Азаттықтың тағдырлы да тартысты жолы

Тәуелсіздіктің қарсаңы мен үшін Кремльдің қарттары бірінен соң бірі кетіп, Михаил Горбачев билік басына келген 1985 жылдың сәуірінен бастау алады. Кремльдің қарттарынан әбден шаршаған жұртшылық жаңа басшыдан көп жаңалықтар күтті. «Перестройка» – қайта құру, «гласность» – жариялылық, сыртқы саясаттағы «новое мышление» – жаңаша ойлау секілді тезистер халықтың көңіліне жаққандай әсер қалдырушы еді. Советтік кезең тарихының көлеңкелі тұстары ой талқысына, тарих пен уақыт таразысына салынып, ресейлік тарихшы, 1990 жылдан бастап қоғам қайраткері ретінде таныла бастаған Юрий Афанасьевтің сыни мақалалары бүкілодақтық тарихи журналдар «Вопросы истории», « История  СССР»  беттерінде жарық көріп, Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін жаңа бітіріп, елге жұмысқа келген біздердің өткен тарихымыздың түйінді кезеңдеріне қатысты түсініктерімізге қатысты санамызда түбегейлі төңкерістердің басталуына түрткі болды. Қоғам өмірінің кереғар тұстарын көріп, оған тұщымды жауаптарды таба алмай жүргенде, елде жарияланған еркін пікірдің әралуандығы арқасында казармалық социализм кезеңіндегі қанқұйлы тоталитарлық режим символы – ГУЛАГ, күштеп ұжымдастыру, екінші дүниежүзілік соғыстағы КСРО, Сталин мен КСРО-ның осы алапат соғыстағы рөлі туралы жаңаша пайымдаулар да осы кезде пайда болды. КСРО-да ағылшын-американ тарихшыларының екінші дүниежүзілік соғыс туралы еңбектерімен танысу мүмкіндігі пайда болды. Жұрт коммунистік идеологиялық шектеулерден арыла бастады. Қазақ баспасөзі де осы кезде түрленіп, «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Өркен-Горизонт» секілді жаңа басылымдар пайда болып, «Білім және Еңбек» – «Зерде», «Лениншіл жас» – «Жас Алаш» болып өзгеріп, жазушы қауымының бас газеті – «Қазақ әдебиеті», қазақ журналдары «Жұлдыз», «Жалын»  беттерінде тіл, мәдениет, төл тарихымыздың түйінді кезеңдері, Алаш тұлғалары турасында толымды материалдар басыла бастады. Осы газет беттерінен бұрын оқулықтардан тек оларды буржуазияшыл ұлтшыл деп айыпталған тұлғалармен, олардың шығармашылығымен кеңінен танысып, апырай, ә, мына қазақта да небір дүлдүл азаматтар болған екен-ау, неге теріс оқытып келді екен деп қайран қалдық. Орталық теледидардың бірінші арнасында «Взгляд», Қазақстан телевизиясында Сағат Әшімбаев жүргізетін «Қарыз бен парыз» сияқты хабарлар жарыққа шығып, сол кезеңдегі халықтың саяси-мәдени ағартушылығына зор қызмет қылып тұрды.

Міне, осы  уақытта халықтың біразы, әсіресе, Брежневтің кеңқолтық заманында еркіндеу, үрей психологиясынан біршама алыстау өскен біздің ұрпақтың бойында (үлкендеріміздің «Үй артында кісі бар», «стены тоже имеют уши» дегеніне қарамастан) романтикалық ой-пікірлер өрістей бастады. Тілге, руханиятқа, Қазақстанда ұлттық рең алып тұрған ұлтаралық теңсіздікке, ұлттық белгісіне байланысты бейресми алалауға  байланысты қордаланып қалған мәселелерді неге көтермейміз деген ой жастар арасында тас-түйнек болып, бір бүйірімізде үнемі жатушы еді…

Сол уақытта дүрілдеп тұрған Көкшетауда 140 мыңға жуық тұрғынның тек әрбір жетіншісі ғана қазақ еді. Сол кездегі Көкше жұртшылығы өз жерлестері Еркін Әуелбеков, Кәкімбек Салықов, Мақтай Сағдиев сияқты ағаларымызды қайда жүрсек те, мақтан етуші едік. Әсіресе, Еркін ағамыздың 10 жыл бойына Көкшетауды басқарған кезінде өзі басқарып отырған  облыста әділеттілік орнатып, 1920-1930-шы жылдардың аштығынан, қазақтарды ерекше соғыс өртіне айдаған екінші дүниежүзілік соғыстан қатты сиреген, тың дүрбелеңінен соң үлесі тағы кеми түскен жергілікті қазақтың еңсесін көтеріп, санын көбейтіп, рухын көтере білгені жете сезіле бастаған болатын. Бес облыстың ішінде қазағының саны қоюлауы да жерінің көбі далалы болып келетін Торғайды қоспағанда, осы Көкшетау облысы еді. Оның сыры 1968-1978 жылдар аралығында Көкшетау облысындағы қазақ ауылдарының ірілерін жеке шаруашылық пен қайтадан ауылдық Кеңес орталықтарына айналдырғанының арқасы болатын. Халқы тұрақтап, қазақ ауылдары басқа селолық мекендермен терезесі тең мекендерге айналып, былайғы жұрт қатарлы тіршілік қылды. Тілін, мәдениетін сақтады, тіпті байқуатты өмір сүрді дей аламын. Әділдігін айтуымыз керек, ол уақытта қазіргідегідей әлеуметтік проблемалар ауыл халқының басында жоқ еді. Еркін Нұржанұлы халқына адал қызмет етуші, іскер, әрқашан қазақшылығы көрініп тұратын, намысты азамат ретінде республика жұртшылығына әбден танылған басшы ретінде белгілі болды. Сондықтан, қаһарлы Желтоқсан оқиғасы туған сәтте оның есімін елімізді басқарып, алып кететін тұлға ретінде алаңдағы жастар бәз-біреулердің әдейі ұйымдастырған нұсқауымен емес, өз қалауларымен айтқанына сенімдімін.

Жастар көбіне бізге, аға ұрпақ өкілдеріне былай деп сұрақ қояды: «Сіздер Қазақстан тәуелсіздігін армандадыңыздар ма? Сол үшін күрес жолына түсуді ойладыңыздар ма?» деп. Олай десем, шындыққа қайшы келер едім. Иә, ондай оқыс ой айтатындар әрине, болды. Бірде соңғы курс болуы керек, Көкшетау теміржолы вокзалында өзім көрген бір қазақ жігіті жолаушылар залында «Сендер немене, Совет үкіметіне сенесіңдер ме? Совет үкіметі деген бос қиял, блеф» деп сөйлеп тұрған жерінен милиция қызметкерлері «бұл ауру, псих» деп алып кеткені есімде қалыпты. Бұл шамасы 1984 жыл болса керек.

Біз Советтік жүйеде туып, тәрбиеленіп өстік, Қазақстан Ресейдің отары деген сөзді кезінде оқыған, санасы сергек, бұрынғы заманнан хабары бар, 1924 жылы туған әкелеріміз құралпы кісілерден кездейсоқ естігеніміз болмаса, дәл осындай диссиденттік ой-пікір айтып, Хасен Қожахмет сияқты кәдімгідей күрескен адамдар болғандығын көп кейін, тек Желтоқсан көтерілісінен соң ғана, олар еркін баспасөз бен теледидарға шыға бастағаннан кейін ғана біле бастадық. Біз советтік жүйенің әділдігіне, социализмнің артықшылығына кәміл сеніп өстік. КСРО біз үшін  Одақтың әнұранында айтылғандай, Мызғымас Одақтық мемлекет. Үш-төрт жыл ішінде осы алып-коллас мемлекет әлемнің саяси картасынан жоғалады деген болжамды КСРО-ға дос та, қас та елдер өңі түгілі қиялында да елестете алмады. Қазіргі жастар білуі керек, біз ол кезеңде еркін дүниеден оқшау темір шымылдықтың бер жағында өмір сүрдік, альтернативті пікірлер мен хабарлар бізге уақытылы жете бермеді. Қазіргідей кез келген адам шетелге қалауынша шыға алмады. Қалай дегенде де, елде үлкен өзгерістер болуға тиісті деген сана-сезім түйсігімізде болды. Бұл түптеп келгенде, десоветизация мен декомунизацияның бастамасы болатын. Өкінішке орай, бұл үдеріс посткеңестік елдерде әртүрлі деңгейде жүргізілді. Бір елдерде ол жалпыұлттық Саюдас сияқты қозғалыстарға ұласып, түбіріне жеткізіліп, Балтық елдеріндегідей –люстрациямен аяқталса, екінші бір елдерде ол үдеріс ұзаққа созылып, ақыры, іркіліп тынғанына куә болып отырмыз. Ресей мен Қазақстандағы демократиялық бұлқыныс әрекеттерінде  екінші тенденция басымдыққа ие болғандығы белгілі.Бұл елдердегі жап-жақсы басталған демократиялық үдерістер әуелі сиырқұйымшақтанып, ақыры, авторитарлық режимдердің ұзақ жылдарға орнығып алуы нәтижесінде қоғамдық қатынастарда, құқықтық-саяси жүйеде, әлеуметтік-экономикалық дамуда сапалық өзгерістер жүзеге аспай стагнацияға тіреліп, перманентті дағдарысты жағдайларды бастан кешіріп  жатқанын  көріп отырмыз.

КСРО сияқты алып-колластың құлауы ХХ ғасырдағы әлем архитектурасының ХХ ғасырдың өн бойындағы империялардың құлау, ыдырау үдерісі бәз біреулер айтып жүргендей субъективті себеппен болған ешқандай да геосаяси апат емес, керісінше, заңды үдеріс болатын. Әлемдегі КСРО-дан басқа империялық мемлекеттік құрылымдар түгелге жуық ыдырап болған еді. Тіпті, Чехословакия, Югославия сияқты конфедерациялық елдердің әрқайсысы жеке-жеке мемлекеттерге бөлініп кетті. Оның үстіне коммунистік-солшыл идеялардың тартымдылығы ХХ ғасырдың 50-60-ы жылдары Қытайдағы «мәдени революция» мен Кубадағы төңкерістен кейін құлдыраса, КСРО-ның Ауған соғысына килігуі, АҚШ бастаған Батыс елдерімен әскери бәсекеге түсуі жоспарлы социалистік экономиканың барлық мүмкіндік, потенциалын сарықты. Сауд Арабиясы бастаған мұнай өндіруші ОПЕК елдерінің мұнай өндіру көлемін күрт өсіруі бар тапқан-таянғанын әскери өндіріске жұмсап, қазба байлықтарды есепсіз игеріп, пайда тауып отырған КСРО-ның қаржы-экономикалық жағдайын бірден дағдарысқа түсірді. Мұнайдың бір баррелінің  құны 1986 жылы 10 $ дейін құлдырап кетті. Басқаша айтқанда, КСРО-ның жоспарлы экономикасы Батыстың нарықтық экономикасымен бәсекелестікке төтеп бере алмады. КСРО-ның біртұтас мемлекет, қоғамдық-экономикалық, саяси модель ретіндегі тұйыққа тірелуінің көпфакторлы себептері болды дей аламыз. Мұнда бірінші кезекте субъективті себептерге қарағанда заңды, болмай қоймайтын объективті себептер жетекші рөл атқарды деп санаймын.

Поляк текті америкалық советолог, әйгілі Збигнев Бзежинский «зұлымдық империясы» деп атаған КСРО ақыры, 1991 жылдың 8-9 желтоқсан күндері Беларуссияның Беловежь нуындағы Вискули резиденциясында өзінің өмір сүруін тоқтатты. Ол туралы хабарды ең алдымен ТМД-нің құрылтайшылары АҚШ Президенті Дж.Бушқа хабарлады.  Ново-Огарева келісім-шарты негізінде жаңартылған КСРО-да жаңа қызметтен үміті зор болған сол кездегі Қазақстан Республикасының басшысы аса сақтық танытып, бұл жиынға келмей қалған болатын. Тамыз бүлігінен кейін, бұрынғы КСРО-ны енді сақтап тұруға болмайтын еді. КСРО Президенті М.Горбачев осы оқиғадан кейін саяси беделі күрт құлдырап, «ақсақ үйрекке» айналды дей аламыз. Одақтық республикалардың Орталыққа деген сеніміне үлкен селкеу түсті. Бұл уақытта Ресей Федерациясының Президенті Б.Ельцин айтқандай, «суверенитеттер парады» орын алып, Одақтық Республикаларда саяси-экономикалық егемендіктің заңдық негіздері қаланып қойған болатын. Орталықтың тағайындаған хатшысы Г.Колбин Қазақстанға ұзақ тұрақтай алмады 1989 жылдан Қазақстан Компартиясының  бірінші хатшысы болып Н.Назарбаев сайланды. Елдің саяси жүйесінде үлкен өзгерістер басталып, коммунистер реалды билік тетіктерінен айрыла бастаған тұста бірінші хатшы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі депутаттарының сайлауымен Қазақстан Республикасының Президенті лауазымын иеленді.

Сол кезеңдегі көптеген Н.Назарбаевқа жақын жүрген адамдардың  естеліктеріне қарағанда, ол бар болғаны партиялық номенклатурадан шыққан партиялық функционер, Қазақстанды егеменді ел етемін деген ойы, мақсаты болмаған партиялық лауазым иесі ғана  болатын. Бұндай көңіл-күй жалғыз Н.Назарбаевқа ғана емес, барлық сол кезеңдегі партиялық-номенклатуралық элитаға тән сипат болатын. Демек, Қазақстанның тәуелсіздігі қарсаңында 70 жыл бойына қазақстандық басқарушы элитаны әбден маргиналдандыру салдарынан олардың арасынан Қазақ Елінің азаттығын аңсаған адамдарды кездестіру қиын еді. Бірақ, оның есесіне қазақтың алдыңғы қатарлы интеллектуалды интеллегенциясы арасында Желтоқсан көтерілісінен кейін аса ширыққан Салық Зиманов, Жабайхан Әбділдин, Манаш Қозыбаев, Сұлтан Сартаев сияқты азаматтардан құралған интеллектуалды топ пайда болды. Бұл топты тек тамаша білімді ғана емес, әрқайсысысы бір-бір елге басшы болатындай қасиетке ие бұған дейін қазақтың саяси тарихындағы Алаш үкіметінің құрамымен ғана салыстыруға болатындай саяси тұлғалар құрады. Бұл демократиялық жолмен Жоғарғы Кеңеске сайланған депутаттар өздерінің іс-қимылымен, жанкештілігімен кешегі Алаш арыстарының нағыз саяси мұрагерлері екендігін көрсете білді. 1990 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларациясы» Қазақстанның жаңа тарихындағы ең үздік тарихи құжат деп білуіміз керек. Ол құжаттың әрбір бабын сол кезде жасы біразға келген Салық Зиманов аяқтан сағаттап тұрып, түрлі шевонистік ой-пиғылдарғы оппоненттерден қорғап алып шығуы азаматтық ерлігі болатын. Ол кездегі Парламент мәжілістерінің негізгі отырыстарынан теледидар арқылы тура хабарлар жиі беріліп тұрғандықтан, көптеген тарихи оқиғалар көз алдымыздан өтті. Депутаттардың содан кейінгі күш салған құжаты, ол «Қазақстан Республиксының тәуелсіздігі туралы Декларациясы». КСРО тарқап кеткенде Қазақстан сегіз күн бойында құлаған КСРО жұртында қала берді. Тамыз бүлігінен кейін жаз бен күзде Қазақстаннан басқа барлық республикалар өз тәуелсіздіктерін жариялап жіберді. Бұл уақытта Сәбетқазы Ақатаев, Батырхан Дәрімбет, Жасарал Қуанышалин сияқты «Азат» жалпыұлттық азат қозғалысы өкілдері, Хасен Қожахмет бастаған «Желтоқсан» ұлттық-демократиялық партиясы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауды талап етіп, Жоғарғы Кеңес алдында мыңдаған адам жиналған митингтер өткізіп жатты. Партиялық номенклатуралық ортадан шықса да, еліміздегі ұлттық-демократиялық қозғалыстың көшбасшыларының бірі, Жоғарғы Кеңестің төрағасы Серікболсын Әбділдин 9 желтоқсанда алаңға жиылған жұртқа Парламентте жаңа ғана қабылданған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы Декларациясын» алып шығып, жария етті. Бұл тарихи сәт 1847 жылы Кенесары хан өлімінен кейін, Ресей бодандығына түсіп, ел, халық ретінде жойылып кете жаздаған халықтың тәуелсіздікке қолы жетіп, ғасырлық арманы орындалған Ұлы күні болатын.

Содан бері Қазақстан қилы жолдардан өтті, егеменді Ел ретінде тәуелсіз елдің барлық рәміз белгілеріне ие болды. Сол жолда жоғалтқаны да, өкінішті жағдайлары да көп. Екі жүз жылдық бодандықтан жаурап қалған туған халқымызды қазіргі заманғы салиқалы ұлттардың дәрежесіне көтеру үшін әлі деп көп жұмыс істеуімізге тура келеді. Өсетін Ел боламыз десек, таяу тарихымыздан сабақ ала білуіміз қажет. Тәуелсіздігімізге 33 жыл толған шақта халықаралық геосаяси жағдайдың күрделенуі, бұрынғы метрополияда реваншистік, имперлік пиғылдардың қайта өрістеуі тәуелсіздігімізді бекемдей түсетін, рухымызды бекіте түсетін іс-шараларды жеделдете жүзеге асыруды талап етеді.

Қазақ ол еркіндіктің, демократияның символы, ғасырлар бойы текті халық болып қалыптасып, ұлан-ғайыр жерге иелік еткен қазақ халқы алдағы уақытта тек ғылым мен білімді қару қылған, өзінің ер жауынгер халық екенін ұмытпаған өр халық ретінде әлем елдерінің беделді бір мүшесі болатынына кәміл сенемін!

Ғалымтай ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің лекторы, тарихшы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар