Ақмола облысындағы тіл саясаты 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда.
Үстіміздегі жылға белгіленген нысаналы индикатор бойынша облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлес салмағы 65 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткішке облыстағы ұлты қазақ азаматтар, мемлекеттік тілді меңгерген өзге этнос өкілдері, тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді оқыту курстарын аяқтап сертификат алғандар, жоғары және арнайы орта білім беретін оқу орындарында қазақ тілін оқып жатқан барлық жастар кіреді.
Өңірде барлығы 20 тіл үйрету орталығы бар, оның біреуі облыстық, 16-сы аудандық, үшеуі қалалық. Биыл 342 топ ұйымдастырылып, 3876 тыңдаушы қабылданды. Ұлттық құрамы бойынша жергілікті ұлт өкілдері – 2401, басқа этнос өкілдері – 1475, соның ішінде 276 топта 3140 тыңдаушы қазақ тілін үйренеді. Ал, ағылшын тілінен 66 топта 736 тыңдаушы оқиды. Өткен жылмен салыстырғанда биыл қазақ тілін оқитын адамдардың саны 259 тыңдаушыға көбейді.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу мәселесі өте өзекті тақырып. Бұл орайда, бұрнағы жылдары орынды сын көп айтылатын. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттардың үлесі 93 пайызға жетті. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 41 пайызды құрады.
Ономастика саласында оң сипат бар. Нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге және олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау кезінде «Тарихи тұлғалар» тізбесіне және тарихи жер, су атауларына сәйкес атаулар беру бақылауға алынған.
–Республикалық жол картасында қойылған талаптарға сәйкес елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларын тарихи атаулармен алмастыру жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында облыста 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова, – аталған Жол картасында 2023 жылы облыстағы 59 елді мекен мен 282 құрамдас бөлікті қайта атау жоспарланған. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс жүргізілуде.
Облыс әкімдігінің жанынан құрылған облыстық ономастика комиссиясы идеологиялық тұрғыда ескірген елді мекендерді қайта атау кезінде берілетін атаудың жан-жақты зерделеніп, ғылыми тұрғыда дәлелденуіне баса назар аударады. 2023 жылдың 28 сәуірінде облыстық ономастика комиссиясы Ақкөл, Астрахан, Бурабай, Зеренді, Целиноград аудандарының әкімдіктері ұсынған мәселелерді қарастырып, 1 ауылдық округ, 3 ауыл және 41 көшені қайта атауға келісім берді. Аталмыш қорытынды қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті жұмыстарды атқару үшін аудандық әкімдіктерге жолданды.
–Облыстың Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалалары мен 17 аудан әкімдіктері жанынан ғалымдар, ономастика саласының мамандарынан құрылған жұмыс топтары бар. Олар ономастикалық нысандардың тарихи және дәстүрлі атауларын қалпына келтіру бойынша ұсыныстарды зерделеу және пысықтау жұмыстарымен айналысады. 2023 жылдың маусым айында республикалық ономастика комиссиясы Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларының 33 көшесін жаңаша атауды құптады. Алдағы уақытта тиісті заңнамаларға сәйкес әділет органдарында тіркеу жұмыстары жүргізілетін болады, – дейді Айгүл Дүзелбайқызы, – сонымен қатар, ағымдағы жылы облыс аумағындағы 9 ауыл, 3 ауылдық округ пен 58 көшені қайта атау туралы шешім шығып, әділет органдарында тіркелді. Сондай-ақ, ономастика саласы бойынша түйткілді мәселелердің алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, 2023 жылдың ақпан айында облыстық ішкі саясат басқармасының қызметкерлері Ақкөл ауданының Новорыбинка мен Урюпинка ауылдарының және сәуір айында Бурабай ауданының Златаполье, Савинка ауылдары тұрғындарымен кездесіп, ономастика мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді, жергілікті халықтың сұрақтарына жауап берді.
Облыстағы ономастика жұмыстарын ұйымдастыруда туындайтын мәселелердің алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың мамыр айында ауданның, қаланың тілдерді дамыту және ономастика мәселелеріне жауапты бөлім басшылары мен мамандарымен әлеуметтік желіде онлайн жиналыс өткізген. Облыс тұрғындары арасында ономастика және тарихи жер-су атаулары туралы ақпаратты кеңінен тарату мақсатында 2023 жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 96 мақала жарияланыпты.
Алдағы уақытта да облыс аумағындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи атаулармен және ұлттық танымға жақын атаулармен қайта атау жұмыстары жалғаспақ.
Өңірде қазақ тілін еркін форматта үйрететін «TIL-KOKSHE», «Сөйле KZ», «Кел, қазақша сөйлейік!», «Қазақша сөйле!» клубтары жұмыс істейді. Аталған клубтарда 100-ден артық адам қазақ тілін үйренуде. Жуырда «Тілдесейік, достар!» атты қазақ тілін инновациялық әдістемемен үйрететін тағы бір клуб ашылды. Тұрғындардың тілдік мәдениетін арттыруға, ұлттық рухани жаңғыруды насихаттауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі.
Өңірде мемлекеттік тілді пайдалану және қолдану жөніндегі заңнамалық талаптарды түсіндіру мақсатында, облыс аумағындағы сауда орындарының, медициналық нысандардың, қонақ үйлер, шаштараздар, нотариустар, пошта сияқты қызмет көрсету және тағы басқа орындарының ішкі және сыртқы көрнекі ақпараттары зерделеніп, жеке кәсіпкерлерге көрнекі ақпараттарды орналастыру бойынша әдістемелік көмек тұрақты негізде көрсетіледі. Осы бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру мақсатында 2023 жылдың 4 қаңтарында «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңын орындау барысында көрнекі ақпарат және деректемелерге қатысты облыс бойынша 2023 жылға арналған жұмыс жоспары әзірленіп, бекітілді.
Аталған жұмыс жоспарына сәйкес көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілдің нормасына сәйкестендіру мақсатында облыс бойынша 1895 көрнекі ақпаратқа зерделеу жұмысы жүргізілді. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 1022 көрнекі құралда қателіктер анықталып, оның 735-іне ұсынымдар беріліп, түзету жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге заңнама талаптарын жан-жақты түсіндіріп ақпараттық сүйемелдеу бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында 87 мақала, әлеуметтік желілерде 311 ақпарат жарияланды. Көкшетау қаласында облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жеке кәсіпкерлерге «Қазақ тілінде қызмет көрсетемін!» атты кеңес өткізілді. Кеңеске Көкшетау, Степногорск, Қосшы қалалары мен аудандардың кәсіпкерлері қатысты. Жиында заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде, сыртқы көрнекі жарнамалар мен бақылау касса машиналарының функциялары бойынша кәсіпкерлерге кеңінен ақпарат берілді.
Көкшетау қаласының әкімдігінде «Мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің ахуалы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы мен Көкшетау қаласының әкімдігі бірлесе өткізген жиынға тіл жанашырлары және қала әкімі аппаратының дербес бөлімдерінің басшылары мен мамандары қатысты. Бурабай ауданында да осы бағыттағы семинар ұйымдастырылды. Туристік фирмалардың басшылары қатысқан кеңесте көрнекі ақпаратты ресімдеу, ақпараттарды орналастыру тәртібі талқыланып, жеке кәсіпкерлерге әдістемелік көмек көрсетілді. Нәтижесінде 900 жеке кәсіпкерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қызмет көрсету нысандарының 400 қызметкеріне орысша-қазақша тілашарлар таратылды.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалы 2022 жылғы 25 ақпанда Ақмола облыстық Әділет департаментінде тіркелді. Қоғамдық бірлестіктің филиалдары облыстың барлық аудандары мен 3 қаласында ашылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.