Бұл атақты Тоқтамыс ханның ұрпағы, халықтың қамын ойлаған, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, асыл да абзал, парасатты, болмыс-бітімі бөлек тума талант, ардақты әкем Төрехан Суханұлы Ивахинның туғанына 95 жыл толуына арналған жазбам. Әкемнің аңызға бергісіз өмір жолдары болашақ ұрпаққа үлгі, ұлағат десе болады. Көкшетау өңірінде ел басқарған тұлғалар баршылық. Солардың қатарында Төрехан Ивахинның да орны ерекше. Ол «Звезда коммуны» колхозының басқарма төрағасы, «Теңдік», «Жаңауыл», «Айдабол» совхоздарының директоры, жаңадан құрылған Ленин ауданының халық депутаттары аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Жоғарыдағы шаруашылықтар мен ауданның талапқа сай дамуына, өркендеп, көркеюіне зор үлес қосты. Лауазымды қызметтерде жүрсе де адами қасиеттерін еш жоғалтқан емес.
Белгілі жазушы Тортай Сәдуақасовтың «Ел мен жер» атты кітабында әкемнің ата-тегі туралы тарихи деректер зерттеліп, жазылған. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деп бекер айтылмаса керек. Кітап бетіне түскен деректерге сүйенсек, аталарымыз білімді, жоғары лауазымды, парасатты болған.
Тоқтамыс Янұзақов атамызды Уәлиханнан кейін халық ақ киізге отырғызып, хан сайлаған. 1826 жылдың 10 шілдесінде Омбы губерниясы Көкшетау уезінің аға сұлтаны болып, дүниеден озғанша лауазымды қызмет атқарған, тұлғасы биік мәртебелі би болған. Император еңбегін ескеріп, полковник шенін берген және «Коллежский ассесор» деген атаққа ие болған. Субхан ата уезд хатшысы болса, Неғматолла ата Зайсан шекарасын басқарған, ол кісінің баласы Сұлтан Ғабдул Хамит Алаш Орданың әскери қолбасшысы болған. Батхолла ата да болыс болып, ел басқарған. Әкемнің әкесінің есімі Иманмұхаммед, бірақ, ол Субхан атаның атымен жазылған. Әкем Төрехан тектіліктілігіне дақ түсірмей, адалдығымен, асыл қасиеттерімен ел көзіне түсіп, үлкен құрметке ие болған.
Әкем өте сабырлы жан еді, жұмысшылар жіберген кемшілік болса ақылға салып, тез тура жолға қойып отыратын. Шындыққа көзі жетпей шешім қабылдамайтын. Осы сәтте М.Сәменбет ағамыздың айтқан оқиғасы есіме түсіп отыр. 4-5 маманды алып, әкем Тал деген жайылымға барған екен. Қой отарын аралап болған соң, «бәрі жақсы ма?» деп сұрады, «иә, бәрі жақсы», – деп жауап қайырдық. Сонда Төкеңнің айтқан сөзі: «екі шақырым жерден осы қойлардың қаталап, сусап тұрғанын естіген шығарсыңдар, анау шелектерді алып су құйыңдар, мына бір сектің тұяғын қиып, тазалаңдар, ана қойдың көзін жүн басыпты, қырқыңдар, науада да бір түйір жем жоқ. Қарағым Мұхаммед, қой қалай семіреді? Комбинатқа қалай өткізбексің? Ұятқа қаласың ғой!». Ұялғанымыздан, қойларды жақсылап бағып, көп ұзамай, 1000 секті жоғарғы бағамен етке тапсырдық.
Төкеңе бір есеп бергенімде 250 бас өлгенін айттым. Екінші кіргенде, ол маған «Неше басты өлтіріп келдің?», – деді. Арам өлгені 23 дедім. Сонда Төкең: «Міне, қарағым, 250 бас орнына 23 шығын бар екен. Осылай жұмыс істеу керек. Арамның аты да, заты да арам. Суықта тоңып жүрген малшылар, анда-санда адал сойып жесе не әңгіме?» – деп алғысын айтты. Сондағы айтқым келгені, Төкең жұмысын жақсы білетін азаматтарды қадірлей білетін.
Әкем 6 жасқа толған шағында өз әкесі дүниеден өтіп, жетім қалды. Бірақ, «талапты ерге нұр жауар» деген мақал бекер айтылмаған екен. Өздеріңіз саралап көріңіздер… Соғыс кезі, ерлер жаппай майданға алынып, ауылда қарттар мен әйелдер, балалар ғана қалды. Колхозда есеп жүргізетін адам жоқ. Сонда үлкен буын Бибіжамалдың 13 жасар баласы Төрехан есепке жүйрік деп, бір ауыздан есепші жұмысына қабылдапты. Сонда әкемнің бойы қойманың құлпын ашуға жетпейді, қарттар арқаларына мінгізіп, есікті ашуға көмектеседі деседі. Еңбекпен тапқан нанын екі бауырына бөліп береді екен. Әжем «Сары алтыным-ау, сонда өзінің де қарны ашады ғой», – деп есіне алатын. Балалық шағымен ерте қоштасып, сол соғыс жылдарының қиындығын қазаққа тән өрлігімен жеңіп шықты. Анасы мен екі бауырын асырап, өзінің бойындағы нағыз ерге тән қасиеттермен, топты жарып, ел қатарына қосылды.
Жоғарыда атап өткен Ленин аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы В.Б.Косарев әкемді былай деп есіне алатын: «Сила убеждения, умение аргументированно доказывать – это была позиция Ивахина. Свет добра и истины, которые отражал мой соратник и друг Торехан Суханович Ивахин, горит в моей душе всегда и погаснет вместе со мною. Он постоянно шел к лучшему не только во имя развития отрасли, но и во имя народа. А народ шел за своим полководцем Тореханом, за сыном своей земли, своего народа».
Адами асыл қасиеттерді бойына жинаған әкем айналасына нұрын шашып жүретін. Жүрегінің тазалығы, бұлақтың мөлдір суындай еді. Ана сүтімен бойына рухани тазалық дарыса, ата-баба қанымен тектілігі берілген. Осы бір мінезінің арқасында халықты соңынан ерте білетін. Ол кісі әрдайым ізденісте жүретін, мәселенің қиындығына қарамай, дұрыс шешімін тауып, «Алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ», – деп айтып жүретін. Әр басқан қадамы ырыс-берекеге толы болатын десем, артық айтпаспын. Алайда, сол әкемізді қолдап, алаңсыз еңбек етуіне себепші болған анам – Мәкен. Жан жары да, адал досы да бола білген анамның әкемнің қызметте биік белестерге шығуына қосқан үлесі мол. Қиын заманнан қол ұстасып бірге өтіп, әкемнің туған інісі мен қарындасын бауырларына басып, өсіріп-оқытып, жақсы маман иелері болуларына ат салысып, ұлды ұяға, қызды қияға қондырды. Екеуі бір-біріне қолдау бола жүріп, 8 баланы тәрбиелеп, жетілдірді. Барлығымыз жоғары оқу орнын тәмамдап, жақсы қызмет те істедік. Анамыз өзі де жұмыс істеді, үйдің күйбең тіршілігі мен сол қызметін қатар алып жүргенін, қиыншылыққа кейімей, төзімділік танытқанын байқаған әкем анама мына өлең жолдарын да арнаған:
Елуге толдың Мәкенім менің,
Қуаныш басыма әкелгенің.
Сен барда қиындықтан қайыспадым,
Көрінді жеңіл болып көтергенім.
Кіршіксіз, кішіпейіл жаның таза,
Мөп-мөлдір адамшылық арың таза,
Ауызыңнан төгілгендей інжу-маржан,
Сөзіңнің шынайы асыл мәні таза.
Қажалап көрмегенсің ауыр сөзбен,
Қиындық атаулыға нардай төзген.
Келемін көңіліңе риза болып,
Табысып қол ұстасқан сонау кезден.
Әкем шаруа үшін туған азамат еді. М.Исин ағамыз әкемді: «Еңбекке деген адалдығы мен ұйымдастыру шеберлігі арқасында совхоз экономикасы өрге басып, халықтың тұрмысы түзелді. Төкең өте сауатты, әсіресе, экономиканы терең меңгерген білімпаз еді», – деп еске алады.
Басқарған совхоздары рентабельді шаруашылықтарға айналып, «миллионер» дәрежесіне ие болатын. Ірі қара малды бордақылаумен айналысатын Айдабол ауданаралық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде әр өгізшенің тірідей орташа салмағы 1 тоннаға жетсе, дәнді дақылдар алқабының әр гектарынан орташа есеппен 42-43 центнер өнім алған кездер болған екен. Бұл облыста мүлде болмаған көрсеткіш. Салыстырмалы түрде айта кетейік, басқа совхоздар гектарына әрі кеткенде 16-18 центнер астық жинайтын. Жұмыстың басында өзі жүріп, қадағалағанның арқасында облыс тарихында болмаған нәтижеге жеткен болуы керек. Талай рет Үкімет тарапынан еңбегі жоғары бағаланып, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, үш мәрте «Құрмет Белгісі» ордендері және көптеген медальдармен марапатталды. Әкем қазаққа, нағыз азаматқа тән қасиеттерін қызметінде байыппен қолдана білетін.
М.Сәменбет ағамыз: «Бұл кісі таза сары алтыннан құйылған бір Алланың құймасы. Менмендік, тәкәппарлық, арамдық сияқты мінездердің бірде-бірі жоқ еді. Нағыз самородный сары алтын», – дейтін еді әкем туралы. Бір ғана адамның бойында адам таң қалатындай осыншама қасиеттер жинала қалған. Ол – адалдық, дипломаттылық, сабырлылық, шыншылдық және Алланың берген дарыны. Тектінің ұрпағы болғаннан кейін осы асыл қадір-қасиетімен әкем өмірге келді, солай өмірден өтті.
Алина ИВАХИНА,
қызы.