Желтоқсан айы туысымен Көкше қазағы соғымын жыға бастаған. Қала қазағы тұтас жылқы алмағанымен, сирақтап, жарты еттеп алып жүр. Бәлкім бағасы да беттетпей тұрған шығар.
Соңғы жылдары жылқы қымбат. Елі қазы байлаған тай 450-500 мың теңге, құнан-байталдарыңыз 700-750 мың теңге маңайында. Кеше қоңырау шалған нағашы апам елдегі жамағайынмен бір сираққа келіссе керек. Барып келейік дейді. Үлкен кісінің қолқасын орындаған дұрыс. Таңсәріден елге шықтық.
Әуелі мал иесімен саудаласқан. Күні бұрын телефон арқылы келіссе де, соғымның түрін көрген соң жастайынан мал ішінде жүріп, көзі қаныққан адам емес пе, апам дүдәмал. Иесі жетпіс күн жемдедім деп ант-су ішіп тұр. Ақыры келісті. Алушы төрт кісі болған соң апам да бас тарта алмады ғой деймін. Ең қызығы, қазыны көру. Бәрі демін ішіне тартып тұр. Әуелі терісін сыпырып жатқан қасапшылар жақсы дескен, кемінде бармақ болуы мүмкін. Үміт ақталмады. Пышақ қырындай ғана қазы байлапты. Айтпақшы, шағын ауылда қасапшы тауып алудың өзі қиын шаруаға айналған сыңайлы. Бұрын біздің жақта қолақысы деп аралық омыртқаны алатын. Қазір бір тайды 25-30 мың теңгеге сояды. Қасапшылық та өнер.
Бұрын әлеңкедей жаланған жас жігіттер соғымды қас пен көздің арасында бұтарлап тастайтын. Қазіргі қасапшы егде тартқан адамдар. Күн суықта ешкім қолына пышақ ұстағысы келмейді. Айтпақшы бағзы заманда соғым сою отбасылық мереке еді. Көрші-қолаң соғымдарың шүйгін болсын деп, құттықтай келетін. Сол күні бір қазан қуырдақ қуырылып, тәмам жұрт ауыз тиетін. Кешкісін көңілі жақын төрт-бес табақ кісіні омыртқаға шақыратын. Қазір жым-жырт, тіпті жығылған тайдың сирағын ұстасатын да адам жоқ. Әркім өз бетімен. Қазақтың осы бір соғым дәстүрі ел ішіндегі ынтымақты өрістетін дүние екен ғой. Ниет тарылғалы бір-біріне қарасудан, қол ұшын беруден тиылған тәрізді.
Кешкілік ағайын ас ішіп кетуге шақырған. Ел ішіндегі келер-кетері жоқ әңгімені айтып отырғанбыз. Табақ тартылды. Төсқазы салыныпты. Жас малда, бүгінгідей пышақ қырындай қазы байлаған арық малда етегі болмайды. Біздің жақта төсқазыны кейде қара қабырға деп те атай береді. Қонаққа тартуға жарамайтын мүше. Түстеп қараған апай түтігіп кетті. Бірақ, дастарханның берекесін алмайын деді ме, тіс жармаған. Ел тараған соң келінін шақырып алды. Ақыл айта бастаған. Бұрынғының дәстүрі, бүгінгінің келінінің жадында жүрер жай. Бар нәрсенің өзін ұқсатып бере білгенге не жетсін?!
–Жылқының ең қадірлі мүшелері қазы-қарта, жал-жая. Он екі қазыны шекке айналдырғанда алты қос қазы болады. Есіңде болсын, жылқының жығылған жағының қазысы тығыз болады. Сол жақтың қазысын айналдырған дұрыс, – деді апай, – мынау белдеме, омыртқа мен жаяның арасы. Бұл алтыға бөлінеді. Екі талдан төрт кіші қабырға тасты деп аталады. Кей жерде қазының орнына да салынады. Мына біреуі бұғана. Бұғананың еті қаттылау болғанымен, қадірлі мүше есебінде. Құдаға салады. Жалпы жылқыда 17 омыртқа болады. Ертеректе қонақжай ата-бабамыз омыртқаны іркіп, сыйлы қонақ келіп қалар деп сақтап отырған. Ет жақын ағайын-туысыңның «үйіңнен бір омыртқа мүжіген жоқпын» деп өкпелейтін сөзі содан қалған.
Омыртқа таусылғанда төспен де алмасуға болады. Қабырғаның басы – қазының омыртқадан шығатын жағы, біздің жақта мұны қатаған басы деп атайды. Әдетте қатаған басын ішекке бірге айналдырады. Санда үш жілік, қолда үш жілік. Сандағы жіліктер ортан жілік, асықты жілік, жамбас болып бөлінеді. Қонақ күту қағидасын қапысыз меңгерген бұрынғылар жамбасты да жілік есебіне жіберіп, табаққа жеке салған. Қолдағы тоқбас, кәрі жілік, жауырын. Жауырын да жілік санатында мүше есебінде. Әйтсе де етті көбейту үшін салынатын жанама мүше. Қазының шеті телшік деп аталады.
Телшіктің ұшын кесіп алады, оны мықын деп атайды. Қарындардың бұлдырмақсыз, тәттісін қара қарын, ал, бұлдырмағы барын жай қарын дейді. Қартаға таяу қадірлі қарынды жіңішке қарын деп атайды ішек жуан және жіңішке болып екіге бөлінеді. Жуан ішекке қазы айналдырады. Пысық қыз-келіншектер жіңішке ішектен шұжық істейді. Мынау біреуі қолқа. Оның сабағы барын тұздап, айналдырып, мың жылдық құданың сыбағасы ретінде сақтап қояды. Ал, сабағы жоқ жүрек қолқасы баланың несібесі. Айтпақшы, жамбас үшке бөлінеді. Ортада шұқыршағы қалады. Екі жақтағы кемік басы қадірлі қонақтың сыбағасы. Қазақ кәрі жіліктің басын толарсақтың басы дейді. Оны өсе келе етігің қисайып кетеді деп балаға, толғағың қатты болады деп әйелдерге бермейді. Ал, өкпе қуырдақтан басқаға жарамайды. Жалбыршақ қарынды итке тастайды. Әдетте жаужұмыр деп атайды. «Жақсы болса жаужұмырды ит жей ме?!» деген содан қалған.
Ымырт үйіріле ат басын қалаға бұрғанбыз. Жол қысқарсын деп нағашы апамды әңгімеге айналдырдым. Сондағым келінге айтқан кеңесі. Диктофонға жазып алдым. Жалғыз біздің келін ғана емес, қазақтың бар келіні біле жүрсе артық болмас деген ой ғой.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.