұрлы өмір орнату жолындағы күрестерде жеңіске жеткізеді» деген болатын сол кездесуде батыр ағамыз. Олай болса, тәуелсіз мемлекетіміздің жастары, баршаңызға Алла тағала еліміздің игілігі жолында қызмет етіп, халықтың ықыласына бөленуді нәсіп етсін.
Ерден АБАЕВ,
тыл және еңбек ардагері,
Целиноград ауданының құрметті азаматы.