Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сақтансаң, аман жүрерсің                - АРҚА АЖАРЫ

Сақтансаң, аман жүрерсің               

Соңғы тәуліктерде ат құлағы көрінбейтін ақ түтек боран соғып, өкпек жолаушыға қауіп-қатер көбейген. Апат айтып келіп тұрса да, мән бермейтіндер әлі де аз емес. Таяуда Ерейментау ауданында орын алған оқыс оқиға дүлей табиғатпен тайталасуға болмайтындығын көрсетіп берді.

Абырой болғанда төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері суыт хабар жетісімен іле атқа қонған. Әйтсе де, ақ түтек боран алға ұмтылған қадамды кері серпіп, қарғаадым жер жылжудың өзі мұң болған шақта жан жылытар жәрдем қолын созғанымен, діттеген жерге жетудің өзі оңай емес.

Оқиға былай өрбіген екен. Төрт жолаушы «Нива» автокөлігімен Ерейментау қаласынан шалғайдағы Масақпайға сапар шеккен.

–Біз шыққанда күн ашық еді, – дейді жолаушының бірі Талғат Байтеміров, –қайтарда боран көтеріліп кетті. Жол жабылды. Ымырт үйірілген соң төңіректі болжаудан қалдық. Кешкі сағат тоғыздан таңғы төртке дейін жол бойындағы тау-теңіз қарды жанталасып күрекпен тазалапәрекет еткенімізбен өте алмадық.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, көз байланған соң жол сұлбасын анық бағдарлай алмаған жолаушылар жол жиегіне түсіп кеткен. Жарға жантая құлаған көлік істен шыққан. Істің насырға шапқанын аңғарған жолаушылар іле құтқару қызметіне телефон шалып, қай жерде жолда қалғандықтарын түсіндірген. Арада үш сағат өткеннен кейін телефон қуаты да өшкен. Боранмен алысқан жолаушылар да қажыған. Суық көліктің ішінде көздері ілініп кетсе керек. Таңғы сағат сегіздің шамасында оқиға орнына жеткен құтқарушылар жол жиегіндегі көліктің терезесін қағып, жолаушыларды оятып алып, жылы киіндіріп, ыстық шай ішкізіп, естерін жинатыпты.

Анық ажалдан аман қалған жолаушылар болса ақ түтек боранмен алысып, өз бастарын бәйгеге тігіп, жан ұшырып жеткен  төтенше жағдайлар департаментінің жаужүрек қызметкерлері Ілияс Әубәкіров, Қуан Ақылбеков, Байырлы Көпенов және Сағыныш Біләловтерге ақ алғыстарын жаудыруда.

Бұл жолғы оқиға шиеленісіп ширыққанымен, біршама сәтті аяқталды. Аяқ-қол тоңғанымен, бас аман. Бірақ, алдағы уақытта жолаушы біткен қыстың қатал сыншы екендігін естен шығармаса екен дейміз. Өздері ғана емес, дүйім жұртты әбігерге салудың қажеті жоқ. Оның үстіне соңғы тәуліктерде күн ересен суытып тұр. Ал, айдалада ақ боранда адасу  ажалдың суық құшағына өзің тіленіп барғанмен бірдей.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар