Облыс әкімі Ермек Маржықпаев 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай Көкшетау қаласында және Зеренді ауданындағы «Сұңқар» балалар сауықтыру орталығында өткен мерекелік шараларға қатысып, бүлдіршіндерді осы мейрамдарымен құттықтады және түрлі сый-сияпаттар жасады.
Облыс әкімі Тәуелсіздік алаңында «Ертегіге еніңдер» театрландырылған қойылымын балалармен бірге тамашалады. Бақ ішінде жас ұрпақ өкілдері үшін түрлі шеберлік сыныптары ұйымдастырылған. Бұл арада жас каратистердің өнерлерін де тамашалауға болады. Өзге жарыстарға қатысып жатқан балалардың да жүздерінен шат күлкі, мерекелік көңіл-күй сезіледі.
Бұл күні біздің өңіріміздің жақсы атын шығарып, әртүрлі спорт жарыстары мен олимпиадаларда көзге түскен дарынды балалар да Зеренді ауданындағы «Сұңқар» балаларды сауықтыру орталығында жиналды. Ең алдымен, Ермек Боранбайұлы футбол турниріне жиналған жас футболшылармен жүздесті. Олардың жетекшісі Андрей Куленюк аймақ басшысын маусым айының аяғында осы Зерендіде өтетін ауыл мектептері арасындағы республикалық футбол біріншілігіне шақырды.
Балалар көркемсурет мектебінің оқушылары салған суреттердің ішінде Арай Қасымованың суреті ерекше көз тартады. Бұл арада әкім осы оқушының ұстазы Ақмарал Сәрсенбаевамен пікір алмасты. Ағаштан жонып, әртүрлі бұйымдар жасайтын Мадияр Қарабалиннің де өнері назар аудартпай қоймайды. Ол облыс орталығындағы Болашақ сарайында тәрбиеленіп жүр. Сандықтау ауданында «Саяхат» туристік клубы бар. Олар да шыршаға шығудан алдына жан салмауда. Осының бәрі жалғыз балалар мен олардың ұстаздарының ғана көз қуанышына айналмай, облыс әкіміне де үлкен әсер қалдырды. Аймақ басшысына Мәлік Ғабдуллин атындағы Зеренді №3 қазақ орта мектебінің оқушылары Әмина Жеңіс пен Аққу Асылбекова да археология саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Өзінің құттықтау сөзінде Ермек Маржықпаев жас ұрпақ алдында көптеген мүмкіндіктердің ашылып жатқанын баяндады. Әртүрлі конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған балғындарымыз республикамыздың және шет елдің оқу орындарына оқуға түсе алады. Өткен жылы ғана Бурабай ауданында «Білім-инновация» ІТ лицей-интернаты ашылды. Ол да дарынды балаларға арналған. Биылғы жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері 1,5 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін ақшалай сыйлықтар алады. Облыс абыройын қорғаған ақмолалық жас өрендер 93 медальды қоржынға салды. Ең таңдаулылар арасында Руслан Ибадуллаев, Аян Қарабаев, Ахмедияр Бақытбектің есімдері аталды. Диас Мұхамедиев Бұланды ауданының түлегі. Ол математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалары конкурсында үшінші орын алды. Ал, Бұланды ауданынан Әмір Дәулетов космостық зерттеулер бойынша дәл осындай халықаралық ғылыми жарыста қола медальді иеленді.
Жүздесу соңында Ермек Маржықпаев балаларға ақшалай сертификаттар мен «Сұңқар» демалыс орталығына жолдамалар тапсырды. Көкшетау қаласындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты 10 миллион теңгеге жаңа кабинет жасақтай алады. Еліміздің жүз таңдаулы мектебінің тізіміне енген №1 орта мектеп 5 миллион теңгенің сертификатын жеңіп алды. Облыс әкімі білім басқармаларына балалар сауықтыру лагерьлеріне 1 мың жолдаманы табыс етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.