Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ер есімі ескерусіз қалмаса екен - АРҚА АЖАРЫ

Ер есімі ескерусіз қалмаса екен

Адамзат баласының басына төнген екінші дүниежүзілік соғыс алапатының ащы зардабы әлі де халық жадында. Ел басына күн туған уақытта барлық ұлт өкілдері бір шаңырақтың ұрпағындай жаппай соғысқа аттанды.

Бүгінгі таңда қиын-қыстау заманның қасіретін еске алатын ардагерлер де азайып қалды. Бірақ біздер, кейінгі ұрпақ қан төгіскен шайқасқа толы, миллиондаған адам тағдырын қыршыннан қиған соғысты, жаумен жанкештілікпен соғысып асқан ерлік көрсеткен әкелеріміз бен аталарымызды жадымыздан шығаруға қақымыз жоқ. Көзсіз ерлік көрсетіп Отанға деген сүйіспеншіліктің қандай болуы керектігін көрсетіп, патриоттықтың өшпес үлгісін кейінгі ұрпаққа аманаттап көрсетіп кетті…

Ерлігімен елге танылған Жақсы ауданы Алғабас ауылының тумасы – «Кеңес одағының батыры» атағына ұсынылған  Қожамсейіт Шаяхметұлы атамыздың  майдан даласында көрсеткен ерліктері айтуға тұрарлық. Жастайынан жетім қалып, балғын балалық шағын қиыншылықпен өткізген атамыз 1923 жылы 23 ақпан күні Алғабас ауылында дүниеге келген. 1942 жылдың сәуір айында майданға аттанып Сталинград, Дон, оңтүстік-батыс және 1-ші Белорус майдандары құрамында Украина, Молдова және Польша жерлерін жаудан азат етуге қатысқан.

Соғыстың алғашқы күндері-ақ жауға деген өшпенділігін айқын көрсетіп, асқан жауапкершілікпен командирдің бұйрығын мүлтіксіз орындап батылдығымен, ерлігімен ерекше көзге түседі.  1942 жылы «Ерлігі үшін» медалімен, 1943 және 1945 жылдары екі мәрте «Қызыл Жұлдыз» және «Жауынгерлік Қызыл Ту», сондай-ақ қаһармандығы үшін бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Майдан даласындағы ерліктерінің бір ғана көрінісін көз алдымызға елестетіп көрсек, алапат соғыста Қожамсейіт атамыз тағы да асқан ерліктің үлгісін көрсетеді. Шешуші осы айқастан кейін көзсіз ерлігі еленіп басшылықтың шешімімен Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылады.

Интернет сайтынан алынған дерекке жүгінсек: «Шпрее  өзенінен өту барысында 1945 жылдың 23 сәуір күні гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметов айрықша ерлік, тапқырлық пен ептілік танытты. Өз  өмірін аямай, жауға оқты қарша боратып, «Отан үшін!» «Сталин үшін!» деп ұрандатып, Шпрее өзенінің сол жағалауына жаяу әскерді өткізуге жәрдемдесіп, бірнеше жаудың көзін жойып, техникасын қиратып,  плацдармды кеңейтіп, аумақты жаудан тазартты. Берлин қаласының маңындағы ұрыс кезінде Шпрее өзені, Ландвер каналы және қаланың көше ұрыстарында  гвардия аға сержанты Қожамсейіт Шаяхметовтер 3 неміс танкісін, 2 өздігінен жүретін техникасын, 4 бранотранспортерін, әскери жүк тиелген 10 автокөлікті, 40-қа жуық фаусшыларды, 5 ПТО құралдарын және 170-ке жуық фашистің көзін жойды.

Жеке өзі 21 гитлершілді, оның ішінде 2 капитанды тұтқынға алды. Қожамсейіт Шаяхметов Кеңес Одағы Батыры  атағына лайық. 64- ші гвардиялық ОИТПД ГВ гвардия майоры А.Сафонов. 1945 жылдың 6 мамыры» деп жазылған. Бірақ өкінішке орай Ұлы жеңіс күнін жақындатуға осыншама ерлік көрсетіп, ержүректік көрсетіп жан аямай арпалысқан Батыр атамызға «Кеңес Одағы Батыры» алтын жұлдызы «бұйырмаған».

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі арқылы Мәскеу қаласындағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен Ресей мемлекеттік архивінен және Ресей қорғаныс министрлігіне сұрау салған хатыма жауап алдым. Онда жоғарыдағы ерлік тайға таңба басқандай көрсетілген.

Қазақ елі мемлекеті де өзге одақтас мемлекеттер сияқты Кеңес үкіметі елінен еншісін алып егемендік алған соң, заман талабына сай өз елінің батырлары мен ардагерлерінің абыройын асқақтату мақсатында тыңғылықты істер атқарып жатыр. Ұлы Отан соғысы туралы айтылмай кеткен ақиқаттар  ақпарат беттерінде жиі жазылуда. Ерліктері елеусіз, еленбей қалған қаншама боздақтардың аты-жөндерін паш етіп, келешек ұрпақтарға аманат ретінде жариялау біздердің парызымыз. Алғабас ауылы тұрғындары және Қожамсейіт атамыздың ұрпақтары атамызды Кеңес Одағы Батыры ретінде әлі де мақтан тұтамыз. Тәуелсіздік алған одақтас мемлекеттер өз елінің ата заңына сүйеніп, өз елінің батыры атағын беріп жатқанынан бәріміз де хабардармыз. Қожамсейіт Шаяхметұлы атамыздың 100-жылдық мерейтойы құрметіне батыр рухына тағзым ретінде «Халық Қаһарманы» атағына ұсынуды ел болып қолдайық.

Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ, 

 Астана қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар