Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбегі мен кісілігі еліне сыйлы еткен - АРҚА АЖАРЫ

Еңбегі мен кісілігі еліне сыйлы еткен

Бүгінде Қарауыл Қалақ батырдан тараған, зерлі Зерендінің тумасы Қабыкен Қоңқаев сексенінші көктемін қарсы алып отырған еліне сыйлы қариялардың бірі.

Өткен ғасырдың орта тұсында колхоздың ауыр жұмыстарына жегіліп, өмірдің ыстығына күйіп, суығына тоңған, аш та, жалаңаш та болған біздің кейіпкеріміз – Қабыкен ағаны тағдыр мойыта алмады. Қайта сол бейнетінен қайсарланып, қатая түсті. Ол анасы Бибіғайшаның айтуы бойынша, соғыстың қайнаған уақыты, сол күні майлы боран соғып тұрған 1943 жылдың 5 мамырында дүниеге келген екен.

– Бір түйір нан! Ол енді біз қиялдансақ та, қиялданбасақ та, сол бір түйір нанға зар болған кезіміз еді, – деп ағамыз бір күрсінді. – Анамыз іс тігетін. Колхоздың ауыр жұмыстарында да істеді. Жұмыстан соң, үйге бір түйір нан әкеледі, соны алтыға бөледі, біз жейміз, қалған қоқымын жинап, өз аузына салатын, жарықтық. Солай бізді аман-есен аштықтан алып қалған өте бір қиын кезең еді-ау. Анамыздың, одан қалды, үлкен ағамыздың көрген бейнеті менің әлі күнге дейін көз алдымда. Әкем марқұм айтатын, «Балам өмір сүргің келе ме? Онда сен аянбай еңбек ет. Оқу оқып, білім ал. Соған ұмтылыс жаса. Міне, сен 11 жасқа келіп қалдың, колхозда жұмыс істейсің» деген  бір ауыз сөзі маған өсиеттей болды ма, жазғы демалыс кезінде колхоз мүшесіне айналып, жұмысқа кірісіп кеттім. Бұл 1956 жылы 13 жасқа толған кезім. Екі пар өгіз айдаймыз.  Сосын сырғы деген бар. Онымен атжалға түскен шөпті жинап, көпенелейміз. Оны шөптің үйілетін жері маяға әкеліп орналастырамыз. Содан екі-үш жылдай өгіз айдаушы бола жүріп, ат тырнауышқа өттім. Ол бұрынғыдан жеңілірек. Ал, өгізбен жүргенде таңның атысы, күннің батысына дейін уақытпен санаспай, шаршап келсек те ойын баласымыз ғой, ойын ойнаймыз. Міне, балалық шағымыз осылайқалыптасты ғой…

Иә, қиындық жасытпаған ойын баласы екі өгізінің жақсы екенін байқаған бригадирінің айтуымен, жақын маңнан комбайннан астық тасуға шығады. Өйткені, ол кезде автокөліктердің тапшы уақыты, машиналар үлгере алмайды. Оның үстіне Қабыкен ағаның әкесі балташы болған. Сондықтан, оған бір-екі центнерлік жәшік жасатып алып, сонымен астық тасу міндеттеледі. Сөйтіп, қырман басынан астық таси бастайды. Сол жылы жұмысының нәтижесі бойынша, жақсы көрсеткішке жетіп, еңбекақысы көбейіп, «трудаден» жазылады. Сөйтіп, еңбегі бағаланып, 5 центнер бидай және 500 сом ақша алады. Ол деген үлкен дүние еді. Содан әкесінің ақылымен сол жылы Көкшетауға келіп, қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы көпбейінді мектепке қабылданады. Өз алдына пәтер жалдап тұрып, білім алады. Тамағына да сол еңбектен тапқан ақшасын жеткізеді. Ол үшін әр жыл сайын жазғы каникулда колхозда еңбек етеді. Осының арқасында онжылдықты бітіріп, жастайынан еңбекпен шыңдалған ауыл баласы 1961 жылы университетке оқуға түсу үшін арман қала Алматыға жол тартады.

– Біздің Қапиза Мәкенқызы деген тарихтан сабақ берген ұстазымыз болды. Сол кісі мені тарихшы болуға дайындаған. Содан КазГУ-ге түсуге барсам, еңбек өтілімді сұрайды. Ал, мен 18-ге енді толғанмын. Емтихан тапсыруыма ол да кедергі болған жоқ. Дегенмен, бәрі бес болғанда, өтіп кетер ме едім, алайда, Хрущевтің қойған талабымен әскерден келгендер мен еңбек өтілі барлар ғана бірінші кезекте оқуға түсті де, менің мектепте оқып жүрген кезде колхозға тіркеліп, еңбек еткенім саналмай қалды, – деген ағамыздың бұдан да тауы шағылмағаны байқалады. Балы жетпей, оқуға түсе алмаса да, сол жердегі бір өндірістік желдету қондырғысын қоятын өнеркәсіп орнына жұмысқа орналасады. Разряд алып, содан комсомолдық жолдамамен сол кездегі Гурьев облысына жұмысқа барады. Сөйтіп, Қаратон промыслында төрт жігіт үш ай жұмыс істейді. Ол жерде қалам деушілерге қарсылық жоқ. Жатақханасы бар, еңбек дәрежесі көтеріледі, басқа да жеңілдіктері бар екені айтылады. Бірақ, ағамыз елге оралып, Пухальский деген жаңадан құрылған шаруашылыққа комсорг болып, содан әскерге аттанады. Үш жыл Батыс Украинада «Жер-әуе» зымырандық кешенінде радиотехникалық батареяда Отан алдындағы әскери міндетін өтейді. Алғашында оператор болып, одан кейін офицердің міндетін атқарады. Содан елге келген соң, Целиноград телеорталығына электромеханик болып орналасады.

– Целиноградта ортаншы ағам тұратын. Өзіңіз білесіз, биыл Қазақстан телеарнасына 65 жыл толып өтті. Менің бағыма қарай сол жылдары қазақ редакциясының аға редакторы Амантай Сатаев  режиссердің ассистенті етіп жұмысқа алды. Әртүрлі хабарлар жүргіздік. Мұқан Төлебаев, Балқадиша апамыз туралы, Мәрия Жагорқызы туралы, Шәкен Айманов туралы бағдарламалар жасадық. Содан 1967 жылдары Шәкен Аймановтың бастамасы мен әйгілі Любовь Орлованы эфирге шығардық. Содан кейін мені Шәкен Айманов Алматыға хабарласуымды өтінді. Бардым, бірақ, өкінішке орай тұрғылықты құжатым болмай, жұмысқа тұра алмадым, – деген ағамыз қайта елге келіп, сол кездегі Көкшетау облысының Чистополье ауданына комсомол комитетіне жұмысқа тұрады. Алматыдағы оқуын орысша сырттай жалғастырып, 1973 жылы бітіріп шығып, обком комсомолға келеді. Онда нұсқаушы бола жүріп, кейіннен кәсіподақ комитетінде еңбек етеді. Сөйтіп жүргенде Целиноград ауданының орыс тілінде шығатын «Призыв» газетінде бас редактордың орны босап, соған баруға ұсыныс түседі. Алайда, ол аудандық партия комитетін таңдайды. 1979 жылы сол жерден жоғары партия мектебіне оқуға  жіберіледі.

– Мені сол кезде райком хатшысына резервке дайындаған екен. Содан Алматыдағы жоғары партия мектебін журналистика саласы бойынша 1981 жылы бітіріп шықтым. Әңгімелесуден жақсы өттім, байқасам, мені тағы қазақ бөлімі емес, орыс бөліміне қосып қойыпты. Соған дейін жұмыс істеген ауданымда да орыстар басым болған, – деген ағамыз ендігі әңгімесін бүгінгі күнмен байланыстырды. – Тіпті, қазіргі өзім тұрып жатқан Шағалалы ауылында бұрын 80-90 пайызы неміс ұлтының өкілдері еді. Мен осы ауылдың тумасымын. Еңбек-Бірлік ауылы осы округке қарайды. Сол ауылда 1993 жылдары әкімдік қызметте болдым. Содан бірде маған учаскелік аурухананы жабуды талап етті. Мен сол кезде жедел шешім қабылдап, ол аурухананы жауып, еліме қиянат жасағанша, басқа жұмысқа кетуге шешім қабылдадым, – деп бір тоқтаған кейіпкеріміз, сол жерден зейнетке шықты. Осылайша ағамыз зейнет жасына дейінгі соңғы он жылдан астам уақытын Шағалалы ауылындағы агротехникалық колледжге ұстаздыққа арнады.

Кейінге сәл шегініс жасар болсақ, телеарнада қызмет істеп жүрген жас кезінде  «Жас қайрат» ұйымын құрады. Ол кезде Целиноградта төрт жоғары оқу орны, он техникум мен педагогикалық және медициналық екі училище болған. Сол оқу орындарындағы студент жастармен сөйлесіп, түрлі байқаулар ұйымдастыруға қатысады. Ұйымға қазақ тілін жақсы меңгерген көркемөнерпаздарды, оған қоса, дикциясы жақсы, телеэфирге шыға алатын қыз-жігіттерді іздейді. Сөйтіп, біраз жастарды шығармашылыққа тәрбиелейді. Алайда, өз мамандығы тарихшы болғандықтан, телеарнамен қоштасады. Әлі күнге өлкетанушылыққа деген қызығушылығы басым. Музейлердегі іс-шараларға қатысып, өз білгенін жастарға жеткізіп келеді.  Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстан қол үзбей, «Ардагер» клубын құрып, оншақты жыл ардагерлермен тығыз жұмыс істеген. Әсіресе, өмірге деген құштарлығы, тілге деген жанашырлығы басым ағамыздың өз өмірлік ұстанымы да жоқ емес. «Егер мен, ол, сен, тіпті, баршамыз ана тілінде сөйлемесек, онда мемлекеттік тілдің мәртебесін кім көтереді? деген афоризмді де қалыптастырған. Осы қағиданы дұрыс ұстансақ, ана тіліміздің көкжиегі кеңейер еді деген арманы да асқақ.

Иә, бүгінде сексенінші көктемін қарсы алып отырған  белгілі өлкетанушы өзі туып-өскен «Зеренді елді мекенінің іргетасы қаланғанына 80 жыл», «Зеренді ауданына 85 жыл» деген мерекелік медальдары ғана болмаса, аса бір марапатқа қызықпағанын байқаймыз.

Ағамыздың Жаманғали бабасы Зеренді өңірінде алғашқы балташы болып, қазіргі Қызыл ағаш (Ескенежал) ауылындағы ең алғашқы ағаш үйлерді салған кісі екен. Ол өз әкесінің есімі Жұманғали болса да, сол кездегі нұсқамен Қоңқай деп жазылып кетеді. Үлкен ағасы  68 жасында дүние салса, Астанады тұратын ортаншы ағасы биылғы жылдың ақпан айында 87 жасқа толған. Ал, Көкшетауда тұратын апасы 85-ке, інісі 74 жасқа толған. Қабыкен ағамыздың да үш қыз, бір ұлынан жеті немере, жиендері өсіп-өнуде. Ұлы Арманнан тараған Әйгерім мен Жанбатыр деген екі немересі Көкшетауда ІТ мектепте білім алады. Ендігі ойы сол немересін шахматқа үйрету.

– Немеремнің есімінің Жанбатыр аталуына сәл тоқталсам, әкем марқұм Науан хазіреттен дәріс алған адам. Ал, Науан хазіреттің жанында кітап шығарған Жанбатыр деген білімді адам болған екен. Әкей соны үнемі айтып отыратын. Міне, оның аты немереме қойылғандығы сондықтан. Ал, енді Науан хазіреттен дәріс алғандардың бәрі өнегелі, білімді ел басқарған азаматтар болған. Менің әкем Науан хазіреттің қазіргі жатқан жерін көрсеткен адам. Біздің әкей «Еңбек-Бірлік» колхозын ұйымдастырған. Содан не керек, Науан хазіреттен араб әліпбиін үйреніп, құранды жаттаған, хисап шығарып, жағрафияны ұғынған білімді адам болған, – деп тебірене сөйлеп, сөзін тәмамдаған Қабыкен ағамыздың сексеннің сеңгіріне шықса да сабыры мен ақыл-парасатына селкеу түсірмей, ізгілік пен ізеттің жолымен бірқалыпты келе жатқанына сүйсініс  білдіресің. Әлі де жасай беріңіз, өзіңізге тән қолтаңбаңызбен жақсы дүниелеріңізді қағазға түсіре беріңіз, абзал аға!

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Зеренді ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар